19 Наурыз, 2018

Мұрат Бақтиярұлы: Латын әліпбиі барша қазақстандықтарды қамтуы тиіс

453 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында: «Латын әліпбиіне кө­шудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі за­манғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ XXI ғасыр­дағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне бай­ланысты», деп өз көзқарасын айқын білдірген болатын. Жақында ғана «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Президенттің Жарлығы да қолданысқа енгізілді. Біз жазуымызды жаңғырту арқылы ана тіліміз бен қоғамдық санамызды жаңғыртуға зор мүмкіндік алдық.

Мұрат Бақтиярұлы: Латын әліпбиі барша қазақстандықтарды қамтуы тиіс

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру елі­мізбен халқымыздың болашағы үшін қол­ға алынып отырғанын және бүкіл әлеммен бір­ле­се түсуімізге, ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруімізге, ең бастысы – қазақ ті­лін жаңғыртуға жағдай туғызатынын барша қазақстандықтар жақсы түсінеді деп ойлай­мыз.

Жуырда ғана Елбасы енді Парламент те, Үкімет те өз жұмыстарын мемлекеттік тілде жүргізу жөнінде орынды нұсқау берді. Бұл біздің қоғамның көптен бері күтіп жүрген зә­рулі бір мәселесі болатын. Елбасының осы тап­сырмасы Қазақстанның барлық об­лыстық әкім­діктерінен бастап, меншік иесіне қара­маст­ан бүкіл мекемелерде жүзеге асырыла бастағаны да жөн болар еді.

Қазір қоғамды тағы да бір мәселе алаң­датып отыр. Латын әліпбиі қолданысқа енгі­зіледі деген әңгімеден соң, әсіресе, әлі күнге дей­ін өз ана тілдерін жетік білмейтіндердің қау­іп­тері күшейіп, болашағына алаңдап, балаларын орыс тілді мектептерге беретіні жөнінде айта бастады. Өйткені ертеңгі күні балаларын латын қар­пін­де оқытып, білім беруге үрке қарап отыр.

Латын қарпін тек қазақ тілді мектептерде ғана қолданатын болсақ, күні ертең ата-аналардың балаларын өздері білетін тілдегі, яғни кирилл графикасымен орыс тілінде оқытатын мектептерге берері де қазірден белгілі болуда. Түптің-түбінде бұл қоғамды бірі латын әліпбиін меңгерген, ал екіншісі латын қарпін білмейтін, тек кирилл графикасымен ғана жұмыс істей алатын топтарға бөліп жібермей ме деген алаң бар. Сайып келгенде бұл тұтас қазақ ұлтын тілдік негізде бөлшектеуге әкеліп соғатындай сезіледі. Осы алаңдаушылық туралы сауалды мен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдадым.

Қалыптасып отырған осы бір жағдайға байланысты және Елбасының біртұтас ұлт қалыптастыру жөніндегі идеясына орай латын әліпбиін Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлт өкілдері білуі керек деп санаймыз. Бұл маңызды мәселені еліміздегі барлық диаспораларға ұғындыру үшін осы бастан түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Өйткені болашақта латын әліпбиімен жұ­мыс істейтін тіл – мемлекеттік тіл! Ал, мем­лекеттік тіл барлық қазақстандықтарға ор­тақ тіл.

Осыған орай, жалпы Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, бүкіл балабақшаларда ендігі арада оқу-тәрбие жұмыстарының бәрі де тек латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілде жүргізілуін ойластыруды және балабақшаларда латын әліпбиін қазірден бастап оқытып, үйретуді қажет деп санаймыз. Үкіметтің осы мәселеге қатысты кешенді іс-шара атқаруын сұраймыз

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Сенат депутаты