Сұхбат • Бүгін, 09:00

Тұрар Әліпбай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор: Күй кеші күнде өтсе де артық емес

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

– Тұрар аға, өзіңізді ұлттық өнерді, оның ішінде күй мұра­сын насихаттаушы ретінде жақ­сы білеміз. Ертең концерт бергелі жатыр екенсіз...

Тұрар Әліпбай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор: Күй кеші күнде өтсе де артық емес

– Иә, бұйыртса, Еркеғали Рах­ма­диев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында. Биыл Дина Нұрпейісованың 165 жыл­ды­ғы, Ахмет Жұбановтың – 120, ұста­зы­мыз Қаршыға Ахмедияровтың 80 жылдығы қатар келуінің өзі тегін емес деп білемін. Өле-өлгенше қазақ өнері мен мәдениетін көтеріп өткен тұлғалар рухына құрмет. Бұл бір десек, екіншіден және ең бастысы, жұртты адастыратын жеңілтек әуен, есірік ән ие бермей тұрған қазіргі уақытта қазақтың күй өнері ай сайын емес, апта сайын, тіпті күнде насихатталса, артық емес.

– Жөн екен. Қазақ даласын ертеден аралап концерт беріп келесіз ғой, бұл жолғы кеш­тің қандай жаңалығы бар?

– Дұрыс айтасың, домбыра мен күй өнерін ту етіп бармаған облысым жоқ шығар. 2024 жылы елімізде болған су тасқынын білесің. Батыс Қазақстан аймақтарында, Торғай өңірінде, су шайған тағы басқа жерлердегі халықтың жай-күйі, оларға қол ұшын созған елдің кең пейілі маған қатты әсер етті. Сонда туған «Тасқын» атты шығармам және «Ғұн бабалар» атты жеке туындым Еркеғали Рах­мадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында оркестрдің сүйе­мел­деуімен орындалмақшы. Филар­монияның симфониялық оркестрі 90 адамнан құралған  еліміздегі  ең ірі ұжымның бірі.  

– Жалпылама емес, жекелеген бір туындыға тоқталыңызшы?

– Мәселен, Дәулеткерейдің «Жігері». Философиялық астары терең күйлердің бірі. Ахмет Жұбановтың тілімен айтқанда, исі қазақтың тарихын бойына сый­дырған шығарма. Және ең ұзақ күйдің бірі (7 минут). Қазақ музыкатанушылары «Жігерден» кейін күй тартылмайды» деп жатады. Осындай шоқтығы биік туындыларға қоса бұл кеште Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» атты күйі де үлкен сахнадан бірінші рет орындалатынын атап айтқан жөн шығар.

– Ақаңның күйін қалай тауып алып жүрсіз?

– 1987–1997 жылдары мен Тор­ғай өңірінде еңбек еттім. Сол тоқ­саныншы жылдардың басында құқық қорғау саласында қызмет істейтін Сағым Жалмы­шев дейтін халық күйшісі болды. Динадан бастап басқа да көптеген күйдің түпнұсқасын тартатын. Осы Сағым деген кісі Ақаңның «Арман» атты бұл күйін белгілі ақын Нұрхан Ахметбектің баласы Мәліктен үйреніпті. Торғайда жүргенімде аталған шығарманы мен Сәкеңнен үйреніп, кейін нотаға түсіріп, бұйырса ертең тұңғыш рет сахнада орындамақпын. Өзім үшін үлкен жаңалық – осы.

– Қазақ домбыраны қабыл­дайтыны бел­гі­лі, шетелдерге шы­ғып тұрасыз, олар ше?

– Қазіргі Қазақ ұлттық өнер университетінің 15 жылдығына Италияның музыка ғұламалары келді. Әуелі симфонияны, акаде­мия­лық вокалды тыңдады, бале­тімізді көрді, жайбарақат. Со­дан соң Қазақ оркестрін тыңдаған­да, ұйқыдан оянғандай елең етті. Жан­таласып түсіре бастады. Түр­кештің «Көңілашары», Тәттім­беттің «Сарыжайлауы», Құрманғазының «Сарыарқасы» орындалған. Күйдің құдіреті деген сол, көздері тостағандай болды. Қазақ оркестрін және дәстүрлі әнді, симфонияны гастрольге аламыз деп бірден айтты. Дәстүрлі әннің көшін Қайрат Байбосын, Алмас Алматов ағаларымыз бастап барды. Италияның алты қаласында өнер көрсеттік. Қазақ оркестрін, күйді тыңдағанда, орындарынан тұрып кетті. Кәдімгідей таңырқап, 10-15 минут сахнадан жібермей қояды. Мажарстанның Шопрон деген қаласында халық кетпей тұрып алғаны есімде. Оркестрде 45 студент көзді жұмып қойып, қағазға қарамай, нотасыз домбыра тартқанын көрген музыканттар аузын ашып, көзін жұмып, сұхбат бергені экранға да жазылып еді кезінде.

– Ертең сахнада сондай ға­ла­­­мат­тар бой көтереді ғой, бұйыртса?

– Шама келгенше тырысамыз. Әншілерден Света Айтбаева, Ерлан Рысқали өнер көрсетеді. 5-6 авторлық шығармам орындалады. Қалғаны халық компо­зиторларының ұлы туындылары екенін айттым. Бір жарым, екі сағат бойы күйді тірі тартып, орындаймыз. Бағамдай білгенге жеңіл жұмыс емес. Күтеміз, келіңіздер!

 

Әңгімелескен –

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Даланың дара батыры

Тұлға • Бүгін, 09:10