29 Қараша, 2011

Бекзат өнердің жас отауы

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Оңтүстіктің өзінің опера және балет театры бар. Бұл өнер ор­дасының осы өңірде өмірге ке­луі­нің өзі де заңды сияқты. Олай дейтінім, театр ашылғанға дейінгі 11 жылда романс орын­дау­шы­лардың халықаралық байқауы тұ­рақты түрде өтіп тұрды десем, романсиада жалғасы кейінгі жыл­дары «Қазақ романсиадасы» атауымен ұйымдастырылып келеді. Осының бәрі, әлбетте, шы­найы, байсалды музыканы, мә­де­ни талғамды өсірді және өзіміз­дің опера театрын құруға итермеледі. Соңында осы бастама іске асты. 2008 жылғы 6 қарашада театр ғимаратының ашылу рәсімі мен алғашқы гала-концертке Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуы, өнер адамдарының ертеңгі күніне деген сенімін арттыра түсті. Театр ғимараты есігін аш­қан­ға дейін, опера және балет теат­рын ашу идеясының тұсаукесер рәсімінің «Мәңгілік әуендер әле­мі», италиялық дирижер Ивано Кайаццоның «Браво бельканто!» және әлем опера сахналарында өнер көрсетіп жүрген жерлес­те­ріміздің «Шымкентім жүрегімде» концерттері мен «Әлем опера жұлдыздары – Шымкентте» ха­лық­аралық фестивальдары Қазақ­стан, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Австрия, Италия және АҚШ опера жұлдыздарының қатысуымен өткенін де айта кетсем деймін. Өнер ордасының қалыптасып аяққа тұруына театрдың алғашқы директоры, Санкт-Петербург кон­серваториясының түлегі Асқар Алихан, одан кейінгі директор, Құрманғазы атындағы консер­ва­торияның түлегі Әбдіхан Нұрма­хам­бетовтер зор еңбек сіңіріп, өз қолтаңбаларын қалдырды. Бүгінгі таңда театрды Ә.Мәм­бетовтің мектебінен өткен, Астана опера және балет театрында режиссердің көмекшісі қызметін атқарған оңтүстіктің төл тумасы Бауыржан Рахманов басқарады. Үстіміздегі жылы театр ұжы­мының ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арналған «Оңтүстік жұлдыздары» атпен өткен концерттерінде театр әртістері Ж.Белгібаеваның, Е.Жандарбайдың танымал опера әншілері Г.Дәу­ірбаева және А.Жылтыргөзовпен қатар өнер көрсетуі, атақты дирижер Р.Салаватовтың театр оркестрін басқаруы көрермендерде ұмытылмас әсер қалдырды. Сөз орайы келгенде театрдың сим­ф­о­ниялық оркестрі И.Кайаццо, А.Викулов, А.Бөрібаев, Р.Салаватов, Б.Құдайқұлов, А.Абдуллаева, А.Мұхиттдинов, Е.Ахмедьяров сияқты әлемге танымал дирижерлермен жұмыс жасағанын да айта кетсек артық болмас. Жас ұйымның алғашқы аяқ алысы табысты. Бұл орайда «Театр көктемі – 2011» байқауында жүлделі орынды иеленгенін, сон­дай-ақ Оңтүстік Қазақстан облы­сының Астанадағы күндерінде театр әртістерінің Бейбітшілік жә­не келісім сарайында Елба­сының алдында жоғары дәре­жеде өнер көрсетіп, облыс мәде­ниеті мен өнерінің мерейін көтер­генін айтуға болады. Бүгінде жас ұжым – оңтүс­тік­тегілердің ғана емес, бүкіл қа­зақстандықтардың рухани мақта­нышы болу бағытын ұстанып, өнерді сүйетін және бағалайтын жанкүйерлерді өнер мерекесіне шақырып, классикалық музыка­ның биік шыңы саналатын бекзат өнердің қайнар бұлағынан су­сын­дату үшін бар мүмкіндіктерін жасауға ұмтылуда. Гаухар ТӨЛЕПОВА, опера және балет театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі. Шымкент.