Ведомство басшысы келтірген деректер бойынша өңір 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда көш соңында келеді. Республикалық көрсеткіштермен салыстырғанда жүрек-қан тамырлары аурулары – 9, аналар өлімі – 18, балалардың шетінеуі – 13, жарақаттар мен тамақтан улану 56 пайызға көп. Сондықтан тұрғындарға медициналық көмектер беру мен ұйымдастырудағы олқылықтарды, яғни жылдар бойы қордаланған проблемаларды жедел әрі кешенді түрде шешу міндеттелді. Министр бір айдың ішінде аймақтық жоспарды қайта қарап, түзуді, барлық бас дәрігерлер мен орынбасарларды аттестациядан өткізетін бақылау кеңесін құруды тапсырды. Аймақтарда толық электронды құжат алмасу форматы енгізіліп жатқаны, мұның өзі көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, қағазбастылықты азайтуға елеулі ықпал жасайтыны атап өтілді. Ел бюджетінің 11 пайызы денсаулық сақтау саласына бағытталады. Оның 60 пайызы стационарлық медициналық көмек беруге жұмсалады. Биыл тегін дәрі-дәрмек сатып алуға 1 миллиард 300 миллион теңге қарастырылды. Сақтандырылмаған азаматтардың саны үш миллионға жуықтығы ескеріліп, жүйені енгізу бір жылға шегерілді. Ресейде тегін медициналық қызмет алу тізімінде 36-38 науқас түрі қамтылған. Кей мемлекеттерде оншақты ғана. Қазақстанда 263-ке жуықтайды. Алдағы уақытта диспансерлік тізімге енетін кеселдер қайта ресімделіп, он есеге дейін қысқаратын болады дей келіп, Е.Біртанов облыстағы 11 көп салалы аурухананың ескіргенін, 500 төсектің бос тұратынын, бұдан былай шағын емдеу орындары салынбайтынын, 400 төсектен кем болмайтынын, сонда толық қуатында жұмыс істеп, ем-дом алу арзанға түсетінін айтты. Облыста 700 төсектік аурухана тұрғызу мақсатымен қаражат көздері іздестіріліп жатқанын жеткізді.
Денсаулық сақтау саласында түйткілді жайттардың жетіп-артылатынын облыс әкімі де растады. Бұған №1 қалалық емханаға еш ескертусіз барғанда көз жеткізіпті. Емделушілер ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр, сағаттап тосатын жайттар аз кездеспейді. Әлеуметтік желілер арқылы да реніштер көп түсіп жатады. Бұдан былай дәрігерлердің жұмысы электронды жүйе арқылы бағаланады. Облыста бір ғана балалар гематологі бар. Қалада балалар кардиологі, аллерголог дәрігер жоқ. Оның бір себебі баспана жайына келіп тіреледі. Осы себепті адамдардың Ресейге барып емделулеріне, ал білікті мамандардың басқа жақтарға қоныс аударуларына тура келеді.
Министр М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да медициналық факультеттің ашылуын құптап, мемлекеттік тапсырыс беруге әзір екенін мәлімдеді. Облыстық ауруханада, онкологиялық диспансерде, жедел қызмет көрсету орталығында болып, халық денсаулығын жақсартуға арналған шаралармен танысты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы