06 Ақпан, 2010

ИГЕРІЛМЕГЕН ҚАРЖЫ ҚАП ТҮБІНДЕ ЖАТПАУЫ ТИІС

1094 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Комитет төрағасы алдымен өт­кен жылғы республикалық бюд­жеттің атқарылуына баға беріп өт­ті. Ел экономикасындағы кірістер алдыңғы жылдар секілді Ұлттық қордың трансферттері есебінен қа­лыптасқан. Сондай-ақ салық тү­сімдеріне жасалған талдау бары­сында барлық ірі салық түрлері және кедендік түсімдердің төмен­дегені белгілі болып отыр. Кіріс төмендеуінің объективті факторы әлемдік қаржы дағдарысы болса, ішкі субъективті факторы салық­тық және кедендік әкімшілік іс жүр­гізуде кездесетін мәселелер бо­лып отырған көрінеді. Бұған бюд­жеттің кіріс бөлігін бақылау ба­рысында анықталған 11 млрд.теңге мөлшеріндегі салық және кеден заңдарын бұзушылықтарды келті­руге болады. Осы орайда айта ке­тер бір жәйт, республикалық бюд­жеттің шығыс бөлігі 3,5 трлн. теңгеге немесе 98,3 пайызға орын­далғандығы болып отыр. Коми­теттің шығындардың бюджеттік бағдарламалардағы бөлінісіне жасаған алдын ала талдау нәти­жесіне сүйенсек, 2009 жылы 25 бағ­дарлама бойынша бөлінген қар­жының 80 пайызға жетер-жет­песі ғана игерілген. Басқаша айт­сақ, 21,5 млрд.теңге өз мақсатында игерілмей қалған. Саралап келтір­сек, олар тұрғын үй құрылысына және тұрғын үйлерді сатып алуға, білім беру мен денсаулық сақтау, ғылым объектілерін салуға және жөн­деуге бөлінген қаржылар. Шы­ғыстарды атқару кезіндегі бюд­жет­тік тәртіптің жай-күйі де мәз емес. Есеп комитетінің басшысы ұлттық компаниялардың басқару органдарына жататын кейбір мем­лекеттік орган басшыларының бас­қару шешімдерін қабылдағанда қалыптасқан тәртіптен аса алмай­тындықтарын баян етті. “Біздің қо­лымызда тәуекелі мол, эконо­микалық тұрғыдан тиімсіз, тіпті еліміздің экономикалық қауіпсіз­дігіне қатер төндіретін шешімдер туралы фактілер бар екенін айт­қым келеді”, – деді ол. Тексеріс көрсеткендей, бұлар ел бюджетіне өте көлемді шығындар әкелген. Атап айтсақ, “Инжиниринг және тех­нологиялар трансферті орта­лығы” АҚ-ты тексеру нәтижесінде олардың 2,7 млрд. теңгеге сатып алған шетелдік акцияларының құны 1 млрд. теңгеге құнсыздан­ғаны анықталған. Бұл орташа көрсеткішпен алсақ, 42 пайызды көрсетеді. “Ұлттық инновациялық қор” АҚ пен “Қазақстанның ин­вестициялық қорының” құрылуы мен жарғылық капиталын толық­тырып отыруға 70 млрд. теңгеден астам республикалық бюджет қар­жысы кеткен. Қаржы-шаруашы­лық қызметінің 2007-2008 жылда­ры­ның нәтижесіне қарасақ, атал­мыш АҚ-тар мемлекет қаржысына 25,5 млрд. теңгеге шығын әкелген. Бүгінгі күні “ҰИҚ” АҚ-тың қар­жыландыратын 85 жобасының тек қана 3-еуі жүзеге асқан. Ал “ҚИҚ” АҚ-тың қаржыландырған 36 жобасының тек 2-еуі аяқталып, өз нәтижесін беріп отырған кө­рінеді. Қос қордың өмірге келге­ніне 7 жыл болса да олардың бас­шылары 5-6 рет ауысқанын тілге тиек еткен Омархан Өксікбаев олардың мемлекет қаржысына келтірген шығындары үшін жауап­кершілікке тартылмайтындығын ашық айтты. Керісінше, үлкен кө­лемде қосымша және сыйақылар алатындығын ашына жеткізді. “Жақында Есеп комитетінің отырысын өткізгенімізде “Сам­ұрық-Қазына” басшыларының бірі ішкі дайындық барысында өз менеджерлерінің іштей кәсіби басқару шешімдерін шығаруға” дайын еместігін мойындаған бо­латын. Олардың сонымен бірге өз қателіктеріне жауапкершілікті алу­ға дайын емес екендігін де қоса айт­қым келеді. Қолданыстағы заң­намада оларды жазалау қарасты­рылмаған”, – деді Есеп коми­те­ті­нің төрағасы Омархан Өксікбаев. Мем­лекеттік активтерді басқару­дың тиімсіздігі және кәсібиліктің төмендігі жөнінде айтылып келе жатқаны бір бұл ғана емес. Бірақ бізді ұлттық холдинг басшыла­ры­ның осы жағдайды мойындағаны көңіл көншітеді. Олар сараптама жүргізіп, нақты жүйелік шаралар қа­былдауға уәде берді, деген төра­ға менеджерлерден сыйақы мен қосымша ақшаны қайтарып алу жөнінде ұсыныс айтты. Өткен жылы Есеп комитеті 47 бақылау іс-шарасын өткізген. Облыстарда 7 кешенді тексеру жүр­­гізіп, жыл бойы 139,7 млрд. теңгені қамтитын бюджеттік және басқа да заң бұзушылықтарды анықтаған. Жыл қорытындысы бойынша комитеттің бақылау­ын­дағы объектілер 29 млрд. теңгені бюджетке қайтарған көрінеді. Алқа отырысынан кейін Есеп комитетінің төрағасы О. Өксікбаев журналистерге берген сұхбатында игерілмеген қаржы туралы түсі­ніктеме бере кетті. “Кейбіреулер қаржы қалтада қалғандығы жақсы деп ойлайды. Ал біздің айта­ры­мыз, ақша жұмыс істеуі керек. Ол өз бағытымен мақсатты жұмсалуы қажет. Олай болмаған жағдайда қаржы өз мультипликативтілігін, яғни тиімділігін жоғалтады. Сон­дықтан атқарушы биліктің басты кемшілігі бөлінген ақшаны дұрыс жұмсай алмауында болып отыр. Екінші күрделі мәселе – жоспар­лау жүйесіндегі кемшілік. Бюд­жет­ті жоспарлау барысында жос­пар­лаушылар, жоспардың есе­бін берушілер, әкімдіктер көлемді қаржыны сұрап алады да, игеру мәселесіне келгенде жауап­кер­ші­лікті мойындарына алмайды. Ар­тық ақша қалуы осыдан шы­ғады. Тексеру жүргізу барысында кейбір жерлерге артық ақша салғандығын көріп отырамыз. Бірақ ештеңе істей алмаймыз. Кеңестік кезеңде мынадай тәжірибе бар болатын. Егер артық қаржы қалатын жағдай болса, ол дереу бюджетке алына­тын. Ал бізде ондай қаржы жыл соңына дейін керекті жерге жұм­салмай, қап түбінде жата береді. Игерілмесе де неліктен қала беретіні түсініксіз. Осыдан келіп мемлекет қаржысының тиімділігі кемиді, деді ол. Бюджет жоспарлау кезінде нормадан артық, “өзі тойса да, көзі тоймай” сұралған өтініш келіп түсетін болса, олар әкімшілік жазаға тартылуы тиіс. Ал табылған артық қаржы уақыт күтпей, қажетті бағытқа жұмсалуы керек. Бүгінгі таңда еліміздің 6 облысы республикалық бюджетке 70-80 пайызға дейін тәуелді. Олардың жергілікті бюджеттерінің құрылуын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мемлекет қаржысының дұрыс беріліп жатқандығынан ешкім хабарсыз. Нақты тексерістің жоқтығынан аймақтарда респуб­ли­калық және жергілікті бюджет­тердің кіріс бөлігін ұлғайтатын жасырын резервтер республикалық бюджетке енгізілмей отыр. Омар­хан Өксікбаевтың айтуынша, олар­ды ел қазынасын толық­ты­ру­ға, мемлекетіміз бен өңірлердің әлеуметтік және экономикалық міндеттерін шешуге бағыттауға әбден болатын көрінеді. Отырыс соңында Есеп коми­теті тарапынан Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлі­гіне бюджет жоспарлау кезінде түскен өтініштерді нақты бақылап, тексеріп отыру қажеттігі, сондай-ақ артық қаражатты дер кезінде қайтарып алып, мақсатты жерге жұмсау жөнінде ұсыныс айтылды. ДӘЙЕКТІ ЖОБАЛАР – ІЛГЕРІЛЕУ КӨЗІ Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен еліміздегі индус­три­я­лық-инновациялық даму бағдар­ла­масын жүзеге асыруға бағыт­тал­ған жедел штабтың жұмысы Қы­зыл­орда облысында өз жалғасын тапты. Мемлекет басшысының тала­бына сәйкес еліміздің экономи­касын дамытудың басым бағыты – индустрияландыру картасына Қызылорда облысынан барлығы 295,5 млрд.теңге құрайтын 92 жоба ұсынылған. Егер саралап айтар болсақ, құны 154,6 млрд.теңгенің 74 жобасына салалық министр­лік­тен келісім алынып, индустрия­ландыру картасына енгізілген. Бұл жобалардың ішінен Индустрия және сауда министрлігімен келісім арқылы құны 40,9 млрд.теңге тұ­ратын 12 жоба, ал ағымдағы, яғни 2010 жылдың соңына дейін нақты жүзеге асырылатын құны 23 млрд. теңге болатын 11 жоба іріктелініп алынған. Мамандардың пайымдау­ын­ша жалпы құны 19,6 млрд. теңге тұратын 7 жоба ағымдағы жылдың 1 шілдесінде іске қосылатын болса, құны 3,4 млрд. теңге тұратын 4 жоба жыл аяғында пайдалануға берілмек. Бұл өндіріс орындары іске қосылғанда 142 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Өмірзақ Естайұлының Сыр аймағындағы жұмыс сапары Сырдария ауданы аумағында қоныс тепкен “Ақшабұлақ” кенішінен бастау алды. Жедел штаб мүшелері ілеспе газ өндіру қондырғысы жұмысымен және құрғақ газды Қызылорда қаласына жеткізу жолдарымен танысты. Кеніш басында делегация мү­шелеріне “Газды тиімді пайдалану кешенінің 2-ші кезегінің құры­лы­сы” жобаларының жүзеге асырылу барысымен жобаға тапсырыс бе­руші “КазгерМұнай БК” ЖШС-нің бас директоры Лю Чжи танысты­рып өтті. Оның айтуынша, жоба құны 10,3 млрд.теңге тұрады. Жоба ағымдағы жылы іске қсылып, 300 млн. текше метр газ өңдеп, 21 тұ­рақ­ты жұмыс орны ашылмақ. Мұнан соң жедел штаб мү­ше­лері “Газ-турбиналы электрстан­сасы құрылысы” жобасының жүр­гізілу барысымен танысты. “Крис­талл менеджмент” серіктестігі жү­зеге асыратын бұл жобаның құны 17,7 млрд. теңге тұрады екен. Келе­шекте газ-турбиналы станса салын­са, сағатына 87,0 мВт электр қуа­тын өндіріп, 96 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек. Ө.Шөкеев бастаған топ “Петро­КазақстанҚұмкөлРесорсиз” АҚ-тың жалпы құны 7,6 млрд. теңгені құрайтын “Құмкөлгазтурбиналық стан­сасында қуаттылығы 25 мВт. 2 қо­сымша газ-турбиналы қондырғы­ның құрылысы” және “ВЛ 220 кВ Құмкөл–Қызылорда электр желілерінің құрылысы” жобала­рымен де танысып шықты. “Ақшабұлақ” кенішінен соң делегация мүшелері Жаңақорған ауданына атбасын бұрып, “Батыс Еуропа–Батыс Қытай” халықа­ра­лық автожолы жобасын жүзеге асы­руға дайындық барысын көрді. Бұл халықаралық автожолдың 811,7 шақырымы Қызылорда облысының аумағынан өтпек. Жобаны 2010-2012 жылдары жүзеге асыру жос­парға ендірілген. Жобаны Сыр ай­мағында жүзге асыруға 188,4 млрд. теңге қаржы қаралып, оны жүзеге асыру барысында жылына 18086 адам жұмысқа тартылады деп жос­пар­ланып отыр. Осы халықаралық жо­баға жергілікті жердің өнімдерін пай­далану қолға алынбақ. Ө.