Осы тапсырмаға сәйкес аграрлық сектор экономиканың аса маңызды драйверінің бірі болуға тиіс. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемдегі ең ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз.
2016 жылдың қазанында біз Премьер-Министрдің атына мақта саласына қатысты сауал жолдаған болатынбыз. Осы тақырыптың өзектілігі мен бұл саладағы шешілмеген проблемаларға байланысты мәселеге қайтадан оралып отырмыз.
Мақта шаруашылығы Қазақстанның экономикасында ерекше орын алады. Оңтүстік Қазақстан облысы ауылдық жерлерінің 500 мыңға жуық тұрғыны осы салада жұмыс істейді. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен әл-ауқаты көбінесе, мақта шаруашылығының тиімділігіне байланысты. Мақта өндіру бүгінгі таңда нарықтық емес, әлеуметтік мәселеге айналды.
Мысалы, 10 жыл бұрын шикі мақтаны жинау 460 мың тонна, ал егістік алаңы 200 мың гектарды құрады, бұл кеңестік кезең көрсеткішінен 60 %-ға жоғары. Экспорт 147 млн долларды құрады. Өндірістің өсуіне екі негізгі фактор әсер етті: біріншіден: кәсіпкерлер мақта талшығын экспорттау каналын ұйымдастырды, екіншіден, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне фьючерс схемасы ұсынылып, ол үшін кредит тартылды. Мақта зауыттары саланың негізгі инвесторлары болды. Мәселен 2004-2007 жылдары мақта шаруашылығына салынған жекеменшік инвестиция көлемі 6 млрд теңгеден асты, бұл саланың өркендеуіне ықпал етті.
Қазіргі уақытта, егістік алаңдары жартысына дейін қысқарып, тұқымдық материалдың сапасыз болуы салдарынан мақтаның сапасы нашарлап кетті. Бұл, бірінші кезекте, 2007 жылы мақта қолхаттары жүйесінің енгізілуіне байланысты болды, ол тиімсіз болып, қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін бұзды, сайып келгенде саланың құлдырауына әкеп соқты. Екіншіден, нарықтағы бүкіл ойыншы қаражатты долларлық баламада тартты, алайда доллар курсының күрт өзгеруіне байланысты, қаражат тарту мүмкін болмады, мемлекеттің субсидия түріндегі әрекеті де көмектеспеді.
Осыған байланысты біз Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына депутаттық сауал жолдап, бұл мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдайтын кез келгенін айттық. Өйткені саланың тоқырауы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Мақта шаруашылығының әлі күнге дейін әлеуеті зор. Мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қауымдастықтар мақсатқа сай жұмыс істесе, мақта шаруашылығы экономиканың рентабельдігі жоғары секторы болуы мүмкін. Осы айтылғандарға байланысты және еліміз үшін мақта саласының әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, сондай-ақ инвестициялар тартуға жағдай жасау мақсатында төмендегі шараларды қабылдау сұралды:
1. Мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мақта нарығына қатысушылармен бірлесіп, проблемалы мәселелерді қарауы қажет.
2. Мақта саласын қаржыландыру үшін қаражат тартудың күрделілігін ескере отырып, заем негізде ұзақ мерзімді қаржыландырудың баламалы тетіктерін (екінші деңгейлі банктерден басқа) қарастыру маңызды.
3. Сапалы тұқымдық материалды алудың өзектілігін ескере отырып, осы мәселені шешу жолдарын қарастыру керек.
Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,
Мәжіліс депутаты