Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Алексей Советов бастаған топ Зеренді және Сандықтау ауданына жасалған баспасөз туры барысында жергілікті әкімдіктердің жұмыс барысын қалай жолға қойғанымен және бірлесе әрекет ету жайымен жан-жақты таныстырды. Атбасарға қарағанда бұл екі ауданда су тасқынының қаупі аздау. Сонда да тасқынның алдын алу дайындығының жоғары екендігіне көз жеткіздік. Қар күрт еріп кетпесе, төтенше жағдай бола қоймас деген үміт бар. Зеренді ауданында 4 гидротехникалық құрылысқа және Сандықтау ауданында 1 нысанға жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп отыр. Соның барысында еріген қар суларының ағу бағыттары мен бөгеттердің суды ұстап тұру мүмкіндіктері екшеліп, Сандықтау ауданының апаттық-құтқару бөлімшесінің дайындығы тағы бір пысықталды.
Сандықтау ауданы аумағындағы қауіпті саналатын Максимовка бөгетінің қазіргі техникалық жағдайы қалыпты.
Зеренді ауданында қалыптасқан жағдайды айтсақ, қазіргі таңда мұндағы Айдабол, Алексеевка, Ивановская және Бәйтерек сияқты су бөгеттерінің техникалық жағдайы да ойдағыдай десе-ді. Мысалы Айдабол ауылындағы бөгетке үш өзен келіп құяды. Аталған елді мекеннің солтүстік-шығысында орналасқан бұл өзендер негізгі бастауын осы жерден алады. Негізінен бөгет 1977 жылы пайдалануға берілсе, 2016 жылы бөгеттің корпусы 2.5х2.5 м өлшемді су өткізетін бірлікпен жабдықталғандығын қаперге сала кеткен артық етпес. Су қоймасында қазіргі таңда шамамен 600 мың текше метр су жиналса, жазғы кезеңде 150-200 мың текше метрге дейін төмендейді екен. Жалпы су қоймасының ең жоғарғы өткізу қабілеті минутына 152 текше метр көрінеді. Сол сияқты Алексеевка, Ивановская және Бәйтерек бөгеттерінің жағдайы да қанағаттанарлық екендігіне көз жеткізіп қайттық. Тағы бір белгілісі, бұл бөгеттерде су ағызу жүйесі қолмен реттелмейді. Барлық құбырлар ашық қалдырылған. Егер су деңгейі көтерілген жағдайда су әлгі құбырлар арқылы сыртқа ағып кетеді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы