Кеше Мұнай және газ министрлігінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның он бесінші отырысы өтті. Оған еліміздің Мұнай және газ министрі С.Мыңбаев пен Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрі В.Христенко жетекшілік етті. Отырысқа комиссияның қазақстандық және ресейлік өкілдері, сондай-ақ министрліктердің, ведомстволардың жауапты қызметкерлері қатысты.
Комиссияның 15-отырысында 30-дан астам мәселелер, атап айтсақ, отын-энергетикалық кешен, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, атом энергетикасы, әскери-техникалық ынтымақтастық, «Байқоңыр» кешені бойынша, ғылым, білім және жаңа технологиялар, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мәселелер қаралды.
Комиссия Қазақстан Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында 2008-2011 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қатысты іс-шаралар жоспарын орындаудағы оң нәтижелерді атап көрсетті. Тараптар қос мемлекет арасында ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын (2020 жылға дейін) және оны жүзеге асыру жөніндегі 2012-2014 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын дайындады.
Комиссияның кезекті отырысы келер жылдың 4-тоқсанында Мәскеу қаласында өтетін болып белгіленді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.