КСРО-ның жаппай қарулану тарихының айтарлықтай кезеңі 40 жылдан астам қызмет еткен Семей полигонымен тікелей байланысты болды. Ядролық қаруды сынақтан өткізетін әлемдегі ең үлкен полигон болып табылғандықтан, ол КСРО-ның ең құпия нысандарының біріне айналды. Осы құпияны құдіреті күшті әскери-өнеркәсіптік кешен аса қатаң сақтайтын. Бұл полигон ядролық теке тірестің әйтеуір бір зор апатқа әкелетінін үнемі еске салып тұратындай еді.
![291111-11](http://old.egemen.kz/2011img/291111-11.jpg)
Ядролық қаруды сынау осы төңіректегі халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға орны толмас зардабын тигізді. Мұндағы ауру түрлері тіпті, медициналық картотекада да кездеспейтін, оған қарсы қандай ем-дом барын жергілікті дәрігерлер мүлде білмейтін еді. Кейін полигон зардабына ұшыраған Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының аудандары экологиялық апат аймағы деп жарияланды. Қазір сол аймақтарда залал тартқан жандардың өздері ғана емес, ұрпақтары да денсаулықтарынан зардап шегуде.
Егер ядролық полигонның тарихына тоқтала кететін болсақ, бұл жер адамзаттың ақыл-ойының күшімен жасалған ең үлкен қасіретке тап болған аймақ екенін көреміз. Ең бірінші ядролық бомба бұл жерде ашық әдіспен 1949 жылдың 29 тамызында жарылды. Ал 1953 жылы алғашқы термоядролық құрылғы сынақтан өтті. Екі жылдан соң сутегі бомбасы жарылды. Аждаһаның қуаты жыл санап күшейе түскен сайын, халыққа, экологияға тигізетін залалы да арта берді. 1989 жылғы соңғы жарылысқа дейін бұл жерде 40 жыл бойы 468 ядролық жарылыс болды. Хиросима қаласына тасталған бір бомба ғана бір сәтте 100 мыңнан артық адамды қаза қылып, жүздеген мың адамға жазылмас жарақат салған еді. Ал Семей полигонындағы жарылыстардың күші одан 2,5 мың есе қуатты болды...
Ядролық бомбалардан тараған радиация 300 мың шаршы шақырымнан астам жердің ауасын, суын уландырып, орны толмас экологиялық зиян шектірді. Бұл еуропалық ірі елдердің территориясына тең аумақ. Миллионнан артық гектар жер ұзақ жылдарға жарамсыз болып қалды.
Қырық жыл бойғы аспан мен жерді тұтастырып, солқылдатқан ядролық жарылыс тұрғындарды моральдық күйзеліс жағдайына ұшыратып, денсаулықтарына орны толмас жара салды. Жалпы саны 1,5 миллиондай адам осындай зардап шекті. Жарылыстардың экологиялық зиянды салдарының адамдардың тұрмысына тура ықпалы болмағанымен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге кері әсер етіп, экономикалық даму әлеуетін тежеді.
Қоршаған ортаға келтірілген зиянды әсерлердің кейбірі бұрын болған, қайсыбірі қазір де жалғасуда, болашақта да жаңадан туатындары бар екені белгілі болып отыр. Сондықтан оларды жоюдың және алдын алудың тиісті шаралары тоқтамауы керек. 1949-1989 жылдары экологиялық ақпараттың болмауы халыққа қаншалықты зиян шектіргенін болжап білу қиын. Қазір ғана ядролық сынақтардың радиоактивті залалдары жергілікті, аймақтық тіпті ғаламдық ауқымға жеткенін біліп отырмыз.
«...Барлық жауапкершілікті мойныма ала отырып, өзімнің Жарлығыммен Семей ядролық сынақ полигонын жабылды деп жариялаймын. Ядролық тарихтың бір беті аударылды...», деп басталған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрын халыққа жариялаған Үндеуі күні бүгінгідей өз маңызын жойған жоқ және жоюы мүмкін де емес. Бұл Елбасының барынша дана, сонымен қатар, батыл шешімі еді. Уақыт өткен сайын оның тарихи маңызы арта берері сөзсіз. Ұзақ жылдар өткен соң дүние жүзі қауымдастығы Қазақстанның ұсынуымен осы күнді Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялауы осы сөзімізге дәлел болады.
Тәуелсіздік алған кезде әлемдегі төртінші орындағы ядролық арсеналды иемденген біздің елімізге ядролық қаруы бар мемлекет атануға деген қызығушылық үлкен болды. Бірақ Қазақстан басқа жолды қалады. Көптеген санкциялар мен сындарға ұшырайтын ядролық қаруы бар жаңа ел болғанша біздің мемлекет өркениетті әлемнің сенімді әрі болжамды әріптесіне айналуды қалап, аждаһа қарудан өз еркімен бас тартты.
Қазақстанның ядросыз әлем жолындағы күресі полигонды жабу және аждаһадан бас тартумен ғана шектелген жоқ. Халықаралық аренада ядролық қасіретті бастан кешкен Қазақстан оған қарсы күрестердің белсенді бастамашысы болып отыр. ТМД елдері арасынан Қазақстан ең алғашқылардың бірі болып, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Он бес жыл бұрын еліміз Ядролық қаруды сынауға жаппай тыйым салу жөніндегі шартқа қосылды. 2005 жылы Қазақстан Ядролық терроризм актілеріне қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға мүше болып кірді. Ал 2006 жылы АҚШ пен Ресей Федерациясы жариялаған Ядролық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жаһандық бастама құрылтайшыларының бірі болды.
Жуырда Астанада өткен «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық форум әлемге әйгілі мемлекеттік және саяси қайраткерлерді жинап, ядролық қарудан бас тартуға, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға үлес қосу жөніндегі маңызды пікір алмасу алаңына айналды. Форумға қатысқан барлық белсенді қайраткерлер бұл іске Қазақстанның қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Конференция қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясы ядросыз әлем жолындағы қозғалысқа қосылған маңызды үлес екені сөзсіз.
Сергей ПЛОТНИКОВ, сенатор.
Дерек пен дәйек
• 2011 жылдың 4 қазанында АҚШ астанасы – Вашингтон қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев америкалық «Ядролық қатерді қысқарту туралы бастама» (NTI) қорының сыйлығын алды. Бұл Қазақстан Президентінің ядролық қаруға қарсы жүргізген көпжылдық еңбегінің бағасы еді. Туған халқының ядролық сынақтар қасіретін басынан кешіп жатқанын көрген Н.Назарбаев оны жер бетінен аластау үдерісіне ерте бастан кіріскен еді.
• 1989 жылғы 20 ақпанда Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстарды уақытша тоқтату немесе күшін азайту туралы Семей обкомының бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың Михаил Горбачевке хаты сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жазылған-тын.
• 1991 жылғы 29 тамыз. Президент Н.Назарбаев КСРО саяси басшылығының, Әскери-өнеркәсіп кешенінің қарсылығына қарамастан, Семей ядролық сынақ полигонын өзінің №409 Жарлығымен жапты.
• КСРО ыдырағаннан кейін, 1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматыда «Алматы декларациясы» қабылданып, сол жолы аумағында ядролық қаруы бар Қазақстан, Беларусь, Ресей, Украина республикаларының басшылары КСРО-ның стратегиялық ядролық күшіне бірлескен бақылау орнату жөнінде келісімге келді. Сонымен бірге, КСРО-ның стратегиялық шабуылдаушы қару-жарағын қысқарту жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға уағдаласты.
• Қазақстан қуаты әлемде төртінші орын алатын ядролық арсеналынан бас тартатындығын жариялап, 1992 жылдың 22 мамырында Лиссабон Хаттамасына қол қойды. Бұл шешім АҚШ, Еуропа және БҰҰ тарапынан қуанышты қолдау тапты.
• 1992 жылы Қазақстан аумағында тұңғыш рет халықаралық қатерді бірлесе отырып азайту немесе «Нанн-Лугар» бағдарламасы деп аталған шара бойынша ядролық, химиялық және биологиялық қарулардың зиянды қалдықтарын жою жобалары іске асырылды.
• 1994 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) мүшесі болды.
• 1994 жылдың 5 желтоқсанында Ресей, АҚШ және Ұлыбритания Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қоюына және осы қарудан өз еркімен бас тартуына байланысты қауіпсіздігіне кепілдік беретіні туралы меморандумға қол қойды. Кейін, бұл меморандумға Қытай мен Франция да қосылды.
• Қазақстан 1995 жылы, өз аумағынан ядролық қару арсеналын әкету жөніндегі міндеттемесін толық орындағаннан кейін, оның инфрақұрылымдарын жою және бұрынғы әскери өндірісті азаматтық мақсатқа конверсиялаумен айналысты. Бұл істе МАГАТЭ шеңберінде Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және Жапония тарапынан техникалық көмектер көрсетілді.
• 1996 жылғы қыркүйектегі БҰҰ 51-сессиясы кезінде Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қосылды. Оған қосыла отырып, ядролық қаруға жаһандық мониторинг жүйесін құру жұмысына белсене қатысты.
• 1994-1996 жылдардағы ядролық қарусыздану саласындағы белсенді әрекеттері ескеріліп, Қазақстан 1999 жылы Қарусыздану жөніндегі конференцияның мүшелігіне қабылданды.
• 2002 жылдың 13 мамырында Қазақстан Ядролық жабдықтаушылар тобына 40-шы мүше болып енді. Бұл топ мүшелерінің мақсаты – терроризмге қарсы күрес, жаппай қырып-жоятын қарулардың (ЖҚҚ) таралуына қарсы әрекеттер жасау және ядролық материалдарды пайдалану мен олардың қозғалысына бақылау жасау.
Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Жақсыбай САМРАТ.