![291111-1](http://old.egemen.kz/2011img/291111-1.jpg)
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Серпінді жобаның көкжиегі Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына Қазақстан автоөндірісінің тұңғышы – «Азия Авто» акционерлік қоғамы тамаша табыстармен келіп отыр. Осыдан 9 жыл бұрынғы зауыттың болашағын көз алдыңызға елестетудің өзі оңай емес болатын. Ресейдің «Нива» көлігін құрастырудан алғашқы қадамын бастаған кәсіпорын талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Нарықтың өтпелі кезінде зауытты ұстап тұрудың өзі қиын еді. Алайда, жаңаша ойлап, болашақты бағдарлай алатын кәсіпорынның басшылары бұл тұйықтан біртіндеп шыға бастады. Қазіргі күні Қазақстанда сатылатын әрбір бесінші жеңіл көлік осы зауыттан өмірге жолдама алады. Мына бір цифрларға назар аударалықшы. Тек биылғы қыркүйекте кәсіпорын әртүрлі маркалы 700 көлікті шығарса, жыл аяғына қарай бір мың данасын құрастырып шығармақ. Бұл күндері отандық көліктерді сатып алу оңай шаруа емес. Тапсырыс берушілер кезегін екі ай күтуге мәжбүр. Себебі біреу-ақ, Өскеменде құрастырылып жатқан көліктердің сапасы жақсарып келеді, оның үстіне бағасы қолжетімді. Соңғы бір жарым жылда ғана көлік зауыты 12 жаңа үлгіні шығаруға қол жеткізген. Олардың ішінде жақында ғана Нью-Йорк, Париж, Женева, Детроиттағы автошоу премьерасында көрсетілген, көпшілікке ұнаған «Шевролет», «Киа», «Шкоданың» бірнеше түрі бар. Өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда, қазір өнім көлемі 2,5 есе өскен. Ол ол ма, үстіміздегі жылдың аяғына дейін бір адамның еңбек өнімділігі 300 мың АҚШ долларына жетпек. Алдағы меже 450 мың АҚШ долларына дейін жеткізу. «Азия Авто» өсіп-өркендеу үстінде. Серпінді индустриялық-инновациялық жоба негізінде таяудағы үш жылда мұнда 12 мың жұмыс орны болады. Кәсіпорынға 514 миллион АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция құйылмақ. Жақында акционерлік қоғам өмірінде тағы бір елеулі жаңалық болды. Ресейдің аса қуатты «АвтоВАЗ» ашық акционерлік қоғамының президенті Игорь Комаров бастаған делегация Өскемендегі «Азия Авто» ұжымына келіп, бірқатар маңызды меморандумға қол қойды. «АвтоВАЗ» ААҚ, «Азия Авто» АҚ және «Ертіс» корпорациясы арасындағы стратегиялық серіктестік меморандумына орай ресейліктер бізге көмек қолын созады, қаржы құяды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың шешімімен жаңа салынатын зауытқа қажетті жер телімі бөлінді. Аталмыш аумақта жылына 120 мың көлік шығаратын қуаты бар өндіріс кешені бой көтермек, мұнда дәнекерлеу, автокөлік шанағын сырлау, қосалқы бөлшектер жасайтын цехтар салынбақ. Рыноктағы сұраныстың өсу қарқынын есепке ала отырып, өндірістің бірінші кезеңінде 90 мың, ал 2015 жылы тағы 30 мың автокөлік шығарылмақ. Көлік шығарудың сыртында оны саудалау оңай шаруа еместігі белгілі. Ресейліктер бізге бет бұрған сыңайлы. Өскеменде шығарылған сан алуан көліктер Ресейдің Сібірі мен Қиыр Шығысына, Орталық Азия, Кавказ елдеріне өткізілмек. Ал Кеден одағына енген үш мемлекет бірқатар жеңілдіктерге ие болып қала бермек. Үшжақты келісім нәтижесінде ішкі жалпы өнім шамамен 1,5 миллиард АҚШ долларына өсіп, жыл сайын мемлекет қазынасына 87 миллион доллар қаржы құйылмақ. Дерек пен дәйек *«Азия Авто» зауыты 2002 жылы дүниеге келді. Алғашқы жылы небәрі бір мыңға тарта «Нива» көлігі құрастырылды. * «Азия Автоның» екінші кезегінде жыл сайын 120 мың дана көлік шығарылады. * Құрастыру, бояу, белгілеу циклдары өндіріске енгізілді. * 12 мың жұмыс орны ашылмақ. * Өндірістің жалпы көлемі 1,8 миллиард теңгеге жетпек. * Ресей, Беларусь, Орталық Азия, Кавказ елдеріне зауыт автокөліктері экспортқа шығарылады. * Қазіргі күні зауытта автокөліктің 18 түрі шығарылып жатыр. * Автомобиль өндірісі кластерін құру нәтижесінде автокөліктердің сапасының артуына байланысты шетелдер де өнімдерді тұтынуға қызығушылық білдірмек. Кеден одағы кедергілерді кемітті Кәсіпорын серіктестіктері арасында General Motors, Skoda Avto, тағы басқалардың болуы келешекке сәттілік тілегендей. Зауытта шығарылған көліктердің сапасы жұрт көңілінен шығуда, сондықтан да қазір кезекте тұрғандар қатары көбейіп келеді. Біз шамамыз келгенше тұтынушылардың тілегін орындауға назар аударамыз. Айта кететін жәйт, Кеден одағына енуіміз кәсіпорынның көкжиегін кеңейте түсті. Ресейдің көрші облыстары біздің көлікке қызығушылық танытып отыр. Биыл жеңіл көліктерді сату көлемі 18,3 пайызға ұлғайды. Мәселен, KIA Cerato қысқа мерзім ішінде TOP-3 Қазақстан рыногына еніп, Тойота Королла мен Тойота Ланд Крузор Прадо көлігіне ғана жол берді. Қазір әлемдік көш бастаушы көліктердің ішінде біздің бес үлгі Өскеменде шығарылуда. Автомобиль өнеркәсібі кластерін құру оңай емес. Әлемдегі қаржы дағдарысы көптеген алпауыт көлік зауыттарының адымын аштырмай тастағаны белгілі. Сондықтан бағаны шарықтата бермей, сұранысқа сай реттеп отырған орынды. Біз тұтынушылардың бұл сұранысын қанағаттандыруға тырысамыз. Рас, қазір бірқатар облыс орталықтарындағы көлік сататын салондарда көлік жетіспей жатыр. Бұл кемшілікті де түзейміз. Ержан МАНДИЕВ, «Азия Авто» АҚ президенті. Үнем бар жерде табыс та бар Тоғыз жыл бір қарағанда көп уақыт емес. Мен алғашқы күннен бастап «Азия Авто» зауытында еңбек етіп келемін. Көз алдымда көзді сүріндіретін жаңа көліктердің шығып жатқанын көрудің өзі адамды ерекше бір сезімге бөлейді. Қазір қарапайым жұмысшыдан бастап жетекшілерге дейін «үнемді өндіріс» бағдарламасы бойынша еңбек етуде. Ол нені білдіреді? Үнем мен ұқыптылық бар жерде, табыс та бар. Электр қуатын, қажетті тетіктерді ұқыппен пайдалану, жұмыс орныңды таза ұстау, әріптесіңе білгеніңді үйрету, жаңа техника мен технологияны игеру назарда бола бермек. Міне сондықтан болса керек, үстіміздегі жылдың маусымында біздің ұжым еліміздегі өзі тектес кәсіпорындар арасында өндірісте тиімді жұмыс істегендері үшін ең үздік деген атаққа ие болды. Алексей КУЗНЕЦОВ, құрастыру учаскесінің бастығы. 20 жылдыққа – 20 тарту Анатолий БАЛУШКИН, «Бипэк Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы. Біз ең алдымен еліміз автоөндірісінің тұңғышы – «Азия Автоның» дүниеге келуіне мұрындық болған, Кенді Алтайға келген сапарында өндіріс орнына бас сұғып, зауыт мамандары мен жұмысшылармен емен-жарқын әңгімелесіп, пікір алмасып тұратын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымызды айтамыз. Компанияның тыныс-тіршілігі Елбасына жақсы таныс, әрдайым қолдап, көмектесіп тұрады. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев та көмегін көрсетеді.![291111-18](http://old.egemen.kz/2011img/291111-18.jpg)
Келешекке кемел сенім
Осымен төртінші рет қазақстандық көлік зауытында болдым. «Азия Автоның» қарқыны қуантады. Жақында ғана ресейліктермен бірлесіп толық циклды зауытты қатарға қосу жөнінде қолға алған бастамасы аса құнды. Бұл Қазақстанның 20 жылдық мерейтойына үлкен тарту. Біз кәсіпорынның келешегіне сенеміз, үміт артамыз. Мунихио ФУКУДО, Инновация және энергияны үнемдеу жөніндегі Еуразия банкі бағдарламасын үйлестіруші.![291111-20](http://old.egemen.kz/2011img/291111-20.jpg)
![291111-15](http://old.egemen.kz/2011img/291111-151.jpg)
![291111-21](http://old.egemen.kz/2011img/291111-211.jpg)