Шө­ке­ев бастаған топ мүшелері “Тас­бұлақ” ЖШС-інің қиыршық тас өндіру зауытының іске қосылу рәсіміне де қатысты. Жұмыс сапарын Қызылорда қаласында жалғастырған жұмыс тобы “Автомобиль жолдары бас­қар­масы” ЖШС-інің жақын арада іске қосылатын, құны 700,0 мың теңгені құрайтын “Битум шығару зауытының құрылысы” жобасымен танысты. Зауыт тәулігіне 500 тонна битум өндіретін болады. Тасбөгет қыстағындағы су тазарту құрылғы­сы­ның бас су тоспасында болып, су тоспасын кеңейту мен жаңарту жобасының жай-жапсары, “Техма­ман” ЖШС-інің базасында болып, кәсіптік оқу орнының жұмысын көрді. Бұл оқу орны ағымдағы жы­лы бастау алатын “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық авто­жолы” құрылысына мамандар даяр­лауда екен. Штаб мүшелерінің жұмыс сапары “2010-2014 жылдарға ар­налған индустриялық-инно­ва­циялық даму мемлекеттік бағдар­ламасы аясындағы жобалардың іске асырылуының барысын ба­қылау жөніндегі” штаб оты­рысымен қо­рытындыланды. Онда индустрия­лық-инновациялық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қазақстандық маз­мұн үлесін кө­бейту мәселелері тө­­ңі­регінде әңгіме өрбіді. Облыс әкімі Болатбек Қуан­дықов Сыр аймағында индустрия­лық-инно­ва­циялық даму бағдарла­ма­сы ая­сындағы ауқымды жоба­лар­мен егжей-тегжейлі таныстырды. Ал, штаб отырысын қорытынды­ла­ған Ө.Шөкеев Елбасының тікелей ба­қылауында тұрған еліміздің даму даңғылы – жарқын жобаларды жү­зеге асыру жергілікті биліктің бас­ты бақылауында болып, соны сер­піліс жасалу қажеттігін баса айтты. Жиын соңынан Қызылорда об­лы­сының әкімдігі мен “Қаза­том­өнеркәсіп” ұлттық атом компания­сы” АҚ арасындағы Қызылорда об­лысының 2010 жылдағы әлеумет­тік-экономикалық дамуы туралы меморандумға қол қойылды. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. ХАЛЫҚ САНАҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ Былтырғы жылы еліміз бой­ынша Қазақстан Республикасы халқының кезекті ұлттық санағы өткізілгені белгілі. Енді, міне, агенттіктің жаңа басшысы Әлихан Смайылов ыждағаттылықпен айқындалған халық санағының нақты қоры­тындысын жариялады. Сөйтіп, өткен жылғы халық санағының қорытындылары бойынша Қа­зақстан Республикасы халқының саны 2009 жылғы ақпанның 25-іне қарағандағы түнгі 12 сағаттағы есептеу мерзімінде 16 004,8 мың адамды құраған. Яғни, санақ­аралық кезең кезінде республика халқының саны 1 022,9 мың адамға өсіп, халық санының өсімі 6,8 пайызды құраған. Мұның ішінде қала халқының саны 8 639,1 мың адам, ауыл тұрғын­да­ры 7 365,7 мың адам болып, қала халқының саны 195,1 мың адамға немесе 2,3 пайызға, ал ауыл жұрты 827,8 мың адамға немесе 12,7 пайызға өскен. Яғни, елдегі қала тұрғындарының үлесі 54 пайызды, ауыл жұртшылығы 46 пайызды құрап отыр. Ал ерлер саны 7 722,8 мың адам, әйелдер 8 282,0 мың адам болып, өткен санақпен салыстырғанда ерлер саны 507,1 мың адамға немесе 7 пайызға, ал әйелдер саны 515,8 мың адамға немесе 6,6 пайызға артқан. Қазақтар саны өткен санақпен салыстырғанда 26,1 пайызға өсіп, 10 098,6 мың адамды құраса, өзбектер саны 23,3 пайызға өсіп, 457,2 мың адамды, ұйғырлар 6 пайызға өсіп, 223,1 мың адамды құраған. Ал өткен жылғы халық санағын есепке алғанда 2010 жыл­дың 1 қаңтарында республика хал­қының саны 16 196,8 мың адам­ды құрап отыр. Оның ішінде қа­зақ­тардың үлесі 63,6 пайызды, орыс­тар – 23,3, өзбектер – 2,9, ук­раиндар – 2, ұйғырлар – 1,4, та­тарлар – 1,2, немістер – 1,1, бас­қа этностар 4,5 пайызды құраған.