Аймақтар • 13 Наурыз, 2018

Ақтауда қаңғыбас иттердің шабуылы тоқтар емес

1072 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласына жақын маңдағы Түпқараған ауданына қарасты Сайын Шапағатов ауылын қаңғыбас иттер шабуылы дүрліктіргелі біраз болды. Қой-ешкі сынды ұсақ малдарға қырғидай тиген иттер тұрғындардың ашу-ызасын тудыруда.

Ақтауда қаңғыбас иттердің шабуылы тоқтар емес

Сайын ауылы тұрғындарының айтуынша, ауылда қаңғыбас иттер көбейген. Тал түсте иесі тұр екен деп қорықпай, аулада жайылып жүрген тауықтарды, құстарды бөрліктіре қуатындығын, оларды өздерінің айқай сала жүгіріп, арашалауымен әзер аман алып қалып жүргендігін айтады. Бас-аяғы бір  демалыста он төрт қой мен ешкіні тамақтап  кеткен иттер екі-үш күнде төрт аумақтағы төрт үйдің жиырма екі бас малын шығын етсе, енді бір отбасы бір түнде жеті бірдей қой-ешкісінен айырылды. Ауыл тұрғындарының бірі ауылда орын алып жатқан шулы оқиғадан соң азғана жандығын сарайға қамап, есік-терезесін мықтап бекіткенмен, түн жамылып келген қаңғыбас иттер үш малын арам өлтіріп кеткен.

Күн кешкірсе далаға шығуға қорқып қалған тұрғындар бұралқы иттерге қарсы шабуылға шықты. Ал, ветеринария бөлімі иесіз иттерді атуды қолға алғанмен, иттердің саны да, сорақылығы да азаяр емес.

Жалпы, Маңғыстау облысында өткен жыл ит тістеп, мысық талап немесе тырнап, жануар­лар­дың адамдарға шабуыл жасау мәліметінің көп­тігімен ерекшеленеді. Мәліметтерге сүйенсек, өңірде жануарлардан жапа шеккен 1796 адам дәрігердің көмегіне жүгінген және ол 2016 жылғы көрсеткіштен бес жағдайға көп. Сондай-ақ, ауыл арасындағы ит пен мысықтан бөлек, қасқыр, түлкі, дала кеміргіштері сынды жабайы дала тағыларының да адамға шабуы тіркелген. Атап айтсақ, 1567 ит, 164 мысық, 2 жылқы, 4 сиыр,  7 қасқыр, 10 түлкі, 42 дала жануарларының шабуылы елді шошытып отыр.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы