Форум барысында аудан кәсіпкерлері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жалпы құны 124 миллион теңгені құрайтын ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бір ғана «Бақыршық» кен орны бұл күні меморандум аясында ауданның әлеуметтік саласына 89 миллион теңге қаржы бөлуге дайын екендіктерін жеткізді. Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, өңірдегі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер тарапынан бөлінетін қаржы білім және денсаулық сақтау саласына, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалмақ. «Экономиканың қозғаушы күші – инвестиция. Былтыр ауданымызға 65 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл – облыс көлемінде Өскемен қаласынан кейінгі көрсеткіш. Инвестиция құюшылардың дені – кен орындары. Игерілмей жатқан «Бақыршық» кен орнына Ресейдің «Полиметалл» комбинаты ауқымды инвестиция салып, құрылыс жұмыстарын жүргізді. «Бөке», «Ақжал» кеніштеріне де инвестиция салынып, кен байыту комбинаты бой көтерді. Қазір Жарма ауданының төрт жағынан жол құрылысы басталып жатыр. Облыста балама қуат көздеріне арналған 6 жоба болса, соның үшеуі – Жарма ауданында. Испания компаниясы ауданымызда 17 миллиард теңге қаржыға күн электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі форумға келсек, мұндай форум жыл сайын өткізіледі. Биыл меморандум аясында ауданға бөлінетін қаржы былтырғымен салыстырғанда екі есеге ұлғайды. Тағы бір жағымды жаңалық, биыл «Бақыршық» кен орны іске қосылуға тиіс. Бұл аудан, облыс емес, республика көлемінде маңызды оқиға ретінде қалары сөзсіз», дейді аудан әкімі. Меморандумға қол қойылған салтанатты шара барысында Н.Сыдықов ауданның үздік кәсіпкерлерін 9 аталым бойынша марапаттап, 100 мың теңгенің сертификаттарын табыс етті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы