Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Қарағанды облыстары – Қазақстандағы ең ірі холдингтердің бірі Еуразиялық топ қызмет ететін өңірлер. Жыл сайын осы облыстарды дамыту үшін ERG миллиардтаған теңге бөледі. Соңғы бес жылда ERG Қазақстанда қайырымдылық пен демеушілікке 71 миллиард теңге жұмсады. Дегенмен, «Туған жер» бағдарламасы тек демеушілік көмекпен ғана шектеліп қоймайды, оның ауқымы әлдеқайда кең.
Бағдарлама аясында компания қызмет ететін аймақтарда әлеуметтік маңызы бар жобалардың дамуына қолдау көрсетеді әрі ынталандырады. Биыл Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарының басшыларымен меморандумдарға қол қойылды және олардың әрқайсысы қолдаудың маңызды бағыттарын айқындады.
Маңызы ерекше жол
Ақтөбе облысында 2018 жылы ERG тарапынан әлеуметтік маңызды жобаларды қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есе дерлік артып, 2 млрд теңгені құрайды. Аймақтық, тіпті республикалық маңызы бар ауқымды жобалардың бірі – Жіңішке стансасының маңындағы жол торабының құрылысы.
– Төртінші балқыту цехының, жаңа зауыттың құрылысына және өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты зауытта темір жолдарды кеңейту жобасы болды. Сәйкесінше ескі зауытта 5 шақырым темір жол салынған еді. Жіңішке стансасынан қабылдау-жөнелту жолы біреу ғана болғандықтан, жұмысты жылдамдату үшін екінші жол салу туралы шешім қабылданды», – деді темір жол цехының бастығы Нұрболат Ахметов, – Сондай-ақ жұмысты жеделдету үшін, кейінірек облыс басшылығы темір жол арқылы жол өткелдерін салу туралы шешім қабылдады, ол бізді Жіңішке стансасымен байланыстырады. Бұл жол өткелдері Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Жіңішке стансасы арасындағы технологиялық үдерісті жеделдетуді қамтамасыз етеді.
Көптеген пікірталастар мен жоспарлардан кейін, ERG қаржылай қолдауының арқасында 2017 жылдың көктемінде жол өткелдерінің құрылысы басталды. Жобаны ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда.
– Жол өткелі басып өтетін тас жол – халықаралық маңызы бар бағыт. Ал осы жол өткелінің салынуы көліктердің жолдан өтуін жеңілдетеді. Бұл өткелде ендігәрі кептеліс болмайды, себебі көліктер ағыны үлкен және Жіңішке стансасында вагондарды шығарған кезде өткел жабылады – деген Нұрболат Ахметов Ақтөбе қаласының тұрғыны ретінде қуанышын жасырмады.
Бұдан бөлек, биыл ERG қаржысына Хромтаудағы орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізіледі. Еуразиялық топтың ресурстарына салынған стадион және сауықтыру-дене шынықтыру кешені бүкіл қаланың саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығына айналды. Хромтау жастары енді кафелерде уақыт өткізудің орнына, тренажер залына баруды жөн санайды.
– Стадион қаланың жүрегі тәрізді, кешқұрым көптеген қарапайым адамдар, спортшылар жиналады. Менің ойымша бұл істе Еуразиялық Топ көп еңбек сіңірді. Ашылғанына биыл 17 жыл толатын сауықтыру кешеніне шынында да жастар өте көп келеді. Адамдар мұнда спортзалға барып, бассейнге түседі. Сауықтыру-дене шынықтыру кешеніне Хромтау қаласының барлық тұрғындары келе алады, балаларға ақысыз, Дөң ТКБК қызметкерлері үшін барлығы тегін, – деп СДШ әдіскері Елена Митрофанова өз жерлестерінің қуанышымен бөлісті.
Сондай-ақ Дөң ТКБК, Ақтөбе және Хромтаудағы мәдениет үйлерін, спорттық және сауықтыру кешендерін, мәдениет нысандары мен аймақтағы басқа да маңызды жобаларды мамандармен қамтамасыз етуші Хромтау кен техникалық колледжіне қолдау көрсету дәстүрін Еуразиялық Топ жалғастыруда. Ақтөбеде жаяу жүргіншілер жолдары мен көлік жолдарына асфальт төсеу, аулаларды абаттандыру, спорттық және ойын алаңдарын орнату және Хромтаудағы орталық саябақты қайта салу үшін биыл қаражат бөлінеді.
– Біздің қызметкерлеріміздің бастамасы бойынша Ақтөбе облысының тұрғындарына жайлы жағдай жасауға және өмірлерін жақсартуға бағытталған көптеген жобалар меморандумға енгізілгеніне өте қуаныштымыз. Өйткені олар осында тұрады және Ақтөбе мен Хромтауға өз туған жері ретінде қарайды, – деп атап өтті ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Кешегіге құрмет, келешекке қамқорлық
Павлодар түсті металлургия колледжінің студенттері оқу жылын қуанышты оқиғамен бастады. Студенттер Еуразиялық Топтың қатысуымен салынған жаңа жатақханаға қоныстанды.
Балқытылған тұздар электролизінің болашақ маманы, 3-курс студенті Естан Нұржанов Павлодарға Шарбақты ауданынан келіпті.
– Екі жылдан бері пәтер жалдап тұруыма тура келген еді, сол себепті жатақхана салынғанына өте қуаныштымын. Тұрмысқа өте қолайлы, жайлы, ыңғайлы. Қазіргі уақытта дуальды оқыту аясында Қазақстан электролиз зауытында технологиялық тәжірибеден өтіп жүрмін, онда маған 50 мың теңге жалақы төлейді. Диплом алғаннан кейін зауытта жұмысқа қалуды мақсат етіп отырмын, – деп өмірлік жоспарымен бөлісті Естан.
Әкімдікпен арадағы меморандум аясында 2018 жылғы қаржыландыру үй шаруашылықтарын жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады, мысалы, білім беру мен спорт ұйымдарын, медициналық мекемелерді, мәдени нысандарды күрделі жөндеу және жабдықтауға бағытталады.
– «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Елбасы мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін белсенді түрде шешу қажеттігін атап өтті. Еуразиялық Топ ERG кәсіпорындары орналасқан аймақтардың әкімдіктерімен бірге осы бағытта тығыз жұмыс істеп келеді, – деп атап көрсетті ERG директорлар кеңесінің төрағасы ERG Александр Машкевич.
Ұзақ мерзімді серіктестік арқасында жергілікті әкімдіктер мен Еуразиялық Топ бірлесе отырып ресурстарды тиімді және тұрғындарға барынша ұтымды пайдалануды үйренді. Әрине, бірінші кезекте жастар – облыстың болашағы және қарттар мен мүгедектер – халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қамқорлық көрсету тұр.
Павлодар қаласының қоғамдық кеңесінің хатшысы Тельман Айтқазин көп уақытын Еуразиялық топ сатып алып, Павлодар облысына сыйға тартқан қарттар мен зағип жандарды оңалтуға арналған «Ардагерлер үйінде» өткізеді.
– Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа аға ұрпаққа қамқорлық пен көңіл бөлгені үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. ERG жаңа ғимаратты сатып алғаннан кейін облыс әкімі осы ғимаратты жөндеуге қосымша қаражат тапты. Бізде қосымша су процедуралары, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы армандаған мәжіліс залы да пайда болды, барлығы 2018 жылдың наурызында жұмыс істей бастады. Бұл мүгедектерге және жыл сайынғы сауықтырудан өтетін зейнеткерлерге зор қолдау, – дейді Тельман Айтқазыұлы.
Еуразиялық топ Павлодар облысының дамуына 2018 жылы рекордтық 3,7 млрд теңге бөледі. Бұл қаражат Павлодар трамвай басқармасына қолдау көрсетуге, Ақсу қаласындағы орталық жағалауды қайта құруды жалғастыруға және Павлодардағы мұзайдынына жұмсалады. Дәстүрлі түрде аймақтағы футбол және волейболды дамытуға, сондай-ақ ERG қызметкерлері үшін жол құрылысы, инфрақұрылым, ауруханаларды жөндеу, мектептерді қаржыландыру, балабақшалар мен ойын алаңдарын орнату, басқа да спорттық нысандар сияқты маңызды жобаларға қаржылық қолдау көрсетіледі.
Адамдар мен технологияларды өркендету
Бақытты жұмысшы – тиімді жұмысшы. Еуразиялық топтың басшылығы осы қағиданы ұстана отырып қызметкерлерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Холдинг спорт, демалыс және мәдени даму үшін жағдай жасау жақсы екенін біледі, бірақ бәрінің басты және негізгі қажеттілігі – баспанасының болуы. Қостанай облысының Рудный қаласында 2017 жылы «ССКӨБ» АҚ-тың ондаған қызметкерлері қоныс тойын тойлады.
Солардың бірі – «ССКӨБ» АҚ Жол шаруашылығы және құрылыстар басқармасының ДОБ кеңейтілген учаскесінің байланыс шебері Нұрлан Дүйсембаев. Оның басты арманы 2017 жылдың қыркүйегінде орындалды – отбасымен жаңа 3 бөлмелі пәтерге көшіп, өздерінің 75 шаршы метрлеріне ие болды.
– Жұбайым екеуміз сыйлыққа ризамыз, біз ата-анамызбен бірге тұратын едік. Жаңа үйге көшкеннен кейін өзіміздің жайлы «ұямызды» өз бетімізше жабдықтай бастадық. Алғаш рет жаңа 2018 жылды өз пәтерімізде қарсы алдық. Бұл қайырымды бастаманы, яғни үй құрылысын Еуразиялық топ жүзеге асырды. Пәтерлер үлкен, кең және ыңғайлы, әрі үйдің сыртқы көрінісі мен абаттандырылуы да тамаша. Ауладағы балаларға арналған алаңқай мен спорт алаңдары балалар мен аналары үшін сүйікті демалыс орнына айналды, – деп қуанышымен бөлісті Нұрлан.
ERG Қостанай облысының дамуына әрдайым ерекше көңіл бөледі, мұнда ERG кәсіпорындары – «ССКӨБ» АҚ және «Қазақстан алюминийі» АҚ өндіріс орындары орналасқан. Облыстың маңызды әлеуметтік жобаларына 2018 жылдың меморандумына сәйкес аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымына 2,6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады.
Биыл ERG II Инноваторлар форумының аясында қызметкерлер көтерген қаладағы түйткілді мәселелерді шешу жобалары іске асырылатын болады. Осы 2018 жылғы меморандумда Рудныйдағы қалдық суды тазарту қондырғысынан шығатын жағымсыз иісті цеолит арқылы бейтараптандыру, «Инновациялық аула» және «Зеңгір жағалау» қалалық жағажайды абаттандыру жобалары кірді.
– Еуразиялық топтың кәсіпорындары біздің қалаларымыздың тұрғындарына бұрыннан коммуналдық қызмет көрсетеді, – деп атап өтті ERG S.a.r.l. бас атқарушы директордың бірінші орынбасары Алдияр Қазтаев. – Бұл коммуналдық төлемдердің бір бөлігі ғана екенін түсінеміз, бірақ бізге қатысты коммуналдық шоттар тұтынушыларға ауыртпалық жүктемеуі үшін барымызды саламыз.
Оның айтуынша ERG кәсіпорындарының коммуналдық қызметтер көрсетуінің тарихи тұрғыдан алғанда қаржылай шығыны көп. Тек соңғы 4 жылда 6 миллиардтан астам теңгені құраған шығындарды тарифтердің бірнеше мәрте өсуіне жол бермеу үшін кәсіпорындар «өздеріне алып» отыр. Бұдан бөлек, Еуразиялық топ екінші жыл қатарынан Рудный қаласы мен Қашар ауылын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етті. ССКӨБ 2018 жыл ішінде өз қаражатынан 800 млн теңгені Рудный және Қашар елді мекендерінің тұтынушыларына жылу энергиясын өндіру, беру және жеткізу қызметтерін үздіксіз және жоғары сапалы қамтамасыз етуге жұмсады, әрі ол соманы тарифтер арқылы қайтарып алмайды.
Айтпақшы, бүгінгі күні Қашар – ERG кәсіпорындарының өзіндік «Инновациялық орталығы». «ССКӨБ» АҚ Қашар кенішін басқару базасында «ақылды карьер» жұмыс істейді.
– «Ақылды карьерді» іске қосу – бұл технологиялық процесті азайту және оңтайландыру есебінен шығындарды азайту және кен техникасының өнімділігін 10 пайызға арттыру құралы. Бұл тек онлайн режіміндегі суреттер ғана емес, қызметкерлердің жұмысын реттеу бойынша негізді, әрі дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беретін цифрлы көрсеткіштер, – дейді «ССКӨБ» АҚ Қашар КБ кәсіпорны өндіріс директорының орынбасары қызметін атқарушы Александр Мальцев.
Ақылды жүйе автотүсіргілер, экскаваторлар және басқа да жылжымалы нысандардың жұмысына қашықтан диагностика жасайды, содан кейін бөлімнің техникалық қызметтерін карьердегі барлық жабдықтардың жұмыс істеуі туралы мәліметтерді уақытында талдай алады және қажет болған жағдайда ауыстырады. Қашар алаңынан кейін жүйе Соколов-Сарыбай және Қоржынкөл карьерлерін қамтиды.
Қостанай облысы әкімдігімен арадағы меморандумдар шеңберінде тұтастай алғанда, Еуразиялық топ осы жылдары шамамен 6 млрд теңге инвестиция салды. Бұл Қостанай мен Рудныйдағы үйлерді жөндеу, Лисаковтегі көшелерді абаттандыру, Қостанай облысының Октябрь ауылында балалар ойын алаңын орнату, ауруханаларға арналған жабдықтар сатып алу, облыстың мектептері мен мәдениет үйлерін жөндеу сияқты әлеуметтік жобалар.
Көптеген жылдар бойы Еуразиялық топ үшін өз қызметкерлерінің туған жерлеріне қолдау көрсету ең маңызды басым бағыт болып келеді. Компания басшылығы тұрғындардың өмір сүру жағдайына ерекше көңіл бөлу – қызмет ету аймақтарындағы тұрақтылық пен қызметкерлер көңілінің жайлылығы арқылы қайтып келетін ең тиімді инвестициялардың бірі деп сенеді.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»