Газеттің облыстағы тілші қосынына Қарғалы ауданы Ақжайық ауданының тұрғыны Төлеген Бисекеевтің хаты келді. Отыздан астам ем алушының атынан жазған хатында ол сырқаттарға сапалы медициналық қызмет көрсететін аурухана ұжымына алғыс сезімін білдіреді. Әсіресе, ұжымды халықтың денсаулығын жақсартуға жұдырықтай жұмылдрып отырған аудандық аурухананың бас дәрігері Әмірхан Бахоновтың білікті басшы ғана емес, өз ісінің маманы, кәсіби шеберлігі жоғары хирург екенін жеткізеді. «Жақсыны көрмек үшін» дегендей Әділхан Кенжетайұлымен демалыста жүргеніне қарамастан аз-кем әңгімелесуге уақыт тауып жолыққанбыз. Уақытын алғанымызға ғапу етіп жатырмыз ғой, әдеп сақтап. Ой, аға дәрігерде демалыс деген аты ғой, біреудің жаны қиналып жатқанда өз шаруамызды екінші кезекке ысыруға үйренгенбіз дейді күлімсіреп. Аурулар риза болса, болғандай-ақ жан екен.
Ширек ғасырдан астам осы ауданда әуелі хирург болып еңбек жолын бастаған ол аудандық аурухананың тізгінін ұстағалы да ісі ілгері басып келеді. 2009 жылы бұл ұжым облыстың денсаулық сақтау мекемелері арасында өткізіліп келе жатқан «Шапағат» конкурсында «Үздік аурухана» номинациясы бойынша жеңімпаз болса, өткен жылы осы ұжымда еңбек ететін дәрігер Әлия Хангелді ауыл дәрігерлері арасында республикалық байқауда бірінші орынды иеленді, үстіміздегі жылы аудандық аурухана ұжымы «Саламатты өмір салтын насихаттау» номинациясында республика бойынша бірінші орын алды. Емдеу-сауықтыру, аурудың алдын алу жұмыстарын «Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі» бағдарламасы бойынша жүргізіп отырған аудандық ауруханаға жеті дәрігерлік амбулатория және он екі медпункт қарайды.
–Біздің аурухананың осындай жетістіктерге жетуі бүкіл ұжымның еселі еңбегінің, ұйымшылдығы мен бірлігінің, кәсіби біліктілігінің нәтижесі дер едім. «Жалғыз ағаш орман емес», дегендей дәрігерлер мен медбикелер өз ісін терең білмесе, менің бастамаларыма қолдау көрсетпесе, мұндай табыстың ауылы қашық болар елі. Шүкір, ұжымда қалыптасқан еңбек дәстүрі бар. Мамандарымыз өз кәсібінің шеберлері. Осында еңбек ететін 40- тан астам дәрігердің тең жартысы жоғары және 1 дәрежелі мамандар. Былтыр үш жас маман келді. Олар тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Материалдық базамыз жақсы, дәрігерлермен толық қамтамасыз етілдік,–дейді Әділхан Кенжетайұлы.
Бұл – лапараскопиялық операциялар жасайтын бірден-бір аудандық аурухана. Ауруханада осы кезге дейін 200-ден астам осындай операциялар жасалыпты. Мұнда осындай тәсілмен әйелдердің жатырына ота жасау да жолға қойылған. Мұндай операцияларды жоғары дәрежелі дәрігер-хирург Қайрат Бөкеков пен гинеколог Жұлдыз Есенова сәтті жасап келеді. Соңғы бес жылда 300 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, үш жылда 400 миллион теңге медициналық қондырғылар алуға жұмсалыпты. Дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасының нығаюына, дәрі-дәрмекпен, маман кадрлармен қамтамасыз етілуіне облыстық және аудандық әкімшілік, денсаулық сақтау басқармасы ұдайы көңіл бөліп отырады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс, іскерлік ізденістің нәтижесінде ана мен бала өлімі кеміп, құрт ауруының беті қайтып, жалпы ауруға шалдығу көрсеткіші төмендеп келеді.
Аудандық аурухана қызметкерлері жылу беру маусымына да тиянақты дайындықпен түсіп отыр. Бу қазандығы дайын, жеткілікті отын түсірілген. Іші-сырты тап-таза аурухананың екі-үш адамдық палаталарында жаныңа керектің бәрі бар. Теледидар, тоңазытқыш қойылған. Ем-дом алған аурулардың риза болатындай да реті бар. Білікті дәрігерлер мен мейірімді медбикелердің өздеріне деген ықыласты көзқарасы мен жылы сөзі емделушілердің сырқатын сылып алғандай ризашылыққа бөлеуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.