Жоба құны – 12 млрд теңге
Облыста «Туған жер» арнайы бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалардың, кіші жобалардың және іс-шаралардың жол карталары мен тізімдері құрастырылған. Жалпы, Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында 400-ден астам түрлі жоба жүзеге асырылмақшы. Бұл мақсатқа жұмсалатын қаржы қоры да қомақты: 12 миллиард теңге! Игі шарадан атымтайжомарт демеушілер де тыс қалмаған. Жоғарыда айтылған соманың 5 миллиард теңгесі мырза меценаттарға тиесілі.
– Табысты ел, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов көшпелі мәжілісте сөйлеген кіріспе сөзінде, – ол ең бірінші кезекте табысты адамдар. Қазір Қазақстан экономикалық жаңғыру жолында тұр. Алайда бұл реформалардың барлығы рухани құрастырушысыз еш мағынаға ие бола алмайды.
Өңірде аталған бағдарламаны жүзеге асырудың маңыздылығы, оның әлеуметтік-экономикалық дамуға қуатты серпін беретіндігі күн тәртібінде алдыңғы орынға қойылған. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін Қарағанды облысының әкімдігі мен өңірлік сараптамалық кеңестің құрамына қоғам мен ғылым саласының беделді қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жетекші сарапшылары мен мамандар бекітілген. Бүгінгі күні өңірлік сараптама кеңесі тұрақты түрде жұмыс істеп, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау ісінде көп шаруаны тындырып жүр.
Ұсыныстар игі істердің ұстыны
Шын мәнінде, бұл игі шараның сарапшылар қауымдастығы мен өңірлік жобалау кеңселері арасындағы байланысты нығайтуға, облыстағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысын жан-жақты талдауға, жақын болашақта іске асырылатын жобалардың сапасын арттыруға негізделген ұсыныстарды қалыптастыруға бағытталғаны белгілі. Бұдан бөлек, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының орындалуы, өлкетану бойынша оқулықтар әзірлеу, баспадан шығару, материалдық және материалдық емес мәдени ескерткіштер тізілімін қалыптастыру тәжірибесін қолданысқа енгізу сынды қат-қабат шаруалардың атқарылуы да басты мақсат ретінде қарастырылғанын айта кеткен жөн.
Арқаға арнайы ат басын тіреген Орталық сараптама кеңесінің құрамына есімдері елге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері енген. Атап айтқанда, олардың қатарында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, ЕҰУ «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Арын, ЕҰУ проректорлары Дихан Қамзабекұлы, Серікжан Қанаев, ҚХА кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков, профессор-ғалымдар Шәкір Ыбыраев, Серік Негимов, Жамбыл Артықбаев, Мақсат Алпысбес, Азамат Дүйсембаев сынды зиялы қауым өкілдері болды. Көшпелі мәжілісте олар салмақты пікір айтып, салиқалы әңгіме қозғады.
Сонымен қатар жиында өңірлік сараптама кеңесінің төрағасы, Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысы туралы Қарағанды өңірлік жобалау офисінің жетекшісі Гүлнәр Құрбанбаева, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының іске асырылуы туралы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова мен өлкетану бойынша оқулықтар әзірлеудің барысы туралы «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімова баяндама жасады.
Шәкәрім жоқ, Қалқаман бар
Көшпелі мәжілісте филология ғылымдарының докторы Серiк Негимов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру ісінде жергілікті тарихи тұлғалардың есiмдерiн, аты аңызға айналған жерлерді жаңғыртуға баса назар аудару керектігін айтты. Ғалым өз сөзінде қазақ терминологиясын түзуге сүбелі үлес қосқан ағартушы-лингвист Ісләм Жарылғаповтың биыл 100 жылдығы екенін еске салды. «Қарағанды осыны ескерусіз қалдырмаса екен. Еңбегі мен мол мұрасын, оның сөзжасамдағы бай тәжірибесін бүгінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Қазір қайталанбас тұлғаның 5 мың сөзі қызының қолында. Сенімді адамға ғана бер деп аманаттап кетіпті», деді Серік Негимов.
Сонымен қатар ол Бектауата баурайында жерленген Шашубай ақын мен Алаш арыстарымен бірге елге қызмет көрсеткен Хасеннің Бижанының мұраларын жандандыру жайын сөз етті. Мектеп мұражайын ашу жұмыстарын қолға алу, студенттер мен оқушыларға экспедиция ұйымдастырып, Ұлытау, Қарқаралы сынды киелі жерлермен таныстырып, сол топырақтан түлеген әнші, ақын-жазушылардың мұрасымен сусындату қажеттігіне назар аударды.
«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімова өз сөзінде әр облыстың өлкетану аясында мектеп бағдарламасына енгізуге ұсынған кейбір оқулықтарының мазмұнын сын тезіне алды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының өлкетану кітабына Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бибігүл Төлегенова сынды тұлғалар енбей, олардың орнында кейінгі әншілер мен ақындардың жүргеніне қынжылыс білдірді. Атап айтқанда, оқулықтарда ақын Қалқаман Сарин, әншілер Гүлмира Сарина, Тоқтар Серіковтің өмірбаяны берілген. Сондықтан кітапты баспаға әзірлеу барысында әр саланың білікті мамандары мен тарихшылардан тұратын арнайы комиссия құрылса деген ұсыныс-тілек айтылды.
«Теңіз – тамшыдан» деген тәмсілге салсақ, көшпелі мәжіліс барысындағы баяндамаларда айтылған көшелі ұсыныстардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ұлт руханиятына ауадай қажет міндеттерді орындау ісінде ұстын боларлық рөл атқаратыны айқын аңғарылды.
Мәдиге – мавзолей
«Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Арын мәдени мұра аясында сериялық кітаптар шығару ісінің, атап айтқанда «Сарыарқа кітапханасы» сериясы жобасын қайта қолға алудың өңір үшін маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол күрескер ақын Мәди Бапиұлының кеңес заманында салынған ескерткішін қайта жаңғыртып, оның басына мавзолей кешенін тұрғызу жөнінде ұсыныс айтты.
Баяндамаларды талқылау барысында сарапшылар сапалы жобаларды іріктеу бойынша бірнеше ұсыныстар мен ұсынымдар берді. Олардың ішінде «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Арын айтқан Ұлытауды халықаралық дәрежеде ұлықтау және Қарағандыдан Тұңғыш Президент кітапханасының филиалын ашу, Мәди Бапиұлының басына Кеңес Одағы кезінде қойылған ескерткішті қайта жаңғырту секілді маңызды мәселелер көпшіліктің көңілінен шықты.
Көшпелі мәжіліс барысында Орталық сараптама кеңесінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов облыс әкіміне естелік сыйлық ұсынса, Қазақстан Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков мемлекеттік гербтің жаңа нұсқасын табыс етті. Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалым-сарапшылары, оқытушылары Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша шолу дәрістерін өткізді. Орталық сараптама кеңесі жұмысының соңында тарих ғылымдарының докторлары, профессорлары Ерлан Сыдықов пен Жамбыл Артықбаев бірігіп жазған «Әнет баба: ғұмыры мен заманы» кітабының тұсаукесер рәсімі болды.
Көшпелі мәжілісте көп айтылған дүниенің бірі – рухани тұрғыда түлемеген қоғам береке-бірліктен айырылып, өркен жая дами алмайтындығы болды. Яғни руханият ризығынсыз ұлт тілеуінің қабыл болмайтындығы тағы бір мәрте еске салынды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