Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Зағипа Балиева ОҚО-дағы 7 жасар балаға қатысты брифинг өткізді

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева Орталық коммуникациялар орталығында журналистерге арнап брифинг өткізіп, 7 жасар баланың қазіргі жағдайы туралы толығырақ айтып берді.

Зағипа Балиева ОҚО-дағы 7 жасар балаға қатысты брифинг өткізді

«Бала қазір сабақта. Қасында қазір әжесі және тәтесі бар. Қауіпсіздік жағдайын жасадық, қарны тоқ. Жағдайы жақсы. Мектепке барып жүр. Қазір барып біліп келдік», - дейді Зағипа Балиева.

Бұдан кейін омбудсмен Алматы қаласында жүргізілуі тиіс болған экспертизаға не себепті тыйым салғанын түсіндірді.

«Сіздің қандай экспертиза туралы айтып жатқаныңызды түсінбедім. Алматыда ешқандай экспертиза жасалған жоқ. Анасы туралы айтар болсам. Бірнеше күннен бері біз оны өзіміз таба алмай жатырмыз. Тәтесіне баланың анасына қарай бағыттауға тырыстық. Қажет деп тапсаңыздар, қазір бірнеше адам әпкесіне барып сөйлесе алады. Баланы да, әпкесін де көріңіздер. Қазір баланың жағдайы жақсы. Бірінші кезекте баланы ойлайықшы. Сіздер ересек адамсыздар. Бұл сараптаманың бала үшін қаншалықты қиын екенін біліп тұрған шығарсыздар. Мен қандай жағдай болмасын, бірінші орынға баланың денсаулығын қоямын», - деді Зағипа Балиева. Сондай-ақ омбудсмен баланың отбасына пәтер сыйланады деген ақпаратты жоққа шығарды.  

«Баланың отбасына пәтер сыйланады деп ешкім айтқан жоқ. Сол себепті, журналистерге ақпарат дұрыс жетпей қалған сияқты. Ал мектеп директорына келетін болсақ, оны танымаймын. Ауылға барған емеспін. Себебі, мен Шымкентке ұшып келген кезде, бала сол жерде болды. Бұл директордың кімнің туысы екенінде шаруам жоқ. Бұл сұрақты жауапсыз қалдыруға рұқсат етіңіздер. Себебі, бұл сұраққа айтар нақты жауабым жоқ. Сондай-ақ, мен оларды пойыздан түсіруге бұйрық берген жоқпын», - деді Зағипа Балиева.

Брифинг барысында Зағипа Балиева балаға кешенді әрі толыққанды сараптама жүргізу керектігін айтты. «Кешенді, толыққанды бір сараптама жүргізу қажет. Оны қазіргі уақытта заңнамалық құқығына сәйкес тергеуші тағайындады. Сараптама екі тараптың да өкілдерін, жоғары білікті мамандарды тарта отырып, кешенді, толыққанды болуы тиіс», - деді Зағипа Балиева. Оның айтуынша, сараптама барынша шынайы және қайта тексерулерді қажетсінбейтіндей  болуы, барлық тараптар оның шынайылығына сенімді болуы қажет. «Тергеу сараптама нәтижелерін қоғамға жеткізетін болады деп ойлаймын», - деді ол