Ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасы бойынша Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, құжат аясында аумақтық ішкі істер департаменттері мен жергілікті полиция қызметін біріктіріп, оларды Ішкі істер министрлігіне бағындырып, полиция жүйесін жаңғырту көзделіп отыр.
«Жергілікті полиция және ішкі істер органдары басқармаларының арасында қайшылық фактілері тіркелді. Полиция бөлімдері өзара жасырын қақтығыстарға жол берген. Тіпті, аудандағы басшылардың облыстық жергілікті полиция басшыларына бағынбау фактілері анықталған. Осындай жағдай тексеру барысында расталды. Әсіресе мұндай жайттар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола облыстарында тіркелді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, құқықтық тәртіптің негізі – ол қатаң бағыну», деді Е.Тұрғымбаев.
Жаңа заң жобасы осындай мәселелерді ескере отырып әзірленген. Осыған сәйкес, ішкі істер департаменттері негізінде полиция департаменттері құрылмақ. Вице-министрдің айтуынша, полиция департаменттері мен жергілікті полиция қызметін қосу – туындаған мәселелерді жойып, тікелей бағыну ұстанымын сақтауды қамтамасыз етпек.
Сонымен бірге әкімдерге полиция департаменттеріне қатысты бірқатар құзыреттер берілу қарастырылып отыр. Е.Тұрғымбаевтың сөзіне қарағанда, мұндай қадам әкімдерге құқықбұзушылықтың алдын алуда олардың рөлі мен жауапкершілігін күшейтуге жағдай жасайды.
«Әкімдерге полиция органдарына құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін қою, Ішкі істер министрінің ұсынысы бойынша полиция департаменті басшыларын тағайындау және босату құқығы беріледі. Осыған сәйкес, департамент басшысы жылына бір рет әкім мен халықтың алдында есеп береді», деді Е.Тұрғымбаев.
Сонымен қатар сотталғандарға қатысты бірқатар өзгерістер енгізілмек. Мәселен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға алкогольді сусын ішуге тыйым салынады.
«Мас күйінде жасалатын және рецидивтік құқықбұзушылықтардың қосымша әдістері мен формалары орнатылады. Атап айтқанда, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға алкогольдік ішімдік ішуге толық тыйым салынады», деді Е.Тұрғымбаев.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, бұрын сотталған адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеу үш жылдан бастап, соттылығы жойылатын мерзімге дейін ұзартылады. Бұдан бөлек әкімшілік ұстау мерзімін 3-тен 24 сағатқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Олардың құқықтары мен міндеттері, ұстау шарты бекітіледі.
Баяндамадан кейін Мәжіліс депутаттары заң жобасына қатысты өз сұрақтарын қойды. Халық қалаулылары қызметтік баспананы жекешелендіру жөнінде сауал қойған болатын. Е.Тұрғымбаев оған жан-жақты жауап берді.
«Қазіргі таңда полиция қызметкерлері жасарып келеді. Бұрын ішкі істер органдарына 30 жасында келіп, 20 жыл қызмет істейтін. Содан кейін зейнетке шығып, қызметтік баспананы жекешелендіруге құқылы болды. Бүгінде орта есеппен 22 жаста қызметке келеді. Яғни 20 жылдан кейін, 42 жасында пәтерді жекешелендіру үшін зейнетке шығуға мәжбүр. Ал 42 жастағы қызметкер бірнеше жыл жұмыс істей алады. Ондай мамандар ішкі істер органдарына қажет екені анық», деп түсіндірді Е.Тұрғымбаев.
Министрдің орынбасарының айтуынша, жаңа заң жобасы бойынша 20 жыл еңбек өтілінен кейін полиция қызметінде қала отырып, баспанасын жекешелендіреді. Қызметкер қаза тапқан жағдайда, оның отбасы аталған пәтерді өз мүлкі ретінде тіркеуіне мүмкіндік туады.
Сондай-ақ Палата ТМД мемлекеттерінің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі келісімге байланысты ратификациялық заң жобасын мақұлдады.
Бұл заң жобасы жөнінде Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасап, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Жоғарыда аталған келісім ақпаратты трансшекаралық беруді ұйымдастыру, әлеуетті және нақты қауіп-қатерлерден ақпараттық жүйелер мен ресурстарды қорғау технологиясын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ақпаратты қорғау құралдарын сертификаттаудың және сертификаттау нәтижелерін өзара танудың келісілген тәртібін белгілеу бағытындағы ынтымақтастықты арттыру көзделіп отыр.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері туралы сауал жолдады. Бұл сұраққа Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Ерғожин жауап берді. Оның айтуынша, ақпараттық лаңкестік актілері, теріс бағытқа насихаттайтын ақпараттар, қасақана іс-қимылдар туындаған жағдайда Қазақстан заңнамасына сәйкес, ондай интернет ресурстарға шектеу қойылады.
«Интернет кеңістігінде жаппай ықпал ету жасалып жатса, тиісті аймақтарда ғаламтор желісі бұғатталуы мүмкін. Алайда мұндай жағдай аса қажетті жағдайларда ғана жүзеге асады», деді Д.Ерғожин.
Ал мемлекеттік органдарға қатысты ақпараттық шабуылдар жасалса, онда техникалық мүмкіндіктерге сүйеніп, IP-адресті бұғаттау немесе басқа да тиісті шаралар қарастырылады.
Халық қалаулылары жалпы отырыста архив ісі жөніндегі түзетулерді талқылады. Бұл құжат туралы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кеңес Абсатиров баяндама жасады. Депутаттар талқылаудан кейін, осы заң жобасына да қолдау білдірді.
Бұл күні Мәжіліс Қазақстан мен АҚШ мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты, сонымен бірге, Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) арасындағы ФАО-ның біздің елдегі Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Сондай-ақ «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы Қорғас өзенінде «Шүкірбұлақ (Алмалы)» бірлескен сел ұстайтын бөгет салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасының жұмысын бастады. Осы заң жобасы жөнінде баяндама оқыған Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский жобаға екі мемлекет теңдей етіп қаржы бөлетінін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары 2009 жылғы 17 қарашадағы Ресеймен «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»