Қарғын судың қандай зардап әкелетінін аузы күйген Қарағанды өңірі жақсы біледі. Осыдан төрт жыл бұрынғы су тасқынынан бөген бұзылып, Көкпекті ауылын су басқаны есте. Сол төтенше оқиға кезінде ондаған үйдің ойраны шығып, тіпті адам шығыны да болған еді. Бір ғана Көкпекті емес, өңірдің талай елді мекені кейінгі жылдары қызыл судың зардабын тартудай-ақ тартып келеді. Оның үстіне, Шығыс Қазақстан облысындағы апатты жағдайдың Арқа жұртына қазірдің өзінде іш тарттырған жайы бар.
Иә, апат айтып келмейді. Мұның алдын алатын бір ғана амал бар, ол – қандай да қауіп-қатерге бес қаруыңды түгел сайлап, сақадай-сай отыру болса керек.
Таяуда, өңір басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасымен Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында өткен «Көктем-2018» атты республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиынының дәл осы сипаттағы мақсатты көздегені белгілі еді. Кең ауқымда ұйымдастырылған аталған шараға ТЖД және оның аумақтық бөлімшелері, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары, Ұлттық Ұлан, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының №52859 әскери бөлімі, №55524 әскери бөлімі, «Астана» өңірлік қолбасшылығы штабының қызметкерлері атсалысты. Ұзын саны 200-ден астам адам қатыстырылып, 52 дана техника бірлігі жұмылдырылды.
Командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында Бұқар жырау ауданының Самарқан ауылдық округіне қарасты Чкалово селосы маңында су тасқыны қаупі туралы дабыл қағылып, эвакуа-
ция жарияланып, облыстағы шұғыл әрекет ету жасағы құрылымдарының дайындығы жан-жақты тексеруден өтті.
Оқу-жаттығу болған жердің де дұрыс таңдалғанын айта кету керек. Самарқан селолық округіне қарасты Чкалово ауылы көктемде ашуға мінетін Нұра өзенінің құқайын талай көрген елді мекен. Өзі Теміртаудың іргесінде орналасқан, қаламен арасы екі-ақ шақырым жер. Дәл сондай қашықтықта атақты Самарқан су қоймасы жатыр. Сондықтан көктем туа Чкалово ауылының төңірегіндегі ахуал облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданы әкімдіктерін қатты алаңдатады.
Былтыр Нұра тасығанда, су аталған ауылға дейін жетіп, жұртты әбігерге салған болатын. Міне биылғы оқу-жаттығу кезінде өзен суы бой бермеген тұсқа ішіне құм толтырылған қаптардан қамал тұрғызылды. Тура сол жерге жиынға қатысушылар шатыр тігіп, техникалар да қаз-қатар тізілді.
Жергілікті әкімдіктегілердің айтуынша, биыл Чкалово мен Садовое ауылдарындағы жағдай жұртты қатты мазасыздандырып отыр. Сондықтан да барлық күш осы маңға топтастырылды. Жергілікті әкімдік қызметкерлері су сорғыш мотопомпалар сатып алып, құтқару жейдешелері және квадракоперлермен қаруланған. Тіпті жаттығу кезінде аспанда тынымсыз ұшып жүрген дрондарды да көрдік. Су таси қалған жағдайда бұл ұшатын құрылғылар ұшты-күйлі жоғалып кетпей, көкте қалықтап жүрер болса, әрине, көп көмегін тигізері сөзсіз.
Нұраның жағалауына тігілген шатырлардың орта тұсына таман көшпелі медициналық бекет қойылды. Тасқын бола қалған жағдайда түрлі жарақат алған тұрғындар осы жерде алғашқы көмекке қол жеткізе алады. Тіпті мұнда психологиялық көмек көрсететін жеке шатыр да тігілді. Ішіне кірсеңіз, бейне концелярлық тауар сататын дүңгіршек дерсіз. Түрлі-түсті қарындаштар, ақ-қара түсті суреттер, жұмсақ ойыншықтар. Сөйтсек мұның бәрі зардап шеккен адамның көңіл-күйі мен психологиялық жағдайына оң әсерін тигізетін заттар екен. Одан әрі шаруашылық жабдықталым мен дала асханасы орын тепкен. Төтенше жағдай кезінде үйлерін тастап шығатын тұрғындарды ас-ауқатпен қамтамасыз ету де маңызы зор міндеттің бірі.
Оқу-жаттығу жиынының ең қызықты жері Теміртаудағы ескі қала тұсынан өтетін Нұраның мұзын жарылғыш зат арқылы қопару болды. Қуатты жарылыстан кейін өзеннің мұзы көкке ұшып, құрсаудан босаған қара су арна бойлай жөңкіле жөнелді. Жаттығу жоспарына сай, адамдарды құтқару операциясы басталды да кетті. Құтқарушылар екі жағалаудың арасына арқан тартып, соны бойлай үрілген қайықтармен жүзіп, «суға кеткендерді» бірінен соң бірін құтқара бастады. Құтқарылғандарды жағалауда алғашқы көмек көрсетуге тиіс медицина қызметкерлері күтіп алып жатты. Бір қарағанда, барлық қызмет түрлері үйлесім тауып, ұйымдаса әрекет етіп жатты. Тек, жаттығуда ғана емес, қауіп төнген сын сағаттарда да дәл осылай бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара қимылдаса ғой, шіркін, дейсің.
Оқу-жаттығудың соңына таман облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа бастаған тексерушілер Самарқан су қоймасына барып, ауа райын болжаушылар, әкімдік өкілдері және төтенше жағдайлар мекемесінің қызметкерлерінің басын жиып, шұғыл кеңес өткізді.
– Қалай болған күнде де біз ең қауіптісіне дайын болуымыз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары. – Сондықтан тасқын кезінде болуы мүмкін сценарийдің барлығын таразыға тартуымыз керек. Табиғаттың мінезін тап басу мүмкін емес. Біздің міндет – апатты жағдайдың шектен шығуына жол бермеу.
А.Шкарупа сөзінің жаны бар. Апат болмауы үшін, ең алдымен, қарғын судың алдына тосқауыл қою қажет. Су қоймаларындағы жағдайды күндіз-түні қырағы бақылауға алу да ең бірінші кезектегі міндет. Бір сөзбен айтқанда, тілсіз жауды тиянақты әзірлікпен ғана құрықтауға болады. Өткеннен сабақ алудың өзі – кезінде опық жегізген кемшіліктердің көзін жою емес пе?!
Биыл Қарағанды облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына бюджеттен 2 млрд 250 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражат су тасу қаупі бар өзендерді тазартуға, олардың арналарын түзеуге, бөгендер тұрғызуға және басқа да қажетті жұмыстарды атқаруға жұмсалмақ.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы