Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың толық қолдауымен, тікелей атсалысуымен 2017 жылдық қаңтар айында басталған жоғары деңгейлі келіссөздердің осыған дейін 8 раунды өткен болатын. Еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтқандай, Женева процесінің ажырамас бөлігі болып табылатын келіссөздер қарулы қақтығыстардың зардабын тартып жатқан Сирия халқының бейбіт өмірге қайта оралуына үлкен мүмкіндіктер ашып, зорлық-зомбылық деңгейі мен соғыс алаңдарының ауқымын төмендетті. Қазақстан ұсынған келіссөздер алаңы Сирия дағдарысын реттеуге еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің Тұрақты емес мүшесі ретіндегі қомақты үлесі деп бағалаған ләзім.
Алқалы жиынның басталар сәтінде қабылдаушы тарап атынан сөз сөйлеген Қайрат Әбдірахманов Астана процесінің бір жылдан астам мерзімде атқарылған жұмыстарына қорытынды жасады.
– Өздеріңіз білесіздер, бір жыл бұрын Ресей мен Түркия мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сириялық үкімет пен қарулы оппозициялық топтар өкілдері арасында бейбіт келіссөздер жүргізуді ұсынған болатын.
Соғысты тоқтатудың жалғыз баламасы бейбітшілік, бейбітшілікке апаратын жалғыз жол келіссөздер екендігіне нық сенімді болған Қазақстан осы ұсынысқа келісіп, Астананы БҰҰ қамқорлығымен Женевада өтетін Сирия мәселелеріне қатысты келіссөздерді қолдайтын тұғырнама ретінде ұсынды. Бейбітшілікке қол жеткізу жолында белгілі бір кедергілер бар. Бірақ соған қарамастан Астанада өткен келіссөздердің 8 раунды келіссөздер процесіндегі тұйыққа тірелген ахуалды жоюға мүмкіндік берді. 2017 жылдың қаңтар айында басталған бұл бастама жанжалдасушы тараптарды осы жерде алғаш рет келіссөздер үстеліне отырғызуға сеп болды,– деді.
Еліміздің Сыртқы істер министрі Астанада Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция арасындағы сенім шараларын нығайтудың алғашқы қадамы жасалғанына баса тоқталды. Оның айтуынша, Астана процесінің аясында 4 деэскалация аймағы және атысты тоқтату режіміне мониторинг жасау тетіктері жасалды. Бұл аталған шаралар соғыс өрті шарпыған аймаққа гуманитарлық көмектерді жеткізуге ықпалын тигізді. Сондай-ақ елорда төріндегі кездесулер түбінде әскери іс-қимылды тоқтатуға әкелетін басқа да тиісті шаралардың қабылдануына көмегін тигізді. Астана процесінің осы және басқа да жетістіктері ескерусіз қалмақ емес.
Қайрат Әбдірахманов атап көрсеткендей, Астана процесінің тұғырнама ретіндегі тиімділігі мен өзектілігі көрінді. Қазақстан үкіметі ұсынған алаңда қақтығысқа қатысушы барлық тараптар өз көзқарастарын білдіре алды, ең бастысы, оларға келіссөздер жүргізуге, тиісті қадамдарды талқылауға мүмкіндік берілді. Астана төрінде қол жеткізілген келісімдер Женева процесін толықтыра түсетіндігі, Сириядағы жанжалды саяси тұрғыда реттеуге оң серпін бергендігі сөзсіз.
Жалпы, Шам еліндегі ахуалға қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ұстанымы сириялықтар өз болашақтарын өздері құруға тиіс дегенге саяды.
– Сириялықтар ел Конституциясына енгізілуге тиіс өзгерістерді, оның аймақтық және әкімшілік құрылымы, президенттік және парламенттік сайлауларды қоса алғандағы қажетті заңнамалық реформаларды жүргізу арқылы өздерінің болашақ саяси жүйесін құруды бастауы керек. Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық бірқатар қауіпті қақтығыстарға куә болып отыр. Бұл зорлық-зомбылықтың тіпті деэскалация аймағында да өршіп кетуіне соқтыруы мүмкін. Жаңадан туындаған әскери іс-қимылдар бейбіт тұрғындардың өліміне де әсер етті. Біз әлі де Сирия халқының шегіп жатқан азабы тоқтауы керек деген ұстанымдамыз. Жантүршігерлік қақтығыстар қарапайым азаматтардың өміріне үлкен нұқсан келтірді. Бұл ахуал өңірлік тұрақтылыққа қауіп төндіріп қана қоймай, саяси реттеу жолындағы күш-жігерге де кері әсерін тигізеді. Жер-жерде шиеленістің өрши түсуі аясында біз негізгі өңірлік және халықаралық субъектілер барынша қажет деп санаймыз. Бірінші кезекте Ресей мен АҚШ аталған мәселе бойынша сындарлы диалогті бастаулары қажет. Сирия ахуалын реттеудегі осы екі ықпалды күштің табысты ынтымақтастығы барлық тараптардың және толықтай алғанда Сирия халқының мүддесіне жауап беретін болады. Іс жүзінде деэскалация аймағы жұмыс істеп тұр, гуманитарлық минасыздандыру ұстанымы әзірленді. Қолға түскен тұтқындарды босату жөніндегі жұмыс тобы құрылып, кеше олар осы жерде өнімді кеңес өткізді. Әрине біз де белгілі бір деңгейде гуманитарлық көмек жеткізуді жеңілдетіп, БҰҰ-ның 2254-қарары негізінде толыққанды саяси процесті жаңғырту үшін жағдай жасадық. Астанада жасалған келісімдер тек қағаз жүзінде қалып қоймай, жағдайды оңалтуға ықпал ететіндей нақты нәтижелер жасалуы тиіс,– деді Қ.Әбдірахманов.
Кепілгер елдер Сыртқы істер министрлігінің жабық есік жағдайында өткен кездесуінен кейін олар қазақстандық және халықаралық баспасөз өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысы туралы хабарлады. Үш мемлекеттің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Астана процесінің қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф:
– Мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев мырзаға бір жылдан астам уақыт ішінде бізге көрсеткен қонақжай пейілі, келіссөздер жүргізуге жасаған мүмкіндіктері үшін алғыс білдіремін! Сирия аймағында тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға бағытталған ресми Астананың бастамасы өте маңызды. Сирия дағдарысының бірнеше аспектісі бар: әскери, саяси, гуманитарлық. Астана процесінің аясында осы аспектілер бойынша жұмыстар жүргізіліп, маңызды нәтижелерге қол жеткізілді,– деді.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров атап өткендей, Астана форматы Сириядағы ахуалды қалыпқа келтіру жолдарының синониміне айналған.
– БАҚ-тарда Қазақстан елордасының аты аталғанда миллиондаған сириялық Астанаға үлкен үмітпен қарайды. Бір жыл бұрын Ресей, Иран және Түркияның тарапынан құрылған Астана форматы өзінің қажет екенін көрсетті, Сириядағы ахуалды қалыпқа келтіру жолдарының синониміне айналды. Осы жерде Сириядағы саяси процесті толыққанды қайта жаңғыртуға жол ашылды. Қазір Астана процесінің арқасында қол жеткізілген деэскалация аймақтары жұмыс істеп тұр. Тұтқындалған кепіл адамдарды босату бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, кеше осында өте нәтижелі отырыс өткізілді. Гуманитарлық көмек көрсету жұмыстары да қарқынды жүргізілуде,– деді С.Лавров.
Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы:
– Бүгін Астанада кепілгер елдердің сыртқы істер министрлері алғаш рет кездесті. Сирия дағдарысын шешуге қатысты пайдалы, нәтижелі кездесу болды. Өткен жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы уақытта жасалатын іс-қимылдарды талқыладық. Астана келіссөздері атысты тоқтату режімін тұрақтандыруға, қақтығыс аумағындағы бірқатар аймақтардағы жағдайларды реттеу бойынша көптеген маңызды шешімдерге себепкер болды,– деді.
Үш мемлекеттің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары елордадағы басқосу қорытындысы бойынша Астана форматының Сирияда тұрақтылық орнатуға ықпал етудің тиімді құралына айналғанын бірауыздан айтты. Министрлер Шам елінің егемендігін және аумақтық тұтастығын сақтауға мүдделі екендіктерін білдірді. Үш елдің сыртқы істер министрлері Сирия дағдарысы әскери іс-қимылдармен шешілмейтінін, алдағы уақытта онда деэскалация аймақтарын кеңейту жұмыстары жалғасын табатындығын жеткізді. Олар Сирия мәселесін реттеу жөніндегі Астана келіссөздерінің кезекті раундын алдағы мамыр айының орта шенінде өткізетін болып уағдаласты.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»