Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»
Таяу күндерде ғана жұртшылыққа жол тартқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі мені ерекше әсерге бөледі. Қатты толқынысымды жасыра алмай қолыма қалам алдым. Тамыры тереңде жатқан тарихымызға үңілер болсақ халқымыз жақсы мен жаманды, бар мен жоқты қатар көрді. Тар заманға тап болып тайғақ кешкен тұстар да аз болған жоқ. Сан сүрінді, бірақ құлаған жоқ. Талықсыды, бірақ талған жоқ. Қилы күндердің қыспағынан аман өтіп ата-бабаларымыз армандаған асқақ арманның биігіне көтерілдік. Азаттықтың ақ таңына жеттік. Егемендік алып, еңселі ел болдық. Тәңір ием нұрын шашып, өшкеніміз жағылып, өткеніміз танылды. Болашаққа бағдар алған қазақ елі халқының асыл мұратын, асқақ арманын бүкіл әлемге әйгілеген бір ұлына сенім артты. Сол бір сенім оты маздап жанып, миллиондаған кеуделерге жалын сыйлады.
Мемлекет басшысы өз Үндеуінің алғысөзінде: «Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз», деді.
Иә, Қазақстан халқының игілігіне бағытталған бұл жоба бүкіл еліміз үшін барлық жақсылықтарға жол ашқан дара жолға айналғалы тұр. Бұл әлеуметтік жоба шынымен де көптен көкейде жүрген сан тарау ойдың тамырын тап басты. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жайлаған тегіс жұртты шапағатқа бөлеген шуақты лепке айналды. Бұған бір ғана себеп, аз уақыттың ішінде осы бастама жер-жерлерде қызу талқыланып халықтың қолдауы мен ризашылығына бөленді. Мемлекет басшысы өз Үндеуінде тайға таңба басқандай атап көрсеткен бес бағыттың барлығы да өсіп-өркендеуіміз үшін, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған аса қажетті мәселелер деп санаймын. Кемел келешекке керуен тартқан келелі Үндеу кең-байтақ даламыз бен халқымызды сән-салтанат биігіне одан сайын жоғарылата түспек.
Елбасы ең алдымен халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселесіне тоқталды. Халқымыз «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп бекер айтпаса керек. Адам қоғамға қалтқысыз қызмет етіп, өз саласына, кәсібіне белсене кірісу үшін оның материалдық жағдайы жеткілікті болуы шарт. Мұның ең негізгісі баспана. Осыны тереңнен түсінген Елбасы бұған дейін де өз жолдауларында қолжетімді баспана мәселесіне айрықша мән беріп, осы тақырыпқа бағытталған қаншама бағдарламаның ұйытқысы болды. Бірақ уақыт талабына сай бұл іске бұдан да қуатты серпін қажет еді. Ол туралы Үндеуінде нақты айтылды.
Президент ұсынған «7 – 20 – 25» бағдарламасы жұртшылықты тұрғын үймен жаппай қамтуға арналған бірегей ұтқыр жоба. Ең төменгі 7 пайыздық несиеге, бар болғаны 20 пайыздық бастапқы жарнасын төлеп қалаған пәтеріңді алып, қалған соманы 25 жылда өтеу баспана алуды армандаған әрбір отбасына жасалған үлкен мүмкіндік, зор қолдау. Осы арқылы қаншама жастар қанаттанып, болашаққа серпін алмақ. Еңбекке белсенділік артып, көңілдерде рухани тыныштық орнайды.
Қазіргі заман талабы мүлде басқа арнаға бұрылды. Адамның материалдық тұрғыдан ілгерілемей тұрып рухани игіліктерге қол жеткізуі қиынға айналды. Бұл әлем елдерін алаңдатқан өзекті проблема. Бар мәселенің түбі айналып келгенде қаржыға тірелетін болды. Әлеуметтік теңсіздік талай жұртты тығырыққа тіреді. Осы тұста «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» деп аталған Елбасы көтерген екінші мәселенің орны айрықша. Жалақысы төмен жандардың жағдайын жақсарту үшін салықты 10 есе азайтып, бір ғана пайызбен салық салуды ұсынды. Мұның өзі ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын жандарға үлкен қолдау болғалы тұр. Мемлекет басшысының жуырда ғана халыққа жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы да осыған дейін ұсынылып елімізде ретімен жүзеге асырылып келе жатқан «Мәңгілік Ел», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Цифрлы Қазақстан» сияқты маңызды реформалардың заңды жалғасы деп білеміз. Инновациялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы халықтың жағдайын жақсарту, сол арқылы елімізді бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарына кіргізу, руханият пен мәдениетті жетілдіру сияқты идеялардың барлығы мемлекетімізді дамытушы күш.
Үндеуде айтылған үшінші бағыт болашаққа жасалған айқын қадам деп айтуымызға әбден негіз бар. Неге десеңіз, жастар біздің болашағымыз. Оларға жасалған қолдау, көрсетілген көмек болашаққа салынған үлкен инвестиция. Дана халқымыз «Не ексең, соны орасың» демеуші ме еді. Сол айтқандай, елдігімізді жалғап, бірлігімізді бүтіндеп, тірлігімізді түгендейтін осы жастар. «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жайына арналған бұл бағыт бар өмірін студент жастарға арнаған ұстаз ретінде менің көңілімді сүйсінтті. Осындай батыл қадамдарға бару арқылы болашағымыздың іргетасын нығайта түсеміз. «Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда» деген Елбасы қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың білім грантына 2018-2019 жылдары қосымша 20 мың грант қосылатынын тілге тиек етті. Бұл көптеген ауыл жастарының жоғары сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті, талапқа сай маман болуына жол ашатын болады. Мәселен, өзім қаншама жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Қазақ ұлттық аграрлық университетінде тәлім алатын жастардың 95 пайызы қаракөз ауыл балалары. Олардың тұтас бөлігі ауылдарға барып ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасайды. Президент былтырғы Жолдауында аграрлық сектор экономиканың драйверіне айналуы керектігін қадап айтқан болатын. Ел экономикасының ілкімді ілгерілеуі де ауыл шаруашылығын дамытумен тікелей байланысты. Ендеше ауылдан арман арқалап келген осы жастар ауыл шаруашылығының арбасын алға сүйремек. Осы тұрғыда университетіміздің ғалымдары Елбасы қойып отырған міндеттер бойынша еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы үшін заман талабына сай білікті мамандар даярлап келеді. Оған қоса агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларына инновациялық технологияларды енгізуге, оларды өндірісте кеңінен пайдалануға күш салынуда. Мемлекет басшысының 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсыруы жастардың ештеңеге алаңдамастан еркін білім алуына жасалған зор қолдау. Нарықтық экономика заңдылықтарына байланысты ел жастары алдында сапалы білім алу мәселесі тұр. Бұл тұрғыда Президент әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет екенін айтып, бұл мәселені оңтайлы шешуді көрсетіп берді.
Президент өзінің Үндеуіндегі төртінші бастамада ағымдағы жылдан бастап 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл көптеген азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысып, өз ісін дөңгелетуіне бұрынғыдан да көбірек мүмкіндік бергелі отыр. Осы арқылы әрбір азамат ойындағы мақсатын жүзеге асырып, халықты жұмыс орындарымен қамтуға, отандық өнімдер санын арттыруға өз үлесін қоса алады. Елді көгілдір отынмен қамтамасыз етуді жалғастыруға бағытталған бесінші басымдықтың да орны ерекше. Бұл өз кезегінде халықтың сапалы өмірін қамтамасыз етуге серпін берсе, екінші жағынан экологиялық проблемаларды оңтайлы шешуге көмектеседі. Бұл туралы Президент бұл бағыт ойдағыдай іске асар болса, тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтуға болатынын айтты.
Қазіргі уақыттың талабына сай елді игілікке апаратын бес бағытты жіпке тізіп саралап берген Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген» деп көш басында жүретін мерейлі мемлекет болу үшін бәрінен де бірлік пен татулық қымбат екеніне баса тоқталды. Иә, «Ырыс алды – ынтымақ». Елдің бірлігі мен тату тірлігі қандай қиындықты да еңсеріп, кез келген келеңсіздіктен шығудың көркем жолы. Тарихтағы небір аласапыранды бастан кешкен қазақ елі рухани жаңғырып, тарихымызды түлетіп, болашаққа бағдар алып келеді. Орталық Азияның жүрегі, бүкіл әлемнің озық елдері санасатын, пікір алмасатын тегеурінді мемлекет атандық. Қазақтың қасиетті қара шаңырағы ғаламдық мәселелер оңтайлы шешілетін бірегей ынтымақтастық алаңына айналды. Мұның бәрі де азаттық дейтін асқақ ұғымның, ынтымақ пен бірліктің, есіл ерлердің ерен еңбегінің нәтижесі деп білем.
Рақымжан ЕЛЕШЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор