Аймақтар • 16 Наурыз, 2018

СҚО-да дәрігер тапшы, қызмет сапасы төмен

515 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен жергілікті медицина қызметкерлерінің жиынында міндетті медициналық сақтандыру, кадр тапшылығын жою, баспанамен қамтамасыз ету, қызмет сапасының қолжетімділігін арттыру сияқты толғақты мәселелер жан-жақты талқыланды. 

СҚО-да дәрігер тапшы, қызмет сапасы төмен

Ведомство басшысы келтірген дерек­­тер бойынша өңір 2016-2019 жыл­дарға арналған «Денсаулық» мемле­кет­тік бағдарламасын жүзеге асыруда көш соңында келеді. Респуб­ли­калық көр­сет­кіштермен салыстырғанда жүрек-қан тамырлары аурулары – 9, аналар өлімі – 18, балалардың шетінеуі – 13, жарақаттар мен тамақтан улану 56 пайызға көп. Сондықтан тұрғындарға медицина­лық көмектер беру мен ұйымдастыру­дағы олқылықтарды, яғни жылдар бойы қордаланған проблемаларды жедел әрі кешенді түрде шешу міндеттел­ді. Министр бір айдың ішінде аймақ­­тық жоспарды қайта қарап, түзуді, бар­лық бас дәрігерлер мен орынбасарларды ат­тес­тациядан өткізетін бақылау кеңе­сін құруды тапсырды. Аймақтар­да толық электронды құжат алмасу форматы енгізіліп жатқаны, мұның өзі көрсе­ті­летін қызметтердің сапасын арт­тыру­ға, қағазбастылықты азайтуға елеулі ықпал жасайтыны атап өтілді. Ел бюджетінің 11 пайызы денсаулық сақтау саласына бағытталады. Оның 60 пайызы стационарлық медициналық көмек беруге жұмсалады. Биыл тегін дәрі-дәрмек сатып алуға 1 миллиард 300 миллион теңге қарастырылды. Сақтан­дырылмаған азаматтардың саны үш миллионға жуықтығы ескеріліп, жүйені енгізу бір жылға шегерілді. Ресейде тегін медициналық қызмет алу тізімінде 36-38 науқас түрі қамтылған. Кей мем­лекеттерде оншақты ғана. Қазақ­станда 263-ке жуықтайды. Алдағы уақытта дис­­пансерлік тізімге енетін кесел­дер қайта ресімделіп, он есеге дейін қыс­қаратын болады дей келіп, Е.Бі­ртанов об­лыстағы 11 көп салалы ауру­хан­аның ескіргенін, 500 төсектің бос тұра­­­тынын, бұдан былай шағын емдеу орын­дары салынбайтынын, 400 төсек­тен кем болмайтынын, сонда толық қуа­тын­да жұмыс істеп, ем-дом алу арзан­ға түсе­тінін айтты. Облыста 700 төсек­тік аурухана тұрғызу мақсатымен қара­жат көздері іздестіріліп жатқанын жеткізді. 

Денсаулық сақтау саласында түйт­кілді жайттардың жетіп-артылаты­нын облыс әкімі де растады. Бұған №1 қалалық емханаға еш ескертусіз барғанда көз жеткізіпті. Емделушілер ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр, сағаттап тосатын жайттар аз кездеспейді. Әлеуметтік желілер арқылы да реніштер көп түсіп жатады. Бұдан былай дәрігерлердің жұ­мысы электронды жүйе арқылы баға­ланады. Облыста бір ғана балалар гематологі бар. Қалада балалар кар­диологі, аллерголог дәрігер жоқ. Оның бір себебі баспана жайына келіп тіреледі. Осы себепті адамдардың Ресей­ге барып емделулеріне, ал білікті мамандардың басқа жақтарға қоныс аударуларына тура келеді. 

Министр М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да медициналық факультеттің ашылуын құптап, мемлекеттік тапсырыс беруге әзір екенін мәлімдеді. Облыстық ауру­ханада, онкологиялық диспансерде, жедел қызмет көрсету орталығында болып, халық денсаулығын жақсартуға арналған шаралармен танысты. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы