Ауданда осы білім саласына қатысты бір емес, 4 кәсіподақ комитеті құрылған. Олардың әрқайсысының өз мүддесі бар. Қысқасы, кешегі оқиға облыс деңгейінде білім саласына терең талдау жүргізіп, кемшіліктер бойынша тиісті шара қолдануға түрткі болып отыр. Бұл орайда арнайы жұмыс тобы да құрылды.
Оқиғаның ақ-қарасын құқық қорғау орындары анықтап, қорытынды шығарар. Алайда жеті жастағы баланың тағдыры жұртты алаңдатып отыр. Есеймей жатып ересектердің өзін есеңгіретердей психологиялық соққы алған баланың ертеңгі күні не болмақ? Уақыт емші екенін айтып, жақындары жұбанар, оқиға да бірте-бірте ұмытылар. Десек те анасы алыста жүрген, әкесіз өсіп келе жатқан ұлдың басынан өткен жағдай өзгеге сабақ болды, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына дер кезінде мән беру, аяқсыз қалдырмау, ушықтырмау қажеттігін аңғартты. Ал баланың қазіргі жағдайына алаңдауға негіз жоқ екенін Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы келген Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева мәлімдеді.
Жағдайдың шұғыл әрекетті қажет ететінін ескерген Зағипа Балиева түнделете келіп, өңірдің ішкі істер департаментінің басшысы Қайрат Дәлбековпен және жәбір көрген 7 жасар баланың туыстарымен кездесті. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, мониторингтік топ баланың жағдайын тексеріп шыққан. «Мониторинг тобы баламен бірден жолыға алмады. Осыдан кейін тиісті мемлекеттік орган өкілдерімен сөйлестім. Олар кешенді, тәуелсіз сараптама жүргізуге дайын. Баланы өз көзіммен көріп, жағдайын білу үшін Шымкентке келдім. Оның жағдайымен танысып шықтым. Қандай жағдайда екенін білдім. Қазір ол қауіпсіз жерде. Баламен бірге әжесі және нағашы әпкесі жүр. Анасын көп уақыт бойы таба алмадық, анасымен сөйлестім, ол да келісті. Енді Астанада кездесеміз, олар менімен бірге Астанаға ұшады», деді Зағипа Балиева.
Қазір мемлекеттік органдар тарапынан сот-медициналық сараптама жүргізу үшін барлық жағдай жасалып отыр. Сараптама өткізуге психолог, психиатрлар, балалар дәрігерлері сияқты барлық мамандар тартылады. Зағипа Балиеваның айтуынша, Астанада сараптама жасау үшін тағы 2 күндей уақыт керек. «Сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін нақты шешімдер қабылданады. Егер баланың расымен зорланғаны дәлелденсе, оған жауапты барлық адамдардың тиісті жазасын алуын талап ететін боламын. Егер расталмаған жағдайда мен баланың құқықтарының жан-жақты қорғалуын бақылауға аламын. Сондай-ақ күдікке ілінген балалардың да заңды құқықтары бар. Олардың зорлау әрекеттеріне қатыстылығы дәлелденсе, заң жүзінде жазасын алатын болады. Бірақ құқықтары толығымен ескеріледі», деді Зағипа Балиева. Сондай-ақ депутат болашақта баланың басқа жаққа қоныс аударуы және баспанамен қамтамасыз етілуіне жағдай жасау мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Бала қазір толықтай мемлекет қамқорлығына алынған.
Оқиғаға байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өткен отырыста өңір басшысы Жансейіт Түймебаев аталған оқиға дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам арасында резонанс тудырғанын айтып, жауапты азаматтарға шара қолданылатынын жеткізді. Аталған мәселе бойынша тергеу амалдарының объективті және жан-жақты жүргізілуін қамтамасыз ету үшін, тергеу амалдары аяқталғанға дейін осы оқиғаға қатысты барлық лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер өз қызметтерінен уақытша шеттетілді. Облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке қатаң ескерту берілді. Сондай-ақ Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы О.Бердалы мен Сарыағаш ауданы, Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Ә.Ибрагимов, ювеналды полиция бөлімшесінің №73, №74 жалпы орта мектептеріне жауапты полиция инспекторы Қ.Сәриев қызметтерінен босатылды. Ал аудандағы жағдайды дер кезінде назарға алып, тиісті шара қабылдамаған аудан әкімі Қ.Әбдуәлиевке қатаң сөгіс жарияланды. Бұдан бөлек облыс әкімі салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Қ.Қыстаубаевқа шара қолдануды және Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Майрихов пен №73, №74 жалпы орта мектеп директорларын тергеу амалдары аяқталғанша жұмыстан шеттетуді тапсырды. Облыстық білім басқармасының басшысы И.Сағындықовқа сөгіс түрінде шара қолданылатын болды.
Айта кетейік, Сарыағаш аудандық білім басқармасының бастығы, егер зорлану фактісі дәлелденсе, қызметтен кетуге дайын екендігін мәлімдеген де болатын. Өңір басшысының айтуынша, сараптамалық комиссия ауданда және облыста жүргізген екі медициналық тексеру қорытындысы бойынша баланың зорланғаны расталмаған. «Бұл жалпы облысымыздағы, қалалардағы, аудандардағы білім саласындағы кемшіліктерді көрсетіп отыр. Сондықтан барлық қала-аудан әкімдеріне жергілікті қоғамдық және ардагерлер кеңестерімен бірлесіп мектеп оқушыларының бос уақытын дұрыс ұйымдастыру бойынша іс-шараларды қолға алуды тапсырамын. Ал облыстық ішкі істер мен құзырлы орган өкілдеріне мектептердегі ақша жинау, әлімжеттік бойынша түрлі қылмыстарға мониторинг жасауды, тиісті іс-шаралар жоспарын бір апта мерзімінде жүргізуді тапсырамын», деді Жансейіт Түймебаев.
Соңғы күндері түрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таратылып, қоғамды дүрліктірген оқиға 2017 жылдың 9 қыркүйегінде болған екен. Егер тиісті шаралар уақытында және әділ де ашық заң талаптарына сай қолданылғанда бүгінгідей дүрлігу болар ма еді?! Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбековтің айтуынша, баланың әжесінің арыз жазбауына байланысты толық материалдар жиналмаған. Оқиғаға қатысты жүргізіліп жатқан қызметтік тексеру қорытындысы бойынша алдағы уақытта тиісті шаралар қолға алынбақ. Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы істің қатысушылары кәмелеттік жасқа толмағандықтан, олардың құқықтары мен тергеу құпиясын сақтауды сұрады.
«Аталған дерек бойынша биылғы жылдың қаңтар айынан бастап Сарыағаш ауданының ішкі істер бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу аясында сот психологиялық-психиатриялық сараптамалар тағайындалды. Олардың қорытындылары әлі дайын емес. Оның нәтижесі бойынша Астана қаласында арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасы жүргізіледі», делінген прокуратура таратқан хабарламада.
Айта кетейік, әкімдікте өткен отырыста облыс әкімі зорланды делінген жеті жасар баланың Астанаға жіберілгенін мәлім етті.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы