Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен шағын құрамда кездесіп, одан кейін кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.
Бұл сапардың Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өткен Қазақстан Президенті осы жылдар ішінде бұрыннан бауырлас елдердің арасында сенімді серіктестік, тату көршілік байланыстың орныққанын, ширек ғасыр ішіндегі қарым-қатынастың биік деңгейге көтеріліп, Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының достығын нығайту жолында Эмомали Рахмонның айрықша рөл атқарғанын атап өтті.
– Сіз басшылық еткен жылдар ішінде біз зор сенімге, ынтымақтастыққа және достыққа негізделген қарым-қатынас орнаттық. Ешқашан арамызда шешімін таппаған мәселе болған емес. Біз әрдайым, әсіресе халықаралық деңгейде бір-бірімізді қолдап келеміз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге аяқ басқанын айтып, мемлекетаралық қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылауға ықыласты екенімізді жеткізді.
– Екі ел арасында ежелден қалыптасқан жарасымды байланыс бар. Түсінігі мен ұстанымы ұқсас мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы жылдар жылжыған сайын артпаса, кеміген жоқ. Қазіргі таңда Тәжікстан – Қазақстанның маңызды одақтасы әрі серіктесі. Мұндай сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынас елдерімізді жақындастыра түседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы байланыстар дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанына тоқталып, бүгінде екі елдің арасында 80 шарт пен келісімнің барын атап өтті. Ал осы жолғы кездесу барысында жасалған келіссөздер мен бірлескен мәлімдеме екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге бағытталып, келешектегі басымдықтарды айқындады.
– Біз сіздермен кез келген мәселені бірлесе талқылауға дайынбыз. Биыл сіздерде су ресурстарын басқару жөніндегі конференция өтетінінен хабардармыз. Қазақстан бұл бастаманы да қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президентін «Парасат» орденімен марапаттады.
Өз кезегінде Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон жылы шыраймен қарсы алып, қонақжайлылық танытқан қазақ халқына ризашылығын білдірді. «Қазақстан – біздің елдің сенімді серіктесті әрі негізгі одақтасы. Қандай күрделі кезеңдерде де екі елдің достастығына сызат түскен емес. Сіз барлық уақытта да бізге қолдау көрсетіп, Тәжікстанның бейбіт процесіне көмек көрсетіп, экономикалық қолдау білдіріп келесіз. Дипломатиялық байланыс орныққан 25 жылдың ішінде ынтымақтастығымыз нығая түсіп, бүгінде стратегиялық серіктес деңгейіне жеттік», деді ол. Э.Рахмон екі ел арасындағы жан-жақты байланыс қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, оны одан әрі ілгерілетуге ниетті екенін жеткізді. Соңында Э.Рахмон сенімді саяси платформа мен мықты құқықтық базаға негізделген екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
– Тауар айналымының көлемі жөнінен Қазақстан Тәжікстанның жетекші экономикалық әріптестері арасында екінші орынға ие. Біз елдеріміздің кешенді әрі стратегиялық қарым-қатынастарын нығайтуға ниеттіміз, – деді Тәжікстан Президенті.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның елімізге жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Бірлескен мәлімдеме жасау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты кездесуде мемлекетаралық қарым-қатынас, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар, өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты мәселелер жан-жақты талқыланғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстан – Тәжікстаннның негізгі сауда серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, өзара тауар айналымының көлемі шамамен 800 млн долларға жетіп, бір жылда 30 пайызға өскен. Әлі де екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік бар. Сондықтан таяу жылдары екіжақты тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр.
Жалпы Қазақстан Тәжікстанға бидай, ұн, өсімдік майын және құрылыс материалдарын, мұнай өнімдерін тасымалдаса, Тәжікстаннан бізге көбіне жеміс-жидек, көкөністер әкелінеді. «Бүгінде Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерімен жүргізілген байыпты келіссөздердің арқасында кезінде жабық болған темір жол, автокөлік жолдары ашылып, бұл сауда айналымын одан әрі үдете түсті. Қазір Тәжікстанда жаңғақ, қара өрік, анар секілді жемістер пісті. Мұндай таза экологиялық өнімдер біздің елдің сөрелерінде де молынан болса дейміз. Сондықтан келіссөздер барысында жол картасын жасауға да уағдаластық», деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланысқа тоқталған Елбасы алдағы уақытта Астана-Душанбе бағытында тікелей әуе рейісін ашу қарастырылып отырғанын жеткізді.
Брифингте екіжақты су-энергетика саласындағы мәселелер бойынша өткен келіссөздердің нәтижелері де баяндалды. «Біз Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұстанымдарымыздың ұқсас екенін тағы да растадық. Өзара тиімді шешімдер табу қажеттігін айттық. Бұл мәселе бойынша халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне ерекше мән беріледі», деді Қазақстан Президенті.
Кездесу барысында халықаралық ұйымдар аясындағы, әсіресе Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіне байланысты өзара іс-қимыл мәселелері де талқыланып, Ауғанстандағы ахуалға қатысты өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайына айрықша мән берілген.
Қос мемлекет арасында мәдени байланыстар да нығайып, елорда көшелерінің біріне тәжік ақыны, философ Рудакидің есімі берілетіні белгілі болды. Бұл да екі елді жақындастырып, бауырластығын арттыра түсетін басты естелік болмақ.
Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне қол қойылғаннан кейін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Тәжікстан Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметтері арасындағы реадмиссия мен оны іске асыру тәртібі, екі ел азаматтарының Қазақстан мен Тәжікстан аумақтарында болу тәртібі және көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерді; Сыртқы істер министрлері Қайрат Әбдірахманов пен Сероджидин Аслов екі ел ведомстволары арасындағы ынтымақтастық бағдарламасын; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен Тәжікстанның Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрі Насим Олимзода әлеуметтік саладағы ынтымақтастық ниеті туралы меморандумды; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен Тәжікстанның Еңбек, көші-қон және халықты жұмыспен қамту министрі Сумангуль Тагойзода еңбек және халықты жұмыспен қамту саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы меморандумды рәсімдеді.
Кездесулерден кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасын аралады. Мемлекеттер басшыларына Қазақстан Президенті музейі мен экспозициялық-көрме орталығының экспонаттары көрсетілді.
Соңында екі ел басшылары орталықтың интерактивті білім беру технологиясының заманауи мүмкіндіктерімен танысты.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды