Осынау ер мінезді әйел басқаратын ұжым Кеңтарлау ауылынан Боғасқа дейінгі 161 шақырым жолды күтіп-ұстап, жаздың аптабы, қыстың қақаған аязы мен ат құлағы көрінбес ақтүтек боранында қардан тазалайды. Жазда желі, қыста бораны тынбастан соғатын атақты Байбура асуы арқылы жүретін жолаушылардың қауіпсіздігіне де осы кісі жауапты.
Таксистердің «қазгидрометі»
Бүгінде жасы алпысқа қараған кейіпкеріміз ешқашан бастықпын деп басын көкке көтеріп, кабинетінде омалып отырған емес. Қашан көрсең жол бойында, қашан көрсең жұмысшыларымен бірге ақ қар, көк мұзда қарға батқан, аяз қарыған жолаушылардың қасынан табылады. Таксистердің «қазгидрометі» де осы кісі. Олар жолға шығар алдында ең әуелі Гүлдерайға телефон шалып, мән-жайды біледі. Жоғарыда айттық қой, «таксистердің барлығын таниды, тіпті көліктерінің нөмірлеріне дейін жатқа біледі» деп. Иә, дәл солай. «Зайсанның таксистерінің көбі «Тойота» мен «Камримен», Тұғылдың таксистері негізінен «Фольсфаген» мен «Гранта», арасында «Камри» де бар, ал Ақжардың жігіттері «Камри» мен «Грантамен» жүреді. Таксистердің бәрімен доспын десем артық айтпаған болармын. 8 наурыз мейрамында ғана емес, басқа да мерекелерде гүлдерін әкеп, құттықтап жатады. Өткен жылы Жаңа жылда Зайсанның таксистері «Әйел бақыты» деген гүлді сыйға тартты. «Семей – Зайсан», «Зайсан – Өскемен», «Зайсан – Астана» бағыттарында жүретін автобус шопырларының да барлығын танимын. Біз үшін ең қиын, ең ауыр мезгіл – қыс уақыты. Қандай жағдай болсын жолаушыларды далада қалдырмауға тырысамыз. Ең болмағанда жылы жерге жеткізіп, ыстық тамағын береміз. Жолаушылар 24 сағат тыным таппаймыз. Кейде түнгі сағат үште, төртте, бесте қоңыраулатып жатады», – дейді Г.Мұхамадиева.
Әр қыстың өзіндік қиындығы, өзіндік бейнеті бар десек те, 2001, 2010 және 2015 жылдардағы қыс жолшы әйелдің есінен кетпейді. Әсіресе 2015 жылдың 24 желтоқсанынан 2016 жылдың 16 қаңтарына дейін, яғни 20 күнге жуық тоқтаусыз, төпелей жауған қасат қарды, бөрідей ұлыған боранды қалайша ұмытсын?! «Көліктер тек тапталған жалғыз жолмен керуен болып, бірінің артынан бірі жүріп отырды. 400-500 машинаны өзіміз бастап барып, өзіміз қайта әкеліп жүрдік. Күндіз-түні қызмет көрсеттік. Сол кездері түнгі сағат 2-де 40 минут далада жалғыз қалғаным бар. Әуелі қар аршығыш шнекоротормен жолды тазалап автобустарды алға жібердік. Одан кейін тоғыз жеңіл машинаны де жолға салдық. Ең соңында тұрған көлікте жалғыз отырған жігітке: «мені күт, кетіп қалма» деп ескерттім де, машинасын итеріп жібердім. Қызық болғанда әлгі жігітім алды-артына қарамай бір-ақ тартсын. Қуып жетейін десем, 7 шақырымдай жер. Ақыры Көкпектіге қарай кеткен шнекоротордың ізіне түсуге тура келді. Дала ақтүтек боран. Түк көрінбейді. Әйтеуір колеядан шықпайын деп аяғымен қарды тепкілеп отырып, қуып жеттім. 2 шақырымдай жүріппін. Жетуін жетіп есігін тарсылдатсам ашпайды. Бір заманда ашты-ау әйтеуір. Шнекоротордың шопыры мені көріп: «Апай, қайдан жүрсіз?!» деп шалқасынан түсе жаздады. Несін айтасың, талай қызық бастан өтті ғой», деп еске алады әңгімелесушіміз сол бір қаһарлы қысты.
Қызық демекші, 2012 жылдың қысында мынадай қызық болыпты. Әдеттегідей қатты боран. 30 градус аяз. Боранның екпіні, қардың қалыңдығы сонша ақ ұлпа 40 минутта «КамАЗ»-дың терезесіне дейін жетіпті. Ойында ештеңе жоқ кейіпкеріміз «УАЗ» машинасынан түседі де қарға көміле бастаған «КамАЗ»-дардың жанына кеп, шопырларына «сәл шыдаңдар, қазір қар тазалайтын шнекоротор келеді» демей ме? Осыны айтып, «УАЗ» машинасына келсе ішіне бір емес, тоғыз адам кіріп алыпты. Онымен қоймай: «Сіз кімсіз? Көрмейсіз бе? Орын жоқ» деп ренжіпті жылы жерге жайғасып алған бір әйел.
Қанша адамды қар құрсауынан құтқарды?
