Президент Үндеуінде айтылған бес бастаманың әрбіріне жекелей тоқталған Ассамблея өкілдері халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бұл жоба дер шағында қолға алынған игі қадам деп бағалады. Бұл жұмыстарды іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы да барынша күш салатыны, ол үшін бастаманы халыққа дұрыс жеткізудің маңызы зор екені сөз болды. Мәселен, алдағы жаз айларынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының мультимедиялық порталы іске қосылады. Онда түрлі этномәдени орталықтардың жаңалықтары жарияланып тұрмақ. Портал жұмысының басты бағытының бірі Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жастарға жеткізуге арналады.
– Мемлекет басшысы бірінші кезекте халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселесіне тоқталды. «7 – 20 – 25» бағдарламасы жұртшылықты баспанамен қамту жұмыстарын оңтайлы шешуге жол ашатын болады. Президент екінші бастамасында студент жастарға барынша жағдай жасау жайын негізге алып, мемлекеттік грант санын тағы да 20 мыңға ұлғайтуды тапсырды. Жастарымыз осыны жақсы түсініп, жақсы білім алып бәсекеге қабілетті маман болуға талпынуы тиіс. Мемлекетімізді дамытатын негізгі тетіктерді анық көрсетіп берген Президент сөзінің қорытындысында мұның барлығы ойдағыдай іске асуы үшін бәрінен де бірлік пен татулықтың маңызды екенін айтты. Осынау айқын мақсаттардың жолында бәріміз күш біріктіріп, мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлесімізді қосуымыз керек, – деді ҚХА Төрағасының орынбасары Л.Прокопенко.
Басқосуда Президент Үндеуінде қамтылған шағын несиелердің жалпы сомасын ұлғайту жайы да айтылды. Бұл бастама азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашып, экономикалық әлеуетіміздің артуына серпін береді деген «Ахыска» түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары ШахИслам Асиев: «Елімізде өз ісін дөңгелетемін деген азаматтарға мүмкіндік мол. Мемлекет кәсіпкерлерді жан-жақты қолдап келеді. Елбасы шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге дейін көбейтуді тапсырды. Осы арқылы азаматтарымыз өз мақсатын жүзеге асырып, халықты жұмыс орындарымен қамтуға, отандық өнімдер санын көбейтуге өз үлестерін қоса алады» деді.
«Еліміздің гүлденуі – әрбіріміздің жақсы өмір сүруіміздің кепілі» деген ассамблеялықтар, Үндеуде айқындалған мақсаттарды жүзеге асыру бәрімізге ортақ міндет деп тарқасты.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»