Биікке шарықтау мен құлдырауды, жеңістер мен жеңілістерді, одақтасу мен жікке бөлінуді бастан өткізген Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы жексенбі күні Алматыда Х съезін өткізді. Партияның кезектен тыс өткен жиынына 187 делегат қатысты. Партияның белсенді мүшелері жиналған съезде басты екі мәселе талқыланды. Еліміздегі іргелі партиялардың бірі өзінің сайлауалды тұғырнамасын талқылап, партияның ҚР Мәжілісі депутаттығына кандидаттар тізімін бекітті.
Съезге қатысуға партияның барлық аймақтардағы бөлімшелерінен 205 адам тіркелген. Алайда, олардың 18-і түрлі себептермен жиынға келе алмаған. Бірден айта кету керек, партия мүшелерінің қатары толыға түскен. Олардың арасында елге абыройымен танылған белгілі азаматтар да, сондай-ақ жастар да бар.
Сонымен, съезд партия төрағасы Азат Перуашевтың баяндамасы тұрғысындағы партия тұғырнамасымен ашылды. Мұнда партияның сан салалы ұстанымдары толық қамтылған.
– Бұдан 20 жыл бұрын тәуелсіз мемлекет болып құрылған Қазақстан бүгінде өзінің тарихи дамуының жаңа кезеңіне жетті. Жас мемлекетіміздің бастауында тұрып, оның қалыптасуы мен эволюциясының куәсі әрі тікелей қатысушысы болуымыз бізді мақтаныш сезіміне бөлейді. Тәуелсіздік жылдарында біздің еліміз бен қоғамымыз елеулі табыстарға жетіп, зор мүмкіндіктерге ие болды. Қазақстандықтардың жаңа буыны өсіп жетіліп, өскелең өмірге қадам басты. Азаматтық қоғамның көптеген институттары құрылып, жұмыс істеуде. Қазақстан өзінің лайықты орнына ие болды және қазіргі заман әлемінде өз әлеуетін одан әрі ұлғайтуда. Сонымен бірге, бұларға ілесе біздің мемлекеттігіміздің уақтылы және лайықты назар аударуды талап ететін қажеттіліктері де пайда болды, – деп бастады сөзін «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев.
«Өзгерістер алға жетелейді»
Өмірді өзгертпейінше оны жақсарту мүмкін емес, «жақсарту» деген сөздің өзі – жақсы жағына қарай өзгерту – осы сөздер Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының осы съезінің өзегіне айналды. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды тұғырнамасының өзекті мәселесі қоғамның әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірінде өзгерістерді талап ету болды. Қабылданған құжаттың «Өзгерістер алға жетелейді» деп аталуының өзі осының айғағы.
Бұл орайда ҚДП төрағасы Азат Перуашев өзінің баяндамасында «тәуелсіздік жылдарында біздің еліміз бен қоғамымыз айтарлықтай табыстарға жетіп, зор мүмкіндіктерге ие болды», деп атап көрсетті. Сонымен бірге, – деді ол, – біздің мемлекеттігіміздің уақтылы және лайықты назар аударуды талап ететін жаңа қажеттіліктері де пайда болды. Сондықтан Қазақстанға атқарылған істермен мақтанып қана қоймай, қарапайым азаматтардың өмірін жақсарту жолында үнемі жұмыс істеп, қоғамымыз бен мемлекетіміздің тыныс-тіршілігі саласында жаңа көзқарастарды іздеуіміз қажет.
Партия лидерінің пікірі бойынша, «әркімнің дауысын есітіп, әрбір жеке адамның пікірін бағалау» мүмкіндігіне негізделген «тек балама жағдайды салыстыру мен таразылау ғана» өзгерістердің табысты болуының кепілі бола алады. Баяндамашы осы базалық либералдық көзқарастарды іске асыру «тұрақты дамуды және проблемаларға сыни көзқарасты қамтамасыз ететініне, даңғойлық пен жайбарақаттықтың алдын алатынына, ағымдағы міндеттерді шешуге көмектесіп қана қоймай, неғұрлым өзекті мақсаттарды алға қоятынына» сенімді.
Азат Перуашев партияластарын мынадан сақтандырып отыр. Егер оппозицияда болу қоғамның өзін-өзі сақтау сезімінің шегінен шығып кетіп, жалаң мақсатқа айналса, бұл қоғамда жікке бөлінуге алып келіп, мемлекеттің өзіне қатер төндіреді. Ол «Қазақстанның саяси мәдениеті өркениетті оппозицияны қалыптастыру үшін пісіп жетілді, оның мақсаты билік партиясына оппозиция болу, бірақ қоғамды жікке бөлу емес, барлық дұрыс ойлайтын адамдарды біріктіру; қоғамның іргесін шайқалту емес, демократиялық конституциялық құрылысты нығайту» екенін мәлімдеді.
Қазақстанның әрбір үйінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – «Ақ жол» ҚДП-ның сайлауалды тұғырнамасы
«Ақ жол» партиясының сайлауалды съезінің өту барысында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жасау мәселесі қызу талқыланған тақырыптардың бірі болды. Партияның «Ақылдастар алқасының» төрағасы Амангелді Айталы жағдайды біржақты түсінуден сақтандырып, экстремизм, діни лаңкестікке қарсы идеология қажеттігін алға тартты. «Мен мемлекеттік органдар мәселені күшпен шешу нұсқасын ала ма деп қауіптенемін, ал бұл құбылыстың белгілі бір әлеуметтік тамырлары да бар», – деді саясаткер осы мәселе туралы.
Сонымен, съезд барысында ақжолдықтар өмір сүру деңгейін арттыру, жұмыссыздық, қолжетімді тұрғын үй, коммуналдық қызметтің қымбатшылығы және сапасының қанағаттанғысыздығы, ауыл жастарының өмірлік перспективасының жоқтығы мәселелерін шешу жөнінде батыл қадамдар жасау қажеттігін тұғырнама жобасында талқылады.
«Күнкөрісі төмен отбасыларды барынша әлеуметтік қолдауды жолға қою, әлеуметтік мемлекет және әлеуметтік әділеттілік қағидасын іске асыру арқылы өте байлар мен өте кедейлер арасындағы кіріс деңгейінің алшақтығын шұғыл азайтуды қамтамасыз ету қажет» – деп атап өтті Азат Перуашев. Съезд делегаттары, сондай-ақ партия тұғырнамасына құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеру, олардың жоғары абыройы мен материалдық жағдайын қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасын олардың кәсібіне қатысты болмай қоймайтын тәуекелден әлеуметтік қорғау туралы ұсыныстар енгізді.
Министрлер мен әкімдер қарапайым адамдарға қызмет етуге тиіс
«Ақ жол» ҚДП сайлауалды съезінде еліміздің саяси жүйесін одан әрі демократияландыру жөніндегі ұсыныстар да талқыланды. Партия төрағасы Азат Перуашев парламентаризмді дамытуды, атқарушы билік органдарымен өзара қарым-қатынасында Парламенттің және мәслихаттардың өкілеттігін кеңейтуді бұл үдерістегі маңызды бағыт деп санайды.
Осы мәселе бойынша «Ақ жолдың» бастамаларының қатарында мыналар аталды:
– атқарушы органдардың іс-әрекетіне парламенттік тексеру институтын енгізу;
– парламенттік оппозициядағы партиялардың мәртебесін, мүдделері мен өкілеттігін заңнамалық тұрғыда қорғау;
– парламенттік партиялардың фракцияларына бюджеттің шығыс бөлігіне әлеуметтік бағдарламаға арналған шығыстарды үкіметтің келісімінсіз бюджеттің 1 пайызы мөлшерінде түзету енгізу құқығын беру;
– биліктің атқарушы органдары әзірлеген заң жобаларына парламенттік саяси партиялардың міндетті түрде алдын ала жасалатын сараптамасын олар Парламентке ресми енгізілгенге дейін жүргізу;
– әкімдерді елді мекендерде (қалаларды қоса алғанда) тікелей олардың тұрғындарының сайлауын біртіндеп енгізу;
– партиялық тізімдер бойынша жартысын сайлау есебінен облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттарының санын екі есе ұлғайту, және т.б.
Біздің басты жеңістеріміз әлі алда
«Ақ жол» қиын тағдырды бастан өткізген партия, – деп мәлімдеді ҚДП төрағасы Азат Перуашев съезде сөйлеген сөзінде. – Біздің ол туралы тура айтуға батылымыз жетеді. Партия басшысы атап өткендей, «Ақ жол» биікке шарықтауды және құлдырауды, жеңістерді және жеңілістерді, одақтасуды және жікке бөлінуді бастан өткізді. Оның үстіне партияның өзі «тағдыры қарапайым емес және күрделі мінезді» адамдардан құралды, өйткені «біздің тағдырымыз қымтаулы жылыжайларда емес, бүкіл халықпен бірге қиындықтар мен қам-қарекеттерде сомдалды,– деп атап өтті партия төрағасы. – Барлық қиындықтар мен сынақтарға қарамастан, партия ісі жаңа серпін алуда және ол жаңа мүмкіндіктердің кең өрісіне шыға бастады. «Біз бәріне төтеп бердік. Біз шынықтық, қуатты әрі икемді күшке айналдық. Өйткені, біз – өз еліміздің азаматтарымыз және өз заманымыздың ұландарымыз». «Біздің басты асуымыз және басты жеңістеріміз әлі алда», – деді ол өзінің қорытынды сөзінде.
Съезде жарыссөзге шыққан делегаттар көп болды. Съездің көпке созылғанына қарамастан, өңірден келген партия мүшелері мүдделестігін білдіріп отырды. Партияның тағы бір жаңа мүшесі Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев өзінің саясатқа неге келгенін түсіндіріп, спорт саласына қатысты бірқатар мәселелерді қозғады. Ал белгілі заңгер Жазбек Әбдиев билік басындағы партияға балама болатын саяси партиялардың биліктің заң шығару органының сайлауына қатысуға нақты мүмкіндігінің болуы – ағымдағы саяси науқанға ғана байланысты емес дейді. Ол сот жүйесін реформалаудың кейбір аспектілеріне тоқталып өтті. Партия көшбасшысы уақыт тапшылығын алға тартпағанда, съезд сөз сұраушылардың көптігінен әрі қарай жалғаса да беретін еді.
Сонымен «Ақ жол» демократиялық партиясы да ҚР Мәжілісінің депутаттығына өз кандидаттарының тізімін бекітті. Партия ұсынған 79 кандидаттың ішінде елге еңбегімен танылғаны да, әлі танылмағаны да бар.
Айнаш ЕСАЛИ,
Алматы.