14 Наурыз, 2018

Тұлғалар тағылымы

960 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1992 жылы қазақтың қабырғалы қалам­гері Шерхан Мұртаза алпыс­тың асқарына шыққанда Оралхан Бөкей оған арнап екі-ақ абзац сөз жазыпты. Шерағаңның өзі айтқандай, сол екі ауыз сөзге екеуінің ширек ға­сыр бірге болған ғұмырын сыйдырып жіберген. 

Тұлғалар тағылымы

Оралханның қар­ға­дай кезінде «Лениншіл жаста» жария­лан­ған үш-төрт очеркін оқып, ауылда қапер­сіз жүрген жерінен Ш.Мұртаза оны республикалық ба­сы­лымға жұ­мыс­қа шақырғаны да айты­лады. Қалам­дас, рухтас ағасына арнаған сөзін:

«Міне, сіз алпыс деген асуға шық­тыңыз, төменге қараңызшы, аға, мен көрінем бе екем?» деп түйіндейді Орал­хан Бөкей. Оқып отырып, әр жолдан іні­лік ізет, кішіпейілдік есіп тұрғанына таңғаласың, тамсанасың. 

Арада аттай заулап 6 жыл өткенде өмір­ден озған інісі туралы егілтіп есте­лік жазу Шерағаңның еншісіне тиіпті. Қаламгер: «Төменге қараймын, енді Оралхан көрінбейді. Катонқарағайға барғанда, Шыңғыстайға барғанда алқаракөк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар», дегенде жан дүниең қопарылып түскендей күйге түсесің. 

Қаламгер ретінде, қайраткер ретінде Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның қайсысы биіктеу екенін екі жазушыны да жақсы көретін халықтың талғам таразысы анықтайтыны түсінікті ғой. Бірақ бір-біріне арнаған сөздеріндегі шынайылық, қарапайымдылық екеуі­нің де тұлғасын көз алдыңызда асқақ­татып жіберері хақ! 

Қадыр Мырза Әлінің «Иірімі» кітап болып шықпай тұрып-ақ, газет бетінде қолдан-қолға тимей оқылды, онда айтылған дүниелер қойын дәптерлерге түртілді, афоризмге айналып ауыздан ауызға тарап кетті. Көз көрген аға буын, замандастары, кейінгі іні-қарындастары туралы толымды дүниеден өзін мақ­таған немесе өзін біреулердің атымен мақтатқан тұсын таппадық. Талай жанрда қалам тербеген, терең білім, тұңғиық ойдың иесі, бәлкім, аздап мақтанса да жарасар ма еді?! Жоқ, оған ішкі мәде­ниеті, өмірден үйренген һәм оқу-тоқуы­мен келген өнегесі жібермепті. 

Қазақ киноөнерінің корифейі Асан­әлі Әшімовтің «Менің жанрым – күнделік» атты дүниесін шолсаңыз, аға буынға деген шексіз құрметке тұнып тұр. Театр мен кинодағы актер, режиссер әріптестері, басқа да қоғам, мемлекет қайраткерлерінің талайының аты аталады. Күнделік ішінде өзінің болатыны да түсінікті. Бірақ «Мен сөйтіп едім» деген жері есімізде жоқ. 

Қалың қазақ Гер-аға деп әспеттеген Герольд Бельгердің де күнделігі көзі­нің тірісінде жарыққа шыққан-ды. Қоғам­ның келеңсіздіктерін аямай шым­­шылап, қарапайым көзге бай­қала бермейтін қалтарыс-бұлтарыс­тарын байқай білгеніне еріксіз бас шай­қайсыз. Қарапайым жазған, қарапайым тұрмыс кешкен. Күнделікте сөз бол­ған адамдардың да көпшілігі ел біле бермейтін қарапайым жандар. Дөкей­лермен кездескені, қолынан марапат алғаны туралы айтқаны есте жоқ. Айта берсек, кісілік пен кішіліктің клас­сикалық үлгісіндей болған естелік, эссе, күнделік, толғаныстар аз емес. Бір ғана Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» атты роман-эссесінде «менің» Әуезовті меншіктеп отырып-ақ қалың қазақтың құшағына сүңгітіп жіберетіні, халықты Әуезовке бұрынғыдан бетер ғашық қылатыны қандай ғажап! 

Әлмисақтан қалыптасқан құбылыс – редакцияға танымал тұлғалар туралы толғаныстар, естеліктер жиі келіп тұрады. Күнделік жазу да күнделікті әдетке айнала бастады. Кейбіреуін үстінен қарап, күзеп-түзеген кездеріміз болды. Жазбаларын әлеуметтік желіге жариялап отыру да сәнге айналды. Тілі шұрайлы, мазмұны еліктіретін дүние болса, оны оқудың өзі рахат қой. Өкінішке қарай, көпшілігінің тақырыбына қарап-ақ кейіпкерлері туралы емес, өзі туралы көбірек айтуды көксегенін сезе қоясыз. Тұлға дәрежесіне көтерілген жандардан гөрі өзінің «Мен»-ін көрсетуге жаны­ғып тұрады, түпкі мақсаты сол болса енді қайтсін?! Әрине әркімнің-ақ көзге түскісі келіп тұруы пендеге тән табиғи құбылыс. Алайда өзі тура­лы мадақты өткізу үшін танымал тұлға­лардың, кейде о дүниелік болып кеткен тұлғалардың есімін пайдалану аздап оғаштау көрінеді.  

Алыстаған сайын биіктей бере­тін алып тұлғалар қазақта аз емес. «Жазылар естеліктер мен туралы» деп Мұқағали айтқандай, олар туралы дүниелердің жиі жарық көруі де заң­дылық. Тек сол тау-тұлғаларға қара сөзден тұғыр қоймаққа талпынғанда, өзін көрсетіп қалмаққа тырысу әдетке айналып бара жатқандай. Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкей сияқты бір-бірін биік қойғаннан ешкім аласарып қалмас еді.  

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»