«40 жыл аз уақыт емес қой. Осы уақыт мұғдарында қанша адамды қар құрсауынан құтқардым деп ойлайсыз?» деп сұрадық. «Талай адамға көмектестік қой. Ризашылығын айтып, шын пейілмен үйлеріне қонаққа шақырып жатады. «Кейде ойлаймын, сол кісілердің бәрін араласам 5-6 жыл үйде қонбайтын шығармын» деп (күледі). Мәселен, 2015 жылы бір күнде 6 автобус тоқтап тұрды. Әрқайсысында 30 адамнан. Бұған тоғыз жеңіл көлікті қосыңыз. Мұндай сәттер кейде күніне екі рет болады. Ондай кезде қанша адамды құтқардым демейсің, тек жолаушыларға көмектесуді, тезірек қар құрсауынан шығаруды ғана ойлайсың. Енді шамамен, ой мөлшермен 8-9 мың адамға жәрдемдескен шығармын деп топшылаймын», деп қысқа қайырды.
Көліктерді қар құрсауынан құтқаратын Гүлдерай Мұхамадиева кез келген техниканың да тілін біледі. Үйде омалып отыра алмайтынын, далада, таза ауада жүргенді тәуір көретінін, көлікпен күніне 700 шақырымға дейін жүре алатынын айтады. Көлікті де талғамайды. «КамАЗға» да, шнекороторға да, «К-700»-ге де отырып жүре береді.
Тәулік бойы тыным таппайтын кейіпкеріміз төрт ауданның таксистерін ғана емес, өзіне қарасты жол аумағындағы аң-құстардың түр-түсін, санын да жатқа біледі. «Ара-тұра бұланды көріп қаламыз. Қазір Байбураның ішінде үш арқар жүр. Еліктер Боғас жақта. Олардың қай уақытта суатқа келетініне дейін білемін. Қарсақ пен қояндарды да жиі кездестіремін. Аң шіркін табиғаттың көркі ғой. Кейбір жолаушылар жол бойындағы аң, құс мүсіндерін, басқа да ескерткіштер мен жол белгілерін атып, бастарын жұлып кетеді. Оны жай адамдар істемейді, мықтылар істейді. Мұны жазбай-ақ қойыңыз. Жол үстіне қоқыс тастап кететін адамдар да бар. Ертеңінде сол қоқыс жол тазалайтын көліктердің құрылғыларын зақымдап жатады», деп төрт аяқтылардан бастаған әңгімесін саналы екі аяқтылардың санасыз әрекеттеріне кіжінумен түйіндеген.
Бұл кісіні таксистердің бәрі біледі дедік қой. Бұған ешқандай күмәніміз болмаса да телефон арқылы бір-екі таксиспен сөйлестік. Зайсан мен Өскеменнің арасында жүретін такси Дайырбек Қанапиянов жолшы әйелді 15 жылдан бері таниды екен. «Мұндай адамдар кемде-кем. Жүз жылда бір туа ма, тумай ма? Ол кісінің жақсылығын айтып тауыса алмаспыз. Тарбағатай, Зайсанның таксистерінің кез келгенінен сұра. Бәрі айтып береді. Жауын-шашында, ақ түтек боранда тракторда да, грейдерде де өзі отырады. Әркез жұмысшыларымен бірге жүреді. Әй, ер адамдардың өзі бүйтіп жүре алмайтын шығар. Қолдан келген көмегін аямайды. Үнемі телефон соғып отырамыз. Бізден сұрайды: «Жолдың ана бөлігінде не боп жатыр? Мына бөлігінде не боп жатыр?» деп. Бәрін айтып береміз. Келгенде трактор жұмыс істеп жатады. Ол кісіге қатысты жол аумағы қашан көрсең ашық әрі таза болып тұрады», дейді ол.
20 жылдан бері Семей қаласы мен Көкпекті ауданы арасында жүретін Талғат Әбикенов те ағынан жарыла лебізін білдірді. «Өз жұмысын өте жақсы біледі. Және үлкен жауапкершілікпен қарайды. Түнде болса да өзі жүреді. Бұл кісінің техникалары күндіз-түні бір тыным таппайды. Жолдың қиыншылығын ұмыттық десек те болады. «Қай жерде қар бар, қай жерде мұз бар?» деп бізден бәрін тәптіштеп сұрап отырады. Өте ризамыз. Гүлдерай Мұхамадиеваны жұрттың бәрі сыйлайды, құрметтейді. Басқа ауданның таксисші жігіттері «біздегі жолдың бастықтары да осындай болса ғой» деп армандап отырады. Таксистер қолымыз қалт еткенде жылына бір мәрте бас қосып, жиналатынымыз бар. Сондай кезде Гүлдерай апайымызды міндетті түрде шақырып, алғысымызды айтамыз. Ол кісісіз біздің жұмысымыз жүрмейді. Сондықтан әлі де еңбек етіп жүре берсе дейміз», дейді көкпектілік таксист.
P.S. Мақаланы редакцияға жіберер алдында бір деректі анықтайын деп телефон шалдым. Сөз арасында өзі туралы бірнеше таксиспен сөйлескенімді жеткізіп: «Зайсандағы Дайырбек аға мен Көкпектідегі Талғат Әбикенов сізге сәлем айтты», дедім. «А-а, Дайырбек пе, онда 292 нөмірлі «Камри». Талғат 115 нөмірлі «Грантамен» жүреді» деді жай ғана.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы