Төртінші күн (29 қараша ):
Бүгінгі таңда Қазақстан ядросыз әлем құру жолындағы халықаралық қозғалыстың белсенді де беделді мүшесі болып отыр. Бұл істегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары әлемдік қоғамдастық, соның ішінде БҰҰ және АҚШ пен Еуропаның беделді елдері тарапынан қуанышты қолдаулар табуда. Біз төменде осы қозғалыс шеңберінде Қазақстан тарапынан атқарылған жұмыстар туралы айтатын мақалалар топтамасын ұсынып отырмыз.
Барак ОБАМА,
АҚШ Президенті:
Қазақстан ұзақ уақыт бойы ядролық қауіпсіздік саласының лидері және Америка Құрама Штаттарының досы болып келеді. Осы саладағы бірлескен жобаларымыздың жалғасуын асыға күтемін.
Пан ГИ МУН,
БҰҰ Бас хатшысы:
Өзімнің былтырғы Семейге барған сапарымды ешқашан ұмытпаймын. Бұл жер ондаған жылдар бойы «қырғи-қабақ соғыстың» эпицентрі болып келді. Сіздің (Н.Назарбаевтың) 20 жыл бұрынғы батыл шешімдеріңіздің арқасында ғана Семей жерінде үміттің оты маздады.
Джек СТРО,
Ұлыбритания:
Қазақстанның үлгісі бойынша бірнеше мемлекет ядролық қарудан өз еріктерімен бас тартты. Менің ойымша, әлем Қазақстанға рахмет айтуы керек.
Эни ФАЛЕОМАВАЕГА,
АҚШ Конгресі өкілдер палатасының мүшесі:
Президент Н.Назарбаевқа, сенаторлар Р.Лугар мен С.Наннға Нобель Бейбітшілік сыйлығы берілсе, олардың тарихи үлесін адамзаттың лайықты бағалағаны болар еді. Мұндай жоғары бағаның ядролық қатерді азайтып, жаһандық қауіпсіздікті нығайтатынына менің сенімім мол.
Коитиро МАЦУРА,
ЮНЕСКО-ның Бас директоры:
Мен Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ядролық қару қорларын жоюға бағытталған күш-жігерін барынша құптаймын.
Ричард ЛУГАР,
АҚШ сенаторы:
АҚШ пен Қазақстанның «Нанн-Лугар бағдарламасы» бойынша жүзеге асырылған жаппай қырып-жоятын қарудың инфрақұрылымын бөлшектеу саласындағы тығыз ынтымақтастығы біздің елдеріміз арасындағы ізгі қатынастарды дамыту үшін құнарлы негіз болып қалады.
Халық пен биліктің тұтастығы алғаш ядролық қаруға қарсы күресте көрініс тапты
![291111-8](http://old.egemen.kz/2011img/291111-8.jpg)
Жаппай қырып-жойғыш ядролық қарудың дүние жүзіндегі арсеналы Жер бетіндегі тірлікті түгел жойып жіберуге жететін әлеуетке жеткеннен бері ядросыз әлемге көшу идеясы да туған еді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан ядролық қаруды жою идеясын көтерген адамдар көбейді. Соның бірі көсемсөзші Джонатан Шелл болды. Ол 1984 жылы өзінің «Тһе аbolition» («Тыйым салу») атты еңбегін жариялады. Ал бұл туралы жоғары деңгейдегі халықаралық келіссөздер алғаш рет АҚШ президенті Р.Рейган мен КСРО президенті М.Горбачевтің 1986 жылғы қазанда Исландия астанасы – Рейкьявикте кездесуінде қозғалды. Әлемдік сарапшылардың айтуына қарағанда, осы кездесуден кейін ядролық қаруды жасауда тежеліс пайда болған. Ал бұл кезде ядролық оқтұмсықтар саны 50 мыңға жеткен еді.
Рейган мен Горбачев ядролық қаруды жою жөніндегі негізгі мақсатқа жетпегенімен әлемге оны шұғыл қысқарту бағдарын көрсетіп кетті. Бірақ АҚШ пен Ресейде және олардан басқа да ядролық клубқа енетін елдерде әлі күнге оның мыңдаған оқтұмсықтары қалып отыр. Бүгінгі күні ядролық қарудың қаупі арта түсті, себебі, террористік ұйымдар оларды қолға түсіруге барлық күштерін салып, жанталасуда. Атом бомбасының өзі болмаса да ядролық құрылымды қолға түсірудің өзіне олар орасан зор қаржыны аямауға бел бууда. Әзірге өркениетті әлем ядролық қарудың қолды болуына жол берген жоқ. Бірақ қарудың көбеюі және оны иеленген елдер санының арта түсуі қолды болу қаупін де зорайтуда. Бар-жоғы бірнеше жыл бұрын ғана ядролық материалдарды сататын «қара базарды» жоюға қол жеткізілді. Бірнеше жыл бойы әрекет еткен оның сөрелерінен қаншама материалдың ниеті бұзық адамдардың қолына түскені белгісіз. Қауіпсіздік шараларын барынша жетілдірдік дейтін АҚШ-тың өзінде 2008 жылы екі рет ядролық материалдардың сатылған фактілері әшкереленді.
