Әлияның шебер қолынан шыққан 300-ге жуық туынды саналуан тақырыпты қамтиды. Қай-қайсысында болсын ұлттық нақыш алдымен аңғарылып, адам мен табиғаттың ішкі үндестігі, тылсым құбылыстары, жұмбақ сырлары домбыраның қос шегіндей үйлесім тауып отырады. Көбіне акварельмен салғанды ұнатады. Ара-тұра майлы бояуды да қолданады. Табиғат көріністері мен адам портреттерін кескіндегенде академиялық бағытты ұстанады. Соңғы кездері кітап және ботаникалық безендіруге де ден қойып жүр.
– Университетте оқып жүргенде алғашқы кәсіби тырнақалды туындым кіші інімнің портретін салуға арналды. Бауырыммен құлын-тайдай тебісіп өссем де, бір айдай уақыт жұмсадым. Әке-шешем шаңырағының төрінде ілулі тұрған портрет әлі күнге дейін көзіме ыстық көрінеді,–дейді қылқалам иесі өткен кезді қимастықпен еске алып.
Таңдаулы туындыларының бірі «Келіннің әні» деп аталады. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін болашақ ана бейнесі арқылы ұмытылып бара жатқан халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ұлықтауға ұмтылыпты. Майлы бояумен салған «Ауаның қозғалысы» шығармасы қазіргі уақыттың жанталас қимылын сездіргенімен, қоршаған ортаға деген мейірімді, өмір сүруге деген құштарлықты аңғару қиын емес. Тапсырыс бойынша кәсіпқой боксшылар Геннадий Головкин мен Жанат Жақияновтың портреттерін салып, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған қайырымдылық кешінде сатылымға қойыпты. Одан түскен 180 мың теңге науқас балдырғандардың ем-домына жұмсалыпты. «Қайырымдылық шараларына қатысу – өте сауапты іс. Биыл екі шығармамды аукционға қоямын. Менің бастамамды кәсіпкерлер мен өнер жанашырларының қолдауын өтінемін» дейді ол.
Әлия Мұқышева бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінде өнер сабағын жүргізеді. «Palette» үйірмесіне жетекшілік етіп, оқушыларды қылқаламның қыр-сырына баулиды. Олардың алды түрлі байқауларға қатысып, олжа салып жүр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы