Ж.Самраттың мақаласынан бұрын «Егемен Қазақстанда» (29.01.2015 ж.) осы ойды профессор Б.Сманов та жан-жақты негіздеуге ыңғай танытқан. Аталған авторлардың бұл мәселеге жарық түсіруге ықылас білдіргені, әрине, құптауға лайық. Дегенмен, бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихымен тікелей байланысты бұл мәселеге қатысты ақиқатты нақтылап анықтай түсу қажет сияқты көрінді.
Сонымен, қазақ топырағында тамыр жайған тұңғыш жоғары оқу орнына қанша жыл толды? Тарих бұлақтарына үңіліп көрейік.
Белгілі мемлекет қайраткері, мемлекеттік қызметін білім саласында бастаған Т. Жүргенов 1927 жылы жасаған баяндамасында 20-жылдардың басындағы қазақ қоғамындағы сауатсыздық 95% деңгейде болғандығын көрсетеді. Міне, осындай жағдайда білім жүйесінің алдында тұрған негізгі міндет, әрине, жалпы бұқара халықтың сауатын көтеру болғандығы түсінікті. Ал бұл кезеңде жалғыз қазақ жерінде емес, бұрынғы Ресей империясы көлемінде де сауатсыздық мемлекет үшін ең үлкен мәселелердің біріне айналды. Өйткені бұқара халықтың сауаттылық деңгейін көтермей ең өзекті қоғамдық мәселелерді шешу мүмкін емес еді. Соған байланысты Ташкентте 1918 жылы ашылған түрлі өлкелік педагогикалық курстар мен Қазақ ағарту институтының стратегиялық тұрғыдан міндеті мен мақсаты, әрине, бірінші кезекте сауатсыздықпен күрес болатын. Яғни білім беру ісін жүргізудің алғашқы сатысы сауатсыздықты жою еді. Оқу орындарының қызметі ең алдымен осы міндетке жұмылдырылды.
1918 жылы 20 қарашада Ташкент қаласындағы орыс педагогикалық училищесінің жанынан ұйымдастырылған алты айлық курстар қазақ мектептері үшін арнайы мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны еді десе де болады. Осы курстарда сабақ жүргізу үшін Перовск (қазіргі Қызылорда) қаласынан Қ.Қожықов, Хиуадан А.Байсейітов, Шымкенттен С.Айзунов және басқа оқытушы мамандар шақырылады. Қазақ педагогикалық курсының жұмысын жүргізу үшін арнайы «Педагогикалық коллегия» құрылып, оның құрамына Х.Болғанбаев, С.Қожанов, Қ.Қожықов, Ф.Құлтасов және Е.Табынбаев еніп, курстың меңгерушісі болып И.Тоқтыбаев белгіленеді. 1919 жылы мамырда, міне, осы педагогикалық курстарды 145 адам аяқтап шығып, олардың бәрі бірдей қазақ мектептерінде мұғалім болып қызмет атқаратындығы жөнінде қолхат береді (Т.Тілеуқұлов, Г.Тілеуқұлова Из истории казахского педагогического института в Ташкенте. Алматы, 2005, с. 27-28).
Қарқынды өзгерістер жолында тұрған өмір білім жүйесіне тынымсыз жаңа талаптар қоюмен болды. Қазақ педагогикалық курсы 1919 жылы 1 маусымда жеке педагогикалық училище болып бөлінеді де, өз ретінде осы училище 1920 жылы Қазақ Оқу-ағарту комиссариаты алқасының шешімімен Қазақ ағарту Институты болып қайта құрылады. Училищеге тиесілі материалдық-техникалық база түгелдей институтқа өтеді. Ташкенттік тарихшы ғалымдарымыз Шырынбек Оразымбетов пен Сейдуәлі Тілеуқұловтың мақсатты еңбегі арқылы жарық көрген жинақта Қазақ Ағарту институты өмірінен біраз мәліметтер бар.
Мәселен, ішкі істер комиссариатының өкілдері Елизаров пен Черняк қолдарын қойған актіде 1920 жылы 1 қазанда ашылған институттың «міндеті бірінші сатылы мектептер үшін жоғары-кәсіби мұғалімдер даярлау» деп көрсетіліп, оқу-ағарту институтының бағдарламасын Халық-ағарту комиссариатының тапсырмасы бойынша арнайы құрылған комиссия даярлайтындығын ескертіп, «қазіргі уақытта шамамен ІІ сатылы мектеп және ішінара жоғары оқу орындары бағдарламасын басшылыққа алып отырғандығы баяндалады.