Атом бомбасының зардабын әлемде өз басынан өткерген мемлекеттің бірі ретінде Қазақ елі ядролық қарусыз әлем деген ұранға қай күннен елеңдеп тұрады. Ақын Олжас Сүлейменовтің сөзімен айтқанда, біздің жерімізде «мемлекет өз халқына қарсы тыныш атом соғысын жүргізіп келді». Қазақстан аумағындағы әлемдегі ең үлкен Семей ядролық сынақ полигонында 40 жыл бойы, соның ішінде 14 жыл ашық далада жарылған бомбалардан тараған радиация 300 мыңнан артық шаршы шақырымды шарпып, адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаның флорасы мен фаунасына орасан зор зиян келтіргенін және әлі де қауіп туғызып жатқанын қазір жақсы білеміз.
Даланың қатал табиғатынан сұрыпталған, денсаулығы мықты, төзімді, оның үстіне көп балалы болып келетін қазақ отбасыларында бұрын болып көрмеген рак, лейкемия, ерте катаракт болу, туберкулез, аллергия, глаукома, жүрек-қан тамырлары, тері және жүйке аурулары қаптап кетті. Балалардың екібасты, қолсыз, бүйрексіз, т.б. тууы да көбейді. Ал жайдан-жай әлсіреу, бас айналу, шаштың ерте түсуі, суицид секілді көріністер жаппай орын алды. Осындай жағдай мал басында да көбейді. Бір отар қойдың бір сәтте жүні түсіп немесе жаппай соқыр болып қалуы секілді сұмдықтарды қазақ қана бастан кешкен шығар. Ол-ол ма, кеше ғана тамаша мал жайылымы немесе көз жеткізгісіз жазық дала болған жондарда аяқ астынан тау немесе көл пайда болғанын, ал таулардың жоғалып кеткенін де қазақтан басқа кім көрген.
1989 жылы КСРО-дағы демократиялық үдерістерді пайдаланып, Қазақстанда тұңғыш рет ядролық қаруға қарсы қозғалыс дүниеге келді. Халқымыздың айбынды ақыны Олжас Сүлейменовтің бастамасымен «Невада-Семей» деген атау алған қозғалыс Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында құрылып, алғашқы митингісін сол жылғы 28 ақпанда өткізді. Оның ядролық сынақтарды тоқтату талаптарын бүкіл ел болып қолдады. Сол жылы Қарағанды мен оның маңындағы қалалардың 130 мың шахтері, Семей, Павлодар, Өскеменнің жұмысшылары сынаққа қарсы мерзімсіз ереуілге шықты. Халықтың дүмпуімен сол жылы жоспарланған 18 жарылыстың 11 тоқтатылды. Ең соңғысы 19 қазанда болды.
Бұл қозғалыс әлемдік сипат алып, халықаралық ядролық қаруға қарсы альянсқа ұласты. Олар Қазақстанда ғана емес, Ресей, Америка және Жапония елдеріндегі қарсылық демонстрациялары мен митингілеріне жалғасты. Міне, осы кезден бастап халықтың жаппай көтерілуінен ыққан өкімет Семей сынақ полигонында жарылыс өткізген жоқ. Бірақ орталық билік полигонды жабуды ойға да алмады. Тек, халықтың аңсаған тілегін қабыл етіп, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 409-шы Жарлығымен сол кезде әлі де қуатынан айрыла қоймаған КСРО Әскери-өнеркәсіп кешенінің қарсылығына қарамай, Семей ядролық сынақ полигонын мәңгіге жапты. Оның соңын ала әлемдегі қалған төрт зәулім – Жаңа Жер (Ресей), Невада (АҚШ), Мороруа (Франция), Лобнор (ҚХР) полигондарында да сынаққа мораторий жарияланды.
Ал 1992 жылы Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде СНВ-1 шартының ядролық қаруды таратпау жөніндегі Хаттамасына қол қойды. Содан бері Қазақстан ядролық қаруға қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшылары қатарында келеді. Қазір дүниенің барлық бұрышында ядролық қаруға қарсы әңгіме бола қалса, ішінде Қазақстан аталады. Және Қазақстанның қатысуынсыз бірде-бір ондай әлемдік шара өткізілмейді. Қазақстанның ядролық сынақтарға қарсы жасаған қағидатты қадамдары 1996 жылғы 24 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясындағы «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа» қол қоюға ұласты, деп жазды белгілі дипломат Қ.Тоқаев. Бүгінгі күні бұл шартқа 182 мемлекет қол қойып, оны 154 ел ратификациялады. Ядросыз әлемге қол жеткізу одан әбден қасірет шеккен Қазақстан халқының арманы еді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік деңгейде іске асыруға батыл кірісіп кетті.
Камал БҰРХАНОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор.