Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру елімізбен халқымыздың болашағы үшін қолға алынып отырғанын және бүкіл әлеммен бірлесе түсуімізге, ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруімізге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатынын барша қазақстандықтар жақсы түсінеді деп ойлаймыз.
Жуырда ғана Елбасы енді Парламент те, Үкімет те өз жұмыстарын мемлекеттік тілде жүргізу жөнінде орынды нұсқау берді. Бұл біздің қоғамның көптен бері күтіп жүрген зәрулі бір мәселесі болатын. Елбасының осы тапсырмасы Қазақстанның барлық облыстық әкімдіктерінен бастап, меншік иесіне қарамастан бүкіл мекемелерде жүзеге асырыла бастағаны да жөн болар еді.
Қазір қоғамды тағы да бір мәселе алаңдатып отыр. Латын әліпбиі қолданысқа енгізіледі деген әңгімеден соң, әсіресе, әлі күнге дейін өз ана тілдерін жетік білмейтіндердің қауіптері күшейіп, болашағына алаңдап, балаларын орыс тілді мектептерге беретіні жөнінде айта бастады. Өйткені ертеңгі күні балаларын латын қарпінде оқытып, білім беруге үрке қарап отыр.
Латын қарпін тек қазақ тілді мектептерде ғана қолданатын болсақ, күні ертең ата-аналардың балаларын өздері білетін тілдегі, яғни кирилл графикасымен орыс тілінде оқытатын мектептерге берері де қазірден белгілі болуда. Түптің-түбінде бұл қоғамды бірі латын әліпбиін меңгерген, ал екіншісі латын қарпін білмейтін, тек кирилл графикасымен ғана жұмыс істей алатын топтарға бөліп жібермей ме деген алаң бар. Сайып келгенде бұл тұтас қазақ ұлтын тілдік негізде бөлшектеуге әкеліп соғатындай сезіледі. Осы алаңдаушылық туралы сауалды мен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдадым.
Қалыптасып отырған осы бір жағдайға байланысты және Елбасының біртұтас ұлт қалыптастыру жөніндегі идеясына орай латын әліпбиін Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлт өкілдері білуі керек деп санаймыз. Бұл маңызды мәселені еліміздегі барлық диаспораларға ұғындыру үшін осы бастан түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Өйткені болашақта латын әліпбиімен жұмыс істейтін тіл – мемлекеттік тіл! Ал, мемлекеттік тіл барлық қазақстандықтарға ортақ тіл.
Осыған орай, жалпы Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, бүкіл балабақшаларда ендігі арада оқу-тәрбие жұмыстарының бәрі де тек латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілде жүргізілуін ойластыруды және балабақшаларда латын әліпбиін қазірден бастап оқытып, үйретуді қажет деп санаймыз. Үкіметтің осы мәселеге қатысты кешенді іс-шара атқаруын сұраймыз
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенат депутаты