Институттың 1920-1921 оқу жылына байланысты даярлаған есебінде оқу орнының І сатылы мектептерге мұғалімдер даярлау ісіне басымдылық беріп отырғандығы, тек қазақ тілінде оқулықтардың жоқ болуына, сондай-ақ педагог кадрлардың тапшылығына байланысты ІІ сатылы мектеп бағдарламасын ұстануға мәжбүр болып отырғандығы жөнінде айтылады.
Яғни бұл келтірілген фактілерден педагогикалық курстар мен училище сияқты, Қазақ ағарту институты да толыққанды жоғары кәсіби білімді педагогтар даярлау ісіне көше қоймағандығын байқау, әрине, қиынға түспейді. Ондай мақсатқа көшуге қажет алғышарттар түзіле қойған жоқ-тын. Соған байланысты «Қазақ ағарту институты туралы» Ережеде оның мәртебесі «педагогикалық орта оқу орны» дәрежесінде бекітілді. Негізгі оқу курсының мерзімі алдымен бес жыл, кейінірек төрт жыл болып белгіленді.
Дегенмен, Қазақ ағарту институты елімізде жоғары білім жүйесін даярлау ісінде аса маңызды міндет атқарғандығын айтқан жөн. Онда педагогтік кәсіпті игеру ісінде алғашқы жіктелу үдерісі жүрді. Мәселен, институтта педагогикалық топпен қатар тарихи-филологиялық, физика-математикалық және жаратылыстану-географиялық бөлімдері жұмыс істей бастады. Бұл топтардың тыңдаушылары жалпыбілімдік пәндермен бірге аталған бағыттарға қатысты арнайы пәндерді оқыту ісін қолға алды. Сондай-ақ педагогиканы дидактикамен бірлікте оқыту, психология, логика, мектеп гигиенасы, музыкалық және дене тәрбиесі сияқты пәндерді игеруге де назар аударылды.
Институттың кадр құрамы да іріктеле бастайды. 1922 жылдың 1 наурызына тиесілі оқытушылар тізімінен Абланов Сыдық (ана тілі), Байтурин Алажан (тарих), Байтурин Әділбек (математика), Байтасов Абдолла (қазақ тілі), Досмұхамедов Халел (гигиена), Колесникова Серафима Васильевна (орыс тілі), Тынышбаев Мұхамеджан (тарих), Жұмабаев Мағжан (педагогика), Ғалымжанов Файзулла (табиғаттану) және басқа оқытушылардың аты-жөнін кездестіруге болады.1923-1924 оқу жылында Қазақ ағарту институтында 259 адам білім алды. Дегенмен, Қазақ автономиялық республикасының мұғалім кадрларға сұранысын Қазақ ағарту институты қанағаттандыра алған жоқ. Осы жағдайды ескере отырып Қазақ үкіметі 1925 жылы РСФСР Халық ағарту комиссариаты алдында Қазақстанда жоғары оқу орнын ашу туралы мәселе қояды да, оның келісімін алған соң, Қазақ ССР Халық комиссарлар кеңесі 1926 жылдың 15 тамызынан бастап Ташкент қаласында «Қазақ Жоғары Педагогикалық институты» деген атпен қазақ жоғары оқу орнын ашу туралы шешім қабылдайды.
Ташкент қаласында ұйымдастырылған алғашқы жоғары оқу орнының ашылу салтанаты 1926 жылы 29 қазанда өтеді. Осы шараға байланысты сол кездегі республика астанасы Қызылордадан арнайы барған Оқу-ағарту комиссары, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда білім министрі Смағұл Сәдуақасұлы өз сөзінде: «Әрине, бізге әртүрлі мамандық иелері қажет. Біз агрономдарға да, дәрігерлерге де, инженерлерге де және басқа қызметкерлерге мұқтажбыз. Дегенмен, қазіргі уақытта қазақ еңбекшілері бірінші кезекте педагогтарға мұқтаж» деген тұжырымы арқылы ашылып отырған оқу орнының басқа емес, неге педагогикалық бағыт алғандығына нанымды түсінік берген еді.
Қазақ педагогикалық институтының уақытша Ережесінде «Институт жоғары педагогикалық оқу орны болып табылады» деп көрсетіліп, ал оның міндеті «а) 2-сатылы қазақ мектептері мен техникумдарға оқытушылар даярлау; б) ғылыми-методикалық мәселелерді шешу, педагогика және өлкетану салаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру», сондай-ақ, «в) Қазақ Автономиялық ССР еңбекші бұқарасы арасында ғылым жетістіктерін тарату» екендігі айтылды.
Ережеде, сондай-ақ, Қазақ педагогикалық институтына РСФСР педагогикалық жоғары оқу орындарына тиесілі құқық пен штаттық кестенің тарайтындығы, ал оқу жоспары мен бағдарламаларды анықтауда РСФСР педагогикалық институттары үшін белгіленген оқу жоспары мен бағдарламаларды басшылыққа алатындығы (жергілікті ерекшеліктерді ескеру және оларды енгізу арқылы) міндеттелді.
Ал осы алғашқы жоғары оқу орны неге ұлттық сипат алуға тиіс болды? Осы сауалға жауап берген жөн. Ол институтты ұйымдастырудағы басты міндеттен, яғни, жоғары оқу ошағы арқылы қазақ халқын өз ана тілінде әлемдік мәдени кеңістікке шығару әрекетінен туындап жатты. Осы қойылған міндетке байланысты институт жұмысына, ондағы оқу процесін жүргізу ісіне кеше ғана ұстанған көзқарас ерекшелігіне қарамастан, бүкіл алаштық белсенді буын тартылды. Өйткені бұл шара мемлекет, қоғам алдында тұрған міндетке толық үйлесімді қадам еді. Өкінішке қарай, көп ұзамай совет билігі бұл ұстанымынан бас тартты. Алаштық зиялылар 1925 жылдан бастап оқу-ағарту ісінен шеттетіле бастады. Бұл жағдай білім жүйесінің гумандық, ұлттық мазмұнына әсер етпей қоймайтын еді. «Түрі ұлттық, мазмұны интернационалдық» қағидасы басымдық алуға тиіс болды.
Институт ректоры Т.Жүргенов жылдық есебінде «жыл өтсе де ұлттық жоғары оқу орнын құру ісі аяқталған жоқ» деген ойды білдіріп, бұл ойын негіздеуді ұмытпаған еді. Ректордың пікірінше жоғары оқу орны қашан және қандай жағдайда өз міндетін атқара алады? Ондай мүмкіндікке жоғары оқу орны институт қабырғасында жүргізілетін пәндер түгелдей жергілікті қазақ халқының тіліне көшірілгенде, яғни, білім жолына түскен қазақ баласы бастауыш және орта мектепті ғана емес, сондай-ақ жоғары білімді де өз ана тілінде алып, (біртұтас жүйе ретінде) табиғат және қоғамдық қатынастар сырын ашып, түсінуге көмектесетін әлемдік ғылымды өз ана тілінде игеру мүмкін екендігіне толық көзі жеткенде ғана ұлттық жоғары оқу орны қалыптасты деп айтуға болатындығына баса назар аударды. Ал әзірге, мақсатқа бет бұрып, сол жолға енді ғана шықтық деген тұжырымға келеді. Басқаша айтқанда, бұл тарихи кезеңнің ерекшелігі енді ғана қалыптаса бастаған мектеп жұмысын жергіліктендіру, яғни оған ұлттық түр ғана емес, ең негізгі нәрсе – ұлттық мазмұн да беру еді. Бұл өзін Ахмет Байтұрсынұлының шәкірті санаған, Темірбек Қараұлы Жүргеновтің жасаған тұжырымы еді.
Өз ретіне қарай айта кеткен артық емес, 1937 жылы абақтыға тағы да жабылған Ахаң қиналған бір сәтінде жұмыс сұрап, Жүргеновтің қабылдауында болғанын, оның комиссариаттың көмегі деп үш жүз сом ұстатқанын қадалып сұраған тергеушіге айтуға мәжбүр болады. Осындай қиын сәттерде ел азаматтары бірі-біріне қолұшын беруді де ұмытпаған еді.
Т.Жүргеновтің мәселені осындай тұрғыдан қоюының тағы да бір мынадай сыры бар-тын. Жаңа биліктің алғашқы жылдары бастауыш мектептерде оқу қазақ тілінде, ал орта білім беретін мектептерде сабақ орыс тілінде жүргізілді. Ол, әрине, ең алдымен мұғалім кадрлардың және қазақ тіліндегі оқу құралдарының жетіспеуіне байланысты еді. Соған байланысты қазақ жастары орта оқу орындарының даярлау бөлімінен өтуге мәжбүр болды және ол айтылған қажеттіліктен туған шара еді. Сол сияқты, жоғары білімге қол жеткізу де орыс тілін меңгеруге тәуелді болды. Халық комиссариаты осы жағдайды ескеріп, білім жүйесін бүтіндей қазақ тіліне көшіру тез арада орындала қоятын нәрсе емес, сатылап атқарылатын іс деп қарастырды.
Алғашқы қазақ жоғары оқу орнын ұйымдастырушылардың түсінігінде ол жоғары білімді педагог кадрлар даярлайтын оқу орны болумен қатар қоғамда ғылыми ізденістерді өрістететін ғылыми орталыққа айналуға тиіс еді. Яғни олар ғылыми ізденістер мен жобалар оқу процесімен қатар жүргенде ғана нәтижелі болмақ деп түсінді. Мақсат еуропалық ғылым мен білімнің жетістіктерін қазақтың қалың бұқарасына жеткізу еді. Осы тұрғыдан келгенде қазақ жоғары оқу орнының бірден-бір міндеті қарқынды түрде ғылыми терминологиямен жұмыс жасай алатын, жоғары және орта оқу орындары үшін қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға қабілетті педагог кадрлар қалыптастыру болды.
Алғашқы ұлттық жоғары оқу орнына жүктелген осы міндетке байланысты оның негізін қалаушылардың бірі Х.Досмұхамедұлы мынадай ой білдірді: «Қазақ тілінде бұған дейін Ахметтің (А.Байтұрсынұлы – М.Қ.) «Тіл құралынан» басқа ешбір ғылым жайында жазылған кітап болмады. Алдымызда үлгі болмаған соң, ғылым кітабын жазу өте қиын болды. Ғылым атауларына лайықты ат қою алғашқы уақытта тым мұқтаж, бүтін ілгері болашаққа жол салатын нәрсе, сондықтан алғашқы жазылған кітаптарды әсем қылып, сөздің жүйесін келтіріп жазудан көрі, ғылым атауларына лайықты атақ тағу жағын қарастыру керегірек дейміз». Айтылған сөзін іс жүзіне асыра отырып Халекең «Табиғаттану», «Жануарлар» сынды қазақ мектебі үшін жазылған оқулықтарын өмірге әкелді.
Қазақ тілінде балама терминдер қалыптастыру ісінде пединституттың жетекші оқытушыларының қатарында болған Елдос Омарұлы өзі даярлаған геометрия оқулығын – пішіндеме, тригонометрияны кескіндеме деп аударды. Ал оның «Пішіндеме» оқулығында теорема – түйін, биссектриса – жарма, радиус – өре, хорда – керме, параллелограмм – қиықша, пропорционал – құрылымдас, фигура – пішін, трапеция – қостабан деп аталып, қазаққа өте түсінікті тілде жазылды.
Жоғары білімді мамандар даярлау ісі елдегі мемлекеттік басқару аппаратын жергіліктендіру үрдісіне байланысты жүрді. Бұрынғы уақытта мемлекеттік басқару ісінен шеттетілген қазақ қоғамы үшін өз жоғары оқу орны болуы аса маңызды қажеттілік-тін. Болашақта ол біртіндеп елдің ішкі сұраныстары мен ерекшеліктеріне бейімделіп, оларды қанағаттандыра алатындай дәрежеге көтерілуге тиіс болды.
1926 жылы тамызда пединститут студенттерінің саны 338 адамға жетті. Дегенмен, бұл көрсеткіш Қазақстан сияқты одақ құрамындағы үлкен республиканың өскелең сұранысын қанағаттандыра алмады. Оның үстіне жаңа ашылған институттың қазақ жерінен тыс өңірде орналасуы түрлі қолайсыздықтар туғызған еді. Осы жылдары Қазақ педагогикалық институтында мұғалімдік қызметте жүрген Елдес Омарұлы Ортаазиялық мемлекеттік университеті тарапынан қазақ пединститутын ығыстыру әрекеті байқалғандығын, ал қазақ қызметкерлері өз ретінде Қазақстан үшін жалғыз жоғары оқу орнын сақтап қалуға мүдделілік танытқандығын ескертеді.
1927 жылы 23 наурызда Қазақ АКСР-нің Халық комиссарлар кеңесі республикада жоғары оқу орнын – ҚазМУ-ды ұйымдастыру туралы мәселені талқылап, Халық Ағарту комиссиариатына Ташкенттегі Қазпедвузды университет ретінде қайта ұйымдастыру мүмкіндігін, сондай-ақ, бір ай мерзімде Қазпедвузды Ташкенттен Алматыға көшіру мәселесін қарастыруды, осы мақсатта Жетісу губерниялық атқару комитетімен университет орналасатын қажетті ғимараттарды анықтау туралы келіссөз жүргізуді, Қазпедвуз үшін профессор-оқытушылық құрамын жасақтау және оларды жұмысқа тартудың шұғыл шаруаларын қолға алуды тапсырады.
Алматы қаласында университет мәртебесін алған оқу орнының ашылу салтанаты 1928 жылы 1 қазанда өтеді де, оның ашылу салтанатында сөйлеуге қазақтың ұлы ғалымы және мемлекет қайраткері, қоғамда қазақ ағартушылығының басшысы ретінде мойындалған Ахмет Байтұрсынұлы шақырылады. А.Байтұрсынұлы өз сөзінде білім мен ғылымның қазақ сияқты елдің тағдырында алатын орнына тоқталады, яғни, ұлтты басқа жұртқа тәуелділіктен құтқаратын, оны басқа мәдениеттермен тең ете алатын жалғыз жол ол мәдениет, білім мен ғылым жолы екендігін атап көрсетеді.
1928 жылы 10 қазанда Санжар Жағыпарұлы Асфендияровтың ҚазМУ-дың ректоры қызметін атқаруға ресми түрде кіріскендігі туралы бұйрық және педагогика факультетінің бірінші курсына қабылданған студенттердің алғашқы тобының тізімі жарияланады. Осылай Қазақ топырағында ашылған алғашқы жоғары оқу орны өзінің бірінші оқу жылын 119 студент және оларға дәріс беретін 9 оқытушы-профессорлар құрамында өз жұмысын бастап кеткен еді.
1930 жылы университет құрамында ашылуға тиіс болып белгіленген ауылшаруашылық және дәрігерлік факультеттері өз алдына бөлек жоғары оқу орындары ретінде қалыптасуына байланысты университеттің аты өзгертіліп, Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты аталынды. 1935 жылы институтқа ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының есімі берілді.
Сонымен еліміздегі алғашқы жоғары оқу орнының тарихын Қазақ педагогикалық институтынан бастап, ал оның Қазақстан жеріне көшіріліп, өз қызметін Алматы қаласында жүргізгеніне тоқсан жыл толды деп тұжырымдағанымыз тарихи шындыққа үйлесімді болмақ.
Бүгінгі уақытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті елімізде педагог кадрлар даярлау ісінде ерекше мәртебеге ие жетекші жоғары оқу орны ретінде мойындалған. Білім берудің жаңа жүйесіне көшкен (бакалавриат-магистратура-докторантура) оқу орнында 157 ғылым докторы, профессорлар, 369 ғылым кандидаты, доценттер, (оның ішінде 25 РһD ғылым докторы), 121 ғылым магистрлері жұмыс жасайды. Университет 2017 жылы алғаш рет әлем университетінің ТОП-500 қатарына және QS World University Ranking рейтингінде әлемнің үздік 491 университетінің қатарына енді.
Абай атындағы Қазақ ҰПУ-нің 90 жылдығы қазақ жерінде тамыр жайған алғашқы жоғары оқу орны ретінде бүкіл республика жұрты үшін аса маңызды оқиға ретінде аталуға лайық.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор