Қазақстан • 13 Наурыз, 2018

Көрік үйдің иесі

1325 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Махамбет атындағы Ба­тыс Қазақстан мем­ле­­кеттік универ­си­те­ті қол­данбалы өнер және ди­зайн ка­­федрасының аға оқы­ту­шысы, зер­герл­ік өнер ше­берханасының мең­­ге­рушісі Төлепберген Сар­манбеков  Алматы об­лысы, Жамбыл ауданында туған. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 

Көрік үйдің иесі

Әр күнгі жұмысын көрік үйдің, ұс­талықтың пірі Дәуіт пай­ғам­барға сыйынып бастау – ұста-зергерлердің жаңылмас дағдысы. Шынында да көрік тұрған үйдің қаси­еттілігін халық бағзыдан біл­ген. Бұл отты қастерлейтін шаман­дық­тың ғана қалдығы емес. Көрші орыс халқында жын қағып, есі ауысып ауырған адамды көрік үйге түнеткізіп емдейтін дәстүр бар екен. Мұндай салт, яғни ұсталықты ерек­ше қадірлеу, оның атадан бала­ға мирас болар ерекше өнер еке­ніне сену бізде де бар.

– Әкем Рахимның ағасы Нұртай ұс­талық құрған өнерлі адам болған екен, – дейді Төкең, – Мүмкін бұл кә­сіп бізге сол кісіден келіп дары­ған болар...

Төкең осы әңгімесін өз сөзіне өзі сенбейтіндей қалыпта, бір­түрл­і қызық айтады. Дәстүрлі, ар­қалы тірі ұстаны өзі көріп, тіке­лей тәлім алмағасын ба екен?! Зер­герліктің, металмен жұмыс істеу­дің әліппесін сонау алыс Ук­раина жерінде үйренгені де қызық. Бірақ, Жұматай ақын айт­пақшы, «Қасоққа әкеліп береді ба­лық пен суын, Іле өзені Қытайда басталғанымен...». Құдай берген қасиет пен өнерін шебер бәрібір өз жұртына тарту етті.

Жастайынан қылқалам ұстап, сурет салуға құмар болған Төкең де мектептен соң изостудияда оқып, болашағын көркемөнерге арнауға бел буған еді. Бірақ Алматы көркемсурет училищесінің қабылдау емтиханын «беске» тапсырған мұны және екі жігітті оқу орнының директоры Ақырап Жұбанов шақырып алып: «1975 жылы халықтың ұлт­тық қолөнерін дамыту жөнінде пар­тияның қаулысы шықты. Қазақстанда металды көркемдеп өңдеудің қыр-сырын үйрететін білім ошағы әзірге жоқ. Сондықтан сендерді Батыс Украинаның Косов қолөнер техникумына жібермекпіз. Қарсы болмаңдар, балалар, бұл ұлтымыз үшін керек!».

Шет жерде бес жыл жүріп оқы­ғанда Төкең осы өнердің әліппе­сіне, шикізатпен және құ­рал-жабдықпен қалай жұмыс іс­теуге машықтанған шығар. Бірақ ұсталық, зергерлік атты өнер әлеміне апарар жол өз халқының сан ғасырлық тарихы, салт-дәстүрі мен шежіресі арқылы өтеді екен. Соны сезгесін халық ауыз әдебиетіне, ескі әңгімелерге, бағ­зы тарихқа аңсары ауды. Жыр жаттады, ертегі оқыды. Қарттардың аузын бақты. Көнерген сөздердің «шаңын» сүртті. Мың жыл бұрын­ғы «әріптесінің» қолынан шық­қан, археологтар қазып алған бұй­ым­ның ғажайыбына таңдай қақ­ты. Тіпті солармен іштей жарыс­қа түс­ті ме екен?!

Қазір Төкең асыл тас, інжу-маржанның қазақша атауын кез келген тілші, әдебиетшіден артық біледі. Ал зергерлік бұйымдардың ішінде, мысалы, «құдағи жүзіктің» қандай жағдайда, кімге, қалай сыйланатыны да бүгінде көп адамға беймағлұм екені рас қой.

– «Құдағи жүзік» екі саусаққа киі­леді, бірақ «көзі», яғни беті бі­реу ғана. Бұл екі үйдің бала­сы­ның бірігіп, бір шаңырақ көтер­ге­нін тұспалдап та тұр. Ол түр­лі асыл таспен, көбіне қызыл ақық­пен көмкеріледі. Ал осы жүзікті қыздың шешесі келінін өз баласындай көріп қадірлеген, елге сыйлы құдағайына, ел анасына сый­лайтын болған. Мұндай құда­ғай­лар бірен-саран болса да қазір де бар екен. Мұны маған осы жүзік­ті жасауға тапсырыс берген жандардың әңгімесінен байқадым, – дейді Төкең.

– Қазір технология әбден жетілді. Компьютер бәріне араласты. «Солақайдың» бүргені тағалағаны қазір ойыншық секілді. Бүгінде бір тал шаштың көлденең қимасына күрделі циклды сурет салу түк емес. Бірақ бағзы за­ман­ның шеберлері қалдырған сти­­лизация әлі күнге таңдай қақ­ты­рады. Не деген өнер, неткен ең­бек! Олардың нақышы бөлек. Егер қазіргі технология, жетілген құрал-жабдық олардың қолына ти­се не болар еді?! Сақ-сармат қор­­ғандарынан археологтар тап­қан бұйымдардағы жан-жануар бей­не­леріне қараймын да басымды шай­қаймын...

Жан-жануар демекші, төрт түлік мал мен хайуанат бейнесі Ұлы Даланы мекендеген барлық қол­өнершінің ортақ тақырыбы бо­лып­ты. Қазақ баласы одан қалай қал­­сын?! Сарманбековтің қия­лы­нан туған соңғы жұмыстың бірі – «Тұяқ» деп аталады.

Тұяқ – малдың символы. Бірақ бұл жылқының тұяғы емес. Қамбар ата­ның қатты тұяғы агрессияның, б­атыр­лықтың, күштің белгісі си­яқ-
­ты ғой. Сондықтан бұл бей­біт, жай­барақат, бақуатты елдің белг­і­сіндей аша тұяқ. Қой мен еш­кінің, яки Зеңгі бабаның өкілі. Төкең­нің арманы – осы тұяқ бей­не­сі қаланың көрнекі жеріне орнатылса. Бізге қазақы менталитетті көрсететін, ым­балдық-ишаралық мәнге ие ескерткіштер жетіспейді...

– Көктемнің керемет мерекесі келіп қалды. Аруларға арналған тапсырыстардан қолыңыз тимей жатқан болар, Төлепберген аға! – деймін алтын-күмістен түйін түйіп, қамшы өріп жүрген зергерге.

– Тапсырыс кейде көп, кейде жоқ қой. Өз басым таза шығар­ма­шылық адамы болған соң ба, кей­де бір істің соңына түсіп алып, «тап­сырыс болмаса екен» деп тілеп жү­ре­тін кезім көп, дейді ағамыз ағынан жарылып.

Өмірде не болмайды? Өнерді жал­ғастырушы табылмай, иесіз қал­ған көрік үйлер де көп. Белгілі ұста дүниеден өткесін де одан қал­ған көрік кейде күрілдеп дыбыс шығарып, балғаның соққысы, төстің шыңылы естілгені жайлы аңыздар жиі айтылады ғой. Бірақ біздің кейіпкеріміз ондай қауіптен аулақ. Төкең қазір алпыстың асқа­рында. Қасында қаумалап шәкірт­те­рі жүр. Бірнеше жылдан бері өзі баулып, зергерліктің қыр-сы­рын үйретіп жүрген шәкірттері Қуаныш Зайнушев пен өз ұлы Самат Сарманбеков жақында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі атанды. Ендеше көрік үй иесіз қалмайды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