29 Қараша, 2011

Тамаша театр ғимараты Елбасының қамқорлығымен салынған болатын

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өнер өркені Қарап отырсам, кеншілер қа­ласы құтты мекеніме айна­лға­ны­на қырық жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде сүйікті шаһары­мыз­дың көрік-келбеті адам та­ны­ғысыздай өзгеруін бұрын-соңды көрмеппін. Міне, бүгінде бірінен-бірі асып, жарқыраған түрлі ғимараттар еріксіз көз тарт­қы­за­ды. Солардың ішінде біздің теат­р­дың сәулеттік бейнесі бөлекше көрінеді десем, жаңсақ айтқан­дығым болмас. Бүгінгі заманғы сәулет өнерінің соны үлгісімен салынған ол қаланың бас көшесі Бұқар жырау даңғылы бойында дөңгеленген киіз үйді елестете сүйсінтеді. Кейінгі кезге дейін қазақ жә­не орыс драма театры бір ғима­ратта отырған едік. Жоғарыға же­ке отау тіксек деп талай рет өтініш те айтқанбыз. Сол арман­ға тәуелсіз­дік арқасында ғана қол жетті. Қазақстан Республи­ка­сының Пре­зиденті Н.Ә.Назар­баевтың тап­сырмасы бойынша шаһарымыз­дың ең әдемі жерінде театр үйі бой көтерді. Ел­ба­сы­ның өзі бірінші кірпішін қалауға қатысып, ашылу қуанышын да көрермен қауыммен бірге бөлісті. Алдағы жылы театрымызға 80 жыл толғалы отыр. Алғашқы қойылымы Б.Майлиннің « Майдан» және Н. Гогольдің «Үйлену тойы» пьесаларын сахналаумен басталған қадам үлкен өнер жо­лына ұласып, бүгінде ұлттық мәдениеттің мәуелі бір бәйте­ре­гіне айналды. Осы театрдың ір­ге­тасын қаласқан Жәмила Шашкина, Әнуарбек Шаймерденов, Торша Жабаев, Рақия Қойшы­ба­евалардың қатарына қосылған Мүлік Сүртібаев, Қарғамбай Сатаев, Шәміл Жүнісов сынды саң­лақ әртістердің бүгінгі ізба­сар­ла­ры театрдың көркемдік жетекшісі Дунай Еспаев сахнаға сәтті шығарып жүрген қойылымдар­дың тірегі мен көркі болып жүр. Театрымыз 1964 жылдан бері халқымыздың аяулы тұлғасы Сә­кен Сейфуллин есімімен атала­ды. Бұған мұрындық болған Сә­бит Мұқанов жарықтық еді. Ол кісінің бірнеше пьесасы Қара­ған­ды сахнасы арқылы көрер­мен­ге жол тартқаны да әлі ұмы­тылған жоқ. Қазір қандай да болмасын тамаша туындыларды өнердің жо­ғары талабы-талғамы деңгейінде көрерменге ұсынуға қабілет-мүм­кіндік жеткілікті. Арнаулы дайындық залдары бар. Сахна жылжымалы. Әртістер дауысын анық естіртетін қондырғылар ор­натылған. Дене шы­нықтыру­мен шұ­ғылдануларына да жағдай жа­салған. Қойылымдардың декора­ция­сын көркемдеуге еш қи­ын­дық жоқ. Жеткіншектер жас ша­ма­ларына сәйкес қойылымдар көрсетілетін зал бөлек. Театр ұжымы өнер сапарла­рына жиі шығып тұрады. Облыс­тық әкімдік тарту еткен жайлы көлікпен аймақтың елді мекендеріне, көрші қалаларға, тіпті, жа­қын шет елдерге де барып-қай­тып жүр. Жақында ұжымның үл­кен тобы омбылық көрермен Қа­сым Аманжоловтың 100 жылды­ғы­на орай сахналанған өз шы­ғар­­ма­­ларын көрсетіп қайтты. Бұр­нағы жылы Каирде, Бішкекте өткен халықаралық театр байқау­ла­рын­да бас жүлдені иеленсе, осы күзде Ялтада болған бай­қау­дан да олжалы оралды. Ал, Тәуелсіздіктің 20 жылдық торқалы тойына арналған ша­шуы­­мыз ретінде жазушы-дра­матург Серік Асылбекұлының «Желтоқ­сан түні» спектаклін көрсетпекпіз. Кеңес ЖҰМАБЕКОВ, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Қарағанды.