16 Наурыз, 2018

Балабақшалар жекеменшікке берілмеуі тиіс

709 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Министрліктің жақында өткен бір алқа жиналысында Білім және ғы­лым министрі Ерлан Сағадиев «Бізге жетіп жатқан ақпараттар бойын­ша, «сенімді басқаруға беру» туралы же­леу­мен жергілікті жерлерде бала­ба­қ­ша­­лар мен колледждерді жекеше­лен­ді­ру мә­селесі қолға алына бастаған көрінеді», деп мәлімдеді. 

Балабақшалар жекеменшікке берілмеуі тиіс

Сонымен қатар ол жекеше­лен­діруге үзілді-кесіл­ді қарсы екенін айта келіп: «Біз бұрын бір рет бұл жағдайды басымыздан өткеріп, жеке­шеленіп кеткен балабақша ғимарат­тарын қайтадан сатып алуға мәжбүр болғанбыз. Білім беру саласы нысан­дары­ның жетімсіздігі әлі де ұзақ уақыт сақталатын болады», деді. 

Министр мырзаның дабыл қа­ға­тын-ақ жөні бар. Біздің елдің шенді-шек­пен­ді­лері өткеннен сабақ алар тәубесін ұмыт­­қан. «Жең ұшынан жалғасқан» жап­­пай жекешелендіруді желеу етіп, елі­­м­із­дегі бүкіл балалар бақшасын талан-таражға салып, қарапайым халық­ты тесік астауға телмірткені күні кеше ғана еді ғой.

Сарапшылардың нақты дерегі бойынша, тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдары Қазақстанда 7 жасқа дейінгі балалардың 70 пайыздан астамын қамтыған Орталық Азиядағы ең үздік мектепке дейінгі білім және тәрбие беру жүйесі болды. 1991 жылы елімізде 8743 балабақша жұмыс істеген екен. Үкімет «оңтайландыру» ұранын ортаға тастап, айналасы жеті сегіз жылдың ішінде 4868 балабақша ғимаратын жекешелендіріп, қалғанын «өз күніңді өзің көр» қағидасымен қараусыз қалдырды. Соның салдарынан 2000 жылға дейін еліміздегі балабақша саны 1144-ке дейін құлдырады. Сөйтіп аз ғана уақытта еліміздегі жылдар бойы жи­налған материалдық игілік пен тәжі­рибе құрдымға жіберіліп, мектеп­ке дейінгі білім мен тәрбие беру саласы қатты ойсырады. Сөз орайына бай­ла­нысты айта кететін болсақ, біз бала­бақша саны жағынан күні бүгінге дейін сол 1991 жылдың деңгейіне жеткен жоқ­пыз. 2017 жылы еліміз бойынша 7074 мем­лекеттік балабақша жұмыс істеді.

2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің кәсіпкерлеріне, әртүрлі жолдар арқылы бизнеспен айналысатын шенеуніктеріне ашық сөз арнап, 90-шы жылдары жекешеленіп кеткен балабақша ғимараттарын қайта­дан мемлекетке қайтару қажеттігін күн тәртібіне қойды. Сол жылы Астана қаласы бойынша 14 балабақша ғима­раты қалалық білім басқармасының иелігіне қайтарылды. Бірақ жақсы бас­талған бастаманың ғұмыры ұзаққа бармады. Уақыт өткен сайын сиыр­құйым­шақтананып, 2011 жылы елордамызда 1 балабақша ғимараты ғана қайтарылса, содан бергі өткен жылдарда мүлде тоқтады. Жалпы еліміз бойынша, 2010 жылдан бастап 2016 жыл аралығында кезінде жекешеленіп кеткен 246 балабақша ғимараты мемлекетке қайтарылған екен. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, 1991 жылдан 2000 жылға дейін еліміздің білім беру саласы жеті мыңнан астам балабақша ғимаратынан айырылғанын ескерсек, бұл «құмға сіңген судай» мардымсыз көрсеткіш.

Соңғы жылдары балабақша тапшы­лығы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Өт­кен жылдың соңындағы мәлімет бо­йынша, тек Астана қаласының өзін­де ғана 40 мыңнан астам бүлдіршін бала­­бақша кезегінде тұрған көрінеді. Үкі­­мет бұл өткір әлеуметтік проблема­ны шешу жолында қолдан келгенді жа­сап жатқан сыңайлы. Атап айтар бол­сақ, қазір елімізде 9400-ден ас­там бала­бақ­ша жұмыс істейтін болса, оның 7074-і мемлекеттік, қалғаны жеке­мен­шік балабақшалар болып табылады. Жергілікті атқарушы билік органдары балабақшадағы орын тапшылыған жекеменшік балабақшалар ашу арқылы жойғысы келеді. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, жекеменшік балабақшалар талабын қарапайым халық көтере ала ма? Мәселен, мемлекеттік балабақшаға тө­лей­тін бір айлық төлем 15 мың теңге мөлшерінде болса, жекеменшік бала­бақ­шалар бүлдіршіннің бір айлық тәр­бие­сіне 60-80 мың теңге көлемінде. қар­жы талап етеді. Сапасы ол бағаға лайық емес Ай сайын 100 мың теңгенің о жақ, бұ жағында жалақы алатын жас мамандар бүлдіршіндерін мұндай «бизнес балабақшаларға» қалай бермек?

Әлемдік тәжірибе бүлдіршіндердің 3 жастан 6 жасқа дейінгі даму кезеңі мек­тепке оқуға дайындау үшін ең қо­лайлы жас екенін көрсетеді. Осы­лай­ша Францияда 3 – 6 жасқа дейінгі бала­лардың барлығы дерлік балабақшаға барады. Осындай үрдіс Германияда, Канадада, Венгрияда, Англияда орын алған. Өркениет биігіне ұмтылып, әлем­дік үрдістегі білім беру жүйесінің 12 жылдық оқыту тәжірибесіне кіргелі отырған Қазақстанда да балаларды мектепке дейін 3 жастан 6 жасқа дейін даярлауды қамтамасыз ету қажет. Ол үшін еліміздегі балабақшалар жүйесінің санын да, сапасын да арттыру керек. Сондықтан, «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, мектепке дейінгі білім беру саласын күйреткен «жекешелендіру» тәжірибесін енді қайтіп қолдануға болмайды. Жалпы, әлеуметтік әділетілікке басымдық берген елде балабақшаны жекешелендіру жат құбылыс. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»