– Зұлқия әже, сіз қазақ теледидарының табалдырығын алғаш аттағаныңызда қазақ өнерінің қара нары Шәкен Айманов қабылдап, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов батасын бергенін білеміз. Осы туралы өз аузыңыздан естісек. Жалпы қазақ телевизиясына қалай келдіңіз?
– Менің Қазақ телевизиясына келуімнің өзі бір үлкен әңгімеге жүк боларлық оқиға.1958 жылы елімізге бәрімізді ерекше қуанышқа бөлеген жақсы хабар келді. Газеттен, радиодан «үйлеріңізде теледидар болады, жер-жаһандағы барлық жаңалықтарды көріп, тыңдай аласыздар, кинофильмдер көресіздер, әдебиет пен мәдениет жайлы мол мағлұматқа қанығасыздар» деген хабарлар таратылды. Бастапқыда мен бұл жаңалықты аса елеген жоқпын. Бірер күннен кейін телевидениенің ашылуына байланысты диктор таңдаймыз, соған байқау жарияланады дегенді құлағым шалды. Ол кезде менің өлең жазып, аз-кем аудармамен айналысатыным бар еді. Үйде жас балаларым болды. Артынан ойланып отырып телеарна болған соң ол жерде шығармашылық редакция болады. Өзім балалар туралы өлеңдер жазам, балалар бағдарламаларының біріне хабар дайындайтын редактор керек шығар, бәлкім, жұмысқа тұрып жолдасыма қолғабыс болармын деп сонда бардым. Алайда диктор болам деген ой түсіме де кірген емес. Ол кезде жасым отыздың үстінде еді. Барсам, аула толы байқауға бағын сынауға келген мыңға тарта қыз-келіншек. Бәрі әдемі, бәрі жас. Сол жердің тәртібін қадағалап жүрген жас жігітті шақырып, «қалқам, мен осында жұмысқа тұрсам» деп едім, «кімге жолықсам болады» деп сұрадым. «Ой апай, мына дикторлар байқауы бітпей ешкімді қабылдамайды, барлығы соның жұмыстарымен жүр» деді. Мен қарап тұрып телевидениеге қызығып кеттім. Содан бір бұрышта теледидар тұр екен. Қарама-қарсы тұрсаң өзіңді көрсетеді. Мен қалай көрінеді екенмін деп теледидар алдына тұра қалдым. Кенет үстіңгі қабаттағы пульттан «Сіз кім боласыз, фамилияңыз кім?» деген ер адамның даусы естілді. Мен еш саспастан «Атым Зұлқия. Тегім Жұматова» деп жауап қаттым. Әлгі кісі «Қайда жұмыс істейсіз, немен шұғылданасыз деп?» қайыра сұрақ қойды. Мен өзімнің аудармамен айналысатынымды, көңілдің кейбір сәттерінде өлең жазатынымды, «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген алғашқы өлеңіме Бақытжан Байқадамов ән жазғанын, оны Жамал Омарова орындайтынын, сегіз баланың анасы екенімді, жолдасым Ауыл шаруашылығы институтында жұмыс істейтінін айттым. «Ендеше өз шығармашылығыңыздан бір өлең оқып беріңізші» деді. Мен іркілместен:
Анам менің барғанда бір кір жуа,
Бұрқап жатқан долы Ертістің суына.
Мен де бардым көпке дейін бірақ та,
Түсіне алмай тұрдым толқын шуына,
деп басталатын өлеңімді оқи жөнелдім.
Кімнің сөзі мақсат не ол жырдағы,
Түсінбеп ем жас едім ол жылдары.
Абай атам Пушкин болып жырлаған,
Татьянаның әні екен ол қырдағы,
деп соңғы шумағын оқығанымда сатырлаған шапалақ үні естілді. Риза болған үнмен «сіздің орысшаңыз қалай?» деп сұрады. Мен болсам жаңағы өлеңімнің өзім аударған орысша нұсқасын жатқа оқып бердім. Кенет сәл үнсіздік орнады да, Мәдениет министрлігінің өкілдері бастаған комиссия мүшелері ақылдасқан болуы керек, «сіз бірауыздан қабылдандыңыз» деді. Артынан білгенімдей бағанадан бері менімен тілдесіп тұрған атақты Шәкен Айманов екен. Қасыма келіп ризашылығын білдірді. Міне, дәл осылайша, қазақ теледидарындағы тұңғыш диктор болу бақыты менің маңдайыма бұйырды.
– Бар өміріңізді телевизия саласына арнадыңыз. Қазіргідей техника дамымаған кездегі жұмыс барысы қалай еді?
– Иә, ол кезеңдермен қазіргі күнді салыстыруға келмейді. Ондағы жағдай мүлде басқаша-тұғын. Эфирде бізді ауыстыратын адам болған жоқ. Балалар бағдарламасынан бастап жаңалықтар, танымдық хабарлар дейсіз бе, бәрін-бәрін Нелли екеуміз таңнан кешке дейін жүргізе беретінбіз. Әріптесім Нелли Омарова орыс тілінде, мен қазақ тілінде хабар жүргізем. Қазіргідей суфлер деген жоқ. Бәрін бір парақ қағазға жазып алып шығамыз. Және өзімізді экраннан көре де алмаймыз. Барлық хабарлар тікелей эфирде өтетін. Жұмысымызға асқан жауапкершілікпен қарайтынбыз. Қаптаған ақпарат арналары, ғаламтор желілері атымен болған жоқ. Сондықтан жұрттың бәрі әр бағдарламаны жібермей көретін. Аса жоғары талғаммен бақылайтын. Сөзімізден кішкентай қате кетсе сөгіс алып қалуымыз әбден мүмкін. Сол қиын кезеңдерде жүріп ысылдық. Телевизия ұжымдық жұмыс. Үлкен шығармашылық топтың еңбегін қажет етеді. Терең ізденістер жасадық, көп еңбектендік. Мұхтар Әуезов сияқты заңғар тұлғалардан сұхбат алу бақыты бұйырды. Ол кісімен дидарласқаным әлі есімде. Хабар аяқталғаннан кейін Мұхаң «Асылкеш» деп менің қолымнан сүйді. Асылыңызды түсіндім, кеш дегеніңізді түсінбедім деп Мұхаңа қарадым. Ол кісі болса жайдары үнмен: «Асылкеш дегенім, асыл жан деген сөз. Сендер асыл жансыңдар» деп күлімсірей қарады. Біздің қазақшаны қаймақтап сөйлегенімізге, қазақша хабарлар ашылғанына жазушының қатты қуанғанын байқадым. Ол күндердің барлығы менің көз алдымда әлі күнге дейін дәл бүгінгідей жаңғырып тұр.
– Телевизияда жасаған еңбектеріңізді халық қалай бағалайтын еді? Бұл саланы арнайы оқуын бітірмей-ақ меңгеріп кеттіңіз. Кімдерден тәлім алдыңыз?
– Бізге бәрін өмірдің өзі үйретті. Ашаршылық жылдары әке-шешем дүниеден өтіп жастайымнан жетімдікті көрдім. Бар мен жоқтың, жақсы мен жаманның парқын бір кісідей біліп өстім. Көп армандарым желге ұшты. Бірақ мойыған жоқпын. Техникумда білім алып, институт бітірдім. 1958 жылы сол кездегі Мәдениет министрі Әмір Қанапиннің ұйытқы болуымен Мәскеуде өткен «Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің» онкүндігіне бару сәті түсті. Сол кезде Мәскеу телевизиясында он күннен аса жұмыс істедім. Сонда жүріп Юрий Левитан, Нина Кондратова сияқты Одаққа белгілі дикторлармен тәжірибе алмастым. Ол кездері телеарна дикторларын халық жақсы танитын. Қоғамдық орындарда, жиын-думандарда көре қалса ілтипатпен қарсы алып, төр ұсынатын.
– Қазіргі қазақ телевизиясы туралы, дикторлар жайлы не айтасыз? Ізбасарларыңыздың жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Кезінде біз Мәскеудің телеарнасына барғанымызда телевизияның техникалық әлеуетін, әсем студияларды көріп, мынау не деген жұмақ, шіркін, біз де осы жұмаққа жетеміз бе, жетпейміз бе деп таңғалып келген едік. Бүгінгі қазақ телевизиясы кеңге қанат жайып, Тәңірден тәлейімізге бұйырған тәуелсіздігіміздің арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Өңіміз түгілі түсімізге кірмеген техникалар бар. Оқимын, ізденемін деген жанға барлық жағдай жасалған. Журналистер даярлайтын қаншама оқу орындары ашылды. Білімді де білікті мамандар көп. Жасым ұлғайды. Күнделікті теледидар көрем деп айта алмаймын. Дегенмен, осы саланың маманы болған соң кез келген жаңалыққа елеңдеп, телеарналардан жақсы хабарлар беріліп, басылымдарда отты мақалалар жарық көріп жатса сүйсініп отырам. Қазіргі отандық арналардағы телебағдарламаларды тізгіндеп жүрген дикторларға көңілім толады. Олар тың талпыныстарға барады. Сөз саптаулары нық, дауыс мәнерлері ырғақты, ең бастысы идеялары ұшқыр. Дегенмен, телевизия деген тұнық айдын. Халықты, бүтін бір ұрпақты тәрбиелейтін ұлы құрал. Сондықтан оны кірлетіп алуға, арзандатып жіберуге болмайды. Телеарна басшылығында жүрген азаматтар осыны қаперінде ұстаса деймін.
– Жаңа өзіңіз айтқандай, өмірден жақсыны да жаманды да көрдіңіз. Қазақ телевизиясының қарлығашы атанып, ең қиын кездерде елге елеулі еңбек еттіңіз. Бүгінде, ұрпағымыздың рахатын көріп, әже атанып отырсыз. Қарап отырсақ сөзіңіз мығым, өзіңіз де әдемісіз. Әдемі қартаюыңыздың сыры неде?
– Ең алдымен адам баласының жаны сұлу болуы керек. Жанның сұлулығы деген ішкі тазалық, жақсы мінез. Жан баласын жатырқамай, жан дүниесіне үңілсең кез келген пенденің жақсы қасиеті болады. Ойы таза адамның өзі таза. Өзі таза кісінің сөзі таза. Әрбір адам жайында жақсы пікірде болып, жақсылықты көре білу керек. Өзі жақсы жанға жұрт та үйір келеді. Адал еңбек етіп, өз ісіңе адал бол. Адамдықтан биік атақ жоқ. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген сөз бар емес пе. Әркімнің өз жолы, өз тағдыры бар. Ең бастысы, осы қағидаларды жадына берік тоқыған жанға еш өкініш жоқ. Осы жасқа жеткенім ең алдымен Алланың қалауы, одан кейін кешегі Мұхаңдардың, үлкен ата-әжелеріміздің берген ақ батасының шарапаты деп білем. «Баталы жан арымас» деген. Үлкендердің батасын алып жүрген жақсы.
– Әңгімеңізге рахмет. Аман болыңыз.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