Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Қазақстанның бидайы әлемдік сұранысқа ие

969 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы 4 жылда Қазақстанның дурум бидайы әлемдік нарықтағы экспорттық үлесін 280 мың тоннаға арттырған. Бұл туралы Астанада өткен «KazGrain 2018» халықаралық конференциясы барысында Arete Research&Consulting in Economics аға консультанты және нарық талдаушысы Филиппо Бертуцци мәлімдеді.

Қазақстанның бидайы әлемдік сұранысқа ие

Оның айтуынша, 2014 жылы 170 мың тонна бидай өндірілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 450 мың тонна астыққа дейін ұлғайған. Қазақстаннан экспортталған өнім Италия мен Түркия мемлекеттеріне жөнелтілді. Нарық талдаушысы келтірген мәліметке сүйенсек, жаһандық бидай экспортындағы жағдай Канадамен тығыз байланысты болмақ. Себебі, сапасы жағынан әлемдік сұранысты өтей алатын елдердің бірі болып отыр. Бидайды көп тұтынатын Италия бұған дейін тек канадалық астықты қолданып келген. Кейінгі уақытта еуропа да бидай өндіруді жолға қойып, өнім үлесін айтарлықтай ұлғайтуда.  Дегенмен, әлі де орталық еуропа жақсы өнім алуға қолайсыз.

«Бидай өніміне қатасты арнайы сараптама жасайтын орталықтармен тығыз қарым-қатынастамыз. Әлемдік нарықта Канада бидай өнімін ауқымды көлемде импорттаушы мемлекет атанып, экспорттың 60 пайызын құрап отыр. Одан кейін АҚШ-да алдыңғы қатарлы экспорттаушы ретінде танылып келеді. Бұл ретте бидай өнімін Еуропаға Қазақстан да жеткізіп отырғандығы айта кеткен жөн. Әсіресе, Италия мен Германия басты тұтынушы. Сондықтан да, қазақ бидайы сапа жағынан канадалық өнімнен артық болмаса, кем емес», деді Arete Research&Consulting in Economics аға консультанты. Десе де, Филиппо Бертуцци экспорт көлемін ұлғайтып, өнімді сыртқа шығаруды кеңейту үшін қазақстандық өндірушілерге және дурум  бидайын экспорттаушыларға ұзақ мерзімді стратегия қажет екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ нарықтағы бәсекеге қабіретті болу үшін ұдайы талдау жүргізу керектігін де жеткізді.

Жаһандық нарықтағы сапалы астықтың үлесін арттыру және аталған өнімдерді жеткізудің перспективалық бағыттарын талқылауға арналған форум аясында 21 елден 270 компания мен салалық ұйымдардың 280 қатысушысы бас қосты.