Аймақтар • 13 Наурыз, 2018

Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты кітабының тұсауы кесілді

2389 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында белгілі қаламгер Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты жаңа кітабы оқырман қауымға таныстырылды. Бір қызығы, оқиғасы өмірден алын­ған бұл шығарманың кейіпкерлері, олардың ұрпақ­тары да осы салтанатты жиынға қатысып, естеліктерімен бөлісті.

Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты кітабының тұсауы кесілді

Фото: Айнабек САҒЫНТАЙҰЛЫ

Қадыр Мырза Әли атын­дағы мәдениет және өнер орталығында өткен әдебиет кешіне халық көп жиналды. Кітапқа арқау болған Сақыпжамал, Сақып, Ділдә есімді үш абысынның талайлы тағдыры, басынан кешкен шым-шытырық оқиға­лар ХХ ғасырдағы қазақ халқының ажырамас бір тарихы десе де болғандай. Айрандай ұйы­ған қазақы ауылдың береке­сін кетірген Кеңес өкіметі, байларды тәркілеу, аштық, ұрыс даласын ғана емес, қазақ сахарасын да өртеп өткен соғыс, ең соңында 1952 жылы Капустин Яр полигоны ашылғанда атамекен – Құм Нарыннан күшпен көші­ріліп, босқын болған бөкейліктер... – осының бәрі жаңа шығармада көрініс тапқан.

– Хайролла қарттың отбасы, аңыз болған үш абысын туралы әңгімені осы әулет­тің келіні Рыстыдан жиі ес­титінмін. Өз анасы емес, қайын жұртын, енелерін осын­шалық дәріптеп, құлай сүй­ген келіннің қылығына сүйсінсем, тарихына қанық бол­ған соң қиын кезде қа­сие­тін жоғалтпаған қазақ әйел­дерінің мінезіне тәнті бол­дым. Ұрпақтары тарапынан осы бір шерлі шежірені, ұлағат­ты үйлесімді қағаз бетіне тү­­сі­руге ұсыныс түскенде, қуа­на келістім. Көркем дүние бол­ғасын, әрине, кейбір жерін әрлеуге тура келді, бірақ не­гіз­гі желіден ұзаған жоқпын, – дейді кітап авторы.

Дариға Мұштанова – айтыс өнерін жаңғыртуға атсалысқан ақын, «Адамның жаны – бір жұмбақ», «Өмір-арна», «Қос қанат» жыр жинақтарының авторы. Біраз жыл ұстаздықпен айналысып, Қазақстан білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ыбырай Алтынсарин меда­лінің иегері атанған. Әріптесінің жаңа ш­ығар­масының бағасын беруге осы ке­шке ақын Шолпан Қыдырниязова, өлке­т­ану­шы, ардагер журналист Тихон Әліп­­қали, Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшелері Амангелді Шахин мен Ғайса Ғали Сейтақ бұл еңбектің құнды­лы­ғы мен қызықты тұстарын жарыса әңгімеледі.

– Кітаптың оқиға желісі, сюжеттердің шымырлығы, әсерлі сәттердің молдығы бұл шығарманы экранға немесе театр сахнасына шақырып тұрғандай, – дейді Тихон Әліпқали.

Шығармада көтерілген адамгершілік құндылықтар жас ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етіп, рухани жаңғыруға да сеп бо­ла­тынын Батыс Қазақстан облыс­тық мәдениет, архивтер және құжат­тама ба­сқар­масы­ның басшысы Қадыр­болат Мұсағалиев те баса айтты. Х.Бөкеева атын­дағы об­лыс­тық қазақ драма театры­ның актрисасы, Мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатованың кештің шырайын кіргізе жүргізуі өте әсерлі болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Орал