26 қарашада Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Еуроодақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы – Елші Норберт Жустенді оның дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты қабылдады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Е.Қазыханов еуропалық дипломатқа жемісті еңбегі үшін және Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығының дамуына зор үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.
Қазақстан басшылығының Еуропадағы әріптестерімен ынтымақтастықты күшейтуге аса мән беретіндігін жеткізген қазақстандық министр, ҚР мен ЕО екіжақты ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеру үшін қажетті барлық әлеует бар екенін атап көрсетті. Ал саяси сұхбаттың жоғары деңгейде дамуын екі жақтың саяси ерік-жігері мен ынтымақтастықтың нығаюы дәлелдейді, деді Е.Қазыханов өзінің сөзінде.
Сөз ретіне қарай айта кетсек, 2010 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ЕО-ның Брюссельдегі штаб-пәтерінде екі рет болды. Еуропа Одағының төрағасы Х.Ван Ромпей былтырғы жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитіне қатысты. Биыл Н.Назарбаев Еуропалық Комиссияның төрағасы Ж.М.Баррозумен (19 сәуірде) Киевте өткен ядролық энергия саммитінде кездесті. Ал Х.Ван Ромпеймен БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессия жұмысында жүздесті.
Ал кешегі кездесуде тараптар ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясының және биыл аяқталатын «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы барысын қарастырды. Бұл ағымдағы жылдың 24 қарашасында Астанада сәтті өткен «Қазақстан – Еуропа Одағы: ынтымақтастықтың жетістіктері мен жаңа мүмкіндіктері» атты халықаралық конференцияның нәтижесі болып табылады.
Кездесу соңында Н.Жустен Қазақстанды 20 жылдық Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, еліміздің егемендік алған жылдарындағы қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады.