Сюжет желісі 2010 жылы 22 маусымда Ақтау қаласындағы қатаң тәртіптегі түрмеден қашпақ болған 21 жазасын өтеушіге бір өзі қарсы тұрып, ерен ерлік көрсеткен Ұлттық ұланның жауынгері Ербол Отарбаевтың жауынгерлік және азаматтық ерлігіне, қайсарлығына құрылған. Сол қиын күні Ақтау қаласындағы түзеу мекемесін күзету бойынша қарауыл қызметінде тұрған жас жауынгер кеудесін оққа төсеп, қылмыскерлердің жолына жалғыз өзі тосқауыл қоя білді. Дүйім елдің сүйсінісін туғызған ерлік иесі Ербол осы жанқиярлық ерлігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын. Бүгінде Ербол Отарбаев – Ұлттық ұланның офицері. Ербол сынды ердің ерлігін дәріптеумен бірге, лаңкестік пен экстремизмнің алдын алуға шақыратын, радикалды дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттауға қарсы құрал болып табылатын және жас ұрпақты қайсарлыққа, отансүйгіштікке баулитын жобаның жабық көрсетілімі Ақтау қаласында өтті.
Тұсаукесерге Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы әкімдігінің басқарма басшылары, Ақтау гарнизонының командирлері, құқық қорғау органдарының басшылары, журналистер, қоғам қайраткерлері, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері, шоу-бизнес өкілдері шақырылды.
Фильмнің қоюшы режиссері Серікбол Өтепбергенов болып табылатын көркем фильмде басты рөлдерді актерлар Санұржан Сүлейменов, Жасұлан Өмірбек, Серік Салқынбаев, Ерболат Тоғызақов, Саят Исембаев, Қажымұқан Калимбетов, Жандос Жұмагұлов, Армат Смайылов, Бауыржан Балғабаев, Гүлнара Байбосынова және басқалары сомдайды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы