– Үлкен жолдың бастауында тұрмыз. Бұл жол біз үшін ауыр және ұзақ. Жолдастық кездесу болса да алдағы ойындардың жауапкершілігі жоғары. Қос команда да бізден мықты. Жақсы тәжірибе болады. Ұлттық құраманы жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Ел біріншілігінің бірнеше ойынын көрдім. Ашығын айтсам, футболшылардың деңгейіне көңілім толмайды. Өте төмен. Жолдастық кездесулерге негізгі 3 ойыншымыз жарақатына байланысты қатыса алмайды. Логвиненко, Жуков, Лунин. Ұлттар лигасы аясындағы ойындарға бар күшімізді салуымыз қажет. Біз фаворит емеспіз. Тек топтан шығуға ұмтыламыз. Фавориттер барлық уақытта жеңіске жете бермейді. Сондықтан бар күш-жігерімізді саламыз. Талап қоя білуіміз керек. Тәртіп пен талап болса, нәтиже келеді. Кәсіби деңгейімізді арттыру мақсатында аянбауымыз керек. Менен күні ертең нәтиже күтпеңдер, ол өзі уақытымен келеді.
– Мокиннің жасы 37-ге келді. Оның құрамаға шақыртылуы қаншалықты орынды?
– Жасына қарамаймын. Мокин мықты, тәжірбиелі қақпашы. Маған талабымды орындай алатын қақпашылар керек.
– Неге жолдастық кездесулерге Болгария мен Венгрия таңдалды?
– Ұтылуымыз да мүмкін. Ең бастысы, дұрыс қорытынды шығарып, алға қадам басуымыз маңызды. Бізде жолдастық кездесулер ұйымдастыруда кемшіліктер бар. Басқа командалармен ойнауға да болушы еді. Мықты командалармен ойнау арқылы шеберлігімізді шыңдай түсеміз.
– Осыған дейін ұлттық құрамада өзгерістер болуы мүмкін деген болатынсыз...
– Өзгеріс болмайды. Тізімде бар ойыншыларға сенім артамыз. Жас ойыншылар бар. Сейдахмет, Зайнутдинов сияқты жастарға мүмкіндік беріледі.
– Капитан кім болады?
– Дауысқа салынбайды. Капитан кім болатынына байланысты шешімді өзім қабылдаймын. Екі ойында әртүрлі капитандар болуы да ықтимал.
– Бауыржан Исламхан құраманың көшбасшысы бола ала ма?
– Ол өте мықты ойыншы. Қорғаушылық жағына көп мән беру керек. Бауыржанға сол ғана жетіспейді. Сапалы ойыншы бола алады. Біз көмектесеміз.
– Негізгі шабуылшылар кімдер?
– Щеткин, Хижниченко, Мұртазаев. Шабуылшылар емес, орталық қорғаушы позициясы проблема болып тұр. Логвиненко ойынға қатыса алмайды. Ол негізгі орталық қорғаушымыз болатын.
«Ұлттық құраманы жанкүйерлердің, журналистердің қолдауы маңызды. Біз барлығымыз жұмыс жасауымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады. Ұзақ жол күтіп тұрғанын айттым. Сол жолдан абыроймен өтуге барлығымыз жұмыс жасайық. Ұлттар лигасында топтан бірінші болып шығуға тырысамыз. Біздің қарсыластарымыз да мықты. Дегенмен, өз ойыншыларымнан еуропалық ойын күтемін. «Астана», «Қайрат» командасынан шақыртылған, тәжірбиелі ойыншылар еуропалық футболды көрді. Күзде толық дайын болуымыз керек», – деп қорытындылады Станимир Стойлов баспасөз жиынын.
Еркебұлан ЖОМАРТ,
«Егемен Қазақстан»