Аймақтар • 13 Наурыз, 2018

Еуразиялық топтан 2018-2019 жылдары Павлодардың дамуына 3,7 млрд теңге бөлінеді

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігі мен «ERG» компаниялар тобы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. ERG компаниялар тобы мен облыс әкімдігі арасындағы келісімге сай Еуразиялық топтан 2018-2019 жылдары өңірдің дамуына 3,7 млрд теңге қаражат бөлінеді.

Еуразиялық топтан 2018-2019 жылдары Павлодардың дамуына 3,7 млрд теңге бөлінеді

Бұл қаржы облыс орталығында, Екібастұз және Ақсу қалаларында инженерлік-коммуникациялық жүйелер тартуға, облыс орталығындағы «Трамвай басқармасы» АҚ жұмысын жақсартуға, хоккей кортын салуға, Ақсуда спорт ке­шені құрылысына, орталық жағалауын көріктендіруге жұмсалмақ. Тіпті облыс орталығында жаңадан тағы да бір мұз сарайы салынбақшы.

– Компания қаржысының басым бөлігі спортты дамытуға бағытталады. Облыс орталығындағы «Астана» мұз сарайында кәсіби спортшылардың жаттығулары жиі өтеді. Отбасылық дене- шынықтыру шараларына мүмкіндік аздау. Ата-аналар жаңа мұз сарайын салу қажеттігін сұрауда. Сондықтан өңір жұртшылығының әлеуметтік әлеуетін жақсартуға үлес қосып келе жатқан компания басшылығына алғыс білдіремін, – деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Жуырда ғана «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Елбасының халыққа Үндеуі жарияланды. Әлеуметтік бағыттағы бұл ұсыныстар елімізде тұратын әрбір адам үшін маңызды. Биыл облыста 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Облыс бюджетінен инженерлер, дәрігерлер мен педагогтар даярлауға 200 грант қарастырылуда. Былтыр облыста екі жатақхана салынды. Бұл жақсы үрдіс биыл да жалғасады. Оқу орындары басшыларының айтуларынша, жыл сайын студенттер қатары көбеюде, олай болса, облыс орталығындағы жоғары оқу орындарына 3 мың орындық жатақхана да қажет. Бұған облыс әкімдігі алдағы уақытта жобалау-сметалық құжаты әзірленсе, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында мәселені шешу жолы қарастырылады деп отыр.

Жалпы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бүкіл әлемде бар. Алып компаниялар өз қаржысы арқылы білім беру, медицина, ғылым, өндіріс дамуына инвестиция бөледі. Бұл жауапкершілік-тұрақты әлеуметтік институт ретінде біздің елімізде де қызмет етеді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұжырымдамасы әзірленді. Бұл 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Елбасы тапсырмасы. Соңғы жылдары «ERG» компаниялар тобы өңірдегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мақсатына 11 млрд теңге бөліпті. Бұл қаражатқа облыс орталығында түсті металлургия колледжі жатақханасы, спорт залдары салынды. Бұл күндері Баянауылда Мырзашоқы шаңғы кешені, арқанды жол мен облыс орталығында бассейннің құрылысы жүргізілуде. Және Астананың 20 жылдығына облыстың тартуы ретінде қалада салынып жатқан велосипед жолының құрылысын да компания қаржыландырған. Өңірде 22 мыңнан астам адам «ERG»-ге қарасты жергілікті өндіріс орындарында еңбек етуде.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы