Осыған орай, басылым қызметкерлері аймақтағы тұрмысы төмен, қолдауға мұқтаж жандардың тізімін тиісті мекемеден алып, қайырымдылыққа бағытталған жұмыстар ретін бастап кеткен болатын. Нәтижесінде, өңірдегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған, қолдауға мұқтаж, мүгедек балалары бар отбасылардың қажеттіліктері ескеріле отырып, көмек қолы созылды. Осылайша, акция аясында 3 аптаға жуық уақыт ішінде 30-ға жуық отбасына қамқорлық көрсетілді.
«Aq jol» газетінің редакциясы тек қайырымдылық шараларымен шектелмей, өзге де ізгі істерді қолға алғанын айтып өтуіміз керек. Мәселен, ұлыстың ұлы күні қарсаңында газет редакциясының мұрындық болуымен Тараз қаласындағы «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйінің қамқорлығындағы жеті баланың тұсауы кесілді.
Мереке қарсаңында балдырғандарға қуаныш сыйлау мақсатында аталмыш шара қолға алынып, облыс баспасөзінің қара шаңырағында тұңғыш рет ата дәстүрімізге сай тұсаукесер рәсімі өтіп отыр. Онда есімі елге танымал, өз саласында жетістікке жетіп, абырой-беделге ие болған азаматтар тағдырдың жазуымен ата-ананың қамқорлығынан шет қалған сәбилердің тұсауын кесіп, алдағы өмірлеріне ақ жол тіледі.
Игі шараны «Aq jol» газетінің директор-бас редакторы Қуат Әуесбай ашып, шараның мән-маңызын түсіндіріп өтті.
– Ұлыстың ұлы күнінің қарсаңында редакцияның бастамасымен қолға алынған «Наурыз – ізгілік айы» акциясының жалғасы ретінде тұсаукесер шарасын өткізіп отырмыз. Ондағы мақсатымыздың бірі ата-ананың аялы алақанының жылуын сезінбей өскен балаларға қуаныш сыйлау болса, екіншісі оларға еліміздің, облысымыздың дамуына елеулі үлес қосқан, еңбегімен биіктерді бағындырған азаматтардың жолын берсін, солардың ізін бассын деген ниет еді. Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын тауып, дәстүрлі түрде өтеді деген ниетіміз бар, – деді Қуат Әуесбайұлы.
Шарада әуелі тоқсанның төріне шыққан ардагер журналист, облыстың аға басылымын жиырма жыл басқарған қарымды қаламгер Баттал Жаңабаев бүлдіршіндерге батасын беріп, аталық ақ тілегін арнады.
– Халқына адал қызмет ететін, қанаты талмайтын сұңқар, тұяғы мұқалмайтын тұлпар болыңдар! Өмірлерің қуатты, әр күндерің шуақты болуын тілеймін. Өмірде не тілесеңдер де қабыл болып, еліңнің елеулі, халқыңның қалаулы ұл-қыздарына айналыңдар! Туған жерлеріңнің беткеұстарлары дегенде сендердің аттарың аталып, жұрт сендермен мақтанатындай абыройға ие болыңдар! – деп батасын берді Баттал Жаңабайұлы.
Сондай-ақ елімізге белгілі жазушы, «Жамбыл» республикалық журналының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы, облыстық «Знамя труда» газетінің директор-бас редакторы Бекет Момынқұл, «JAMBYL» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық, Тараз қаласының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы Оңласын Есіркепов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков, «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай ақжарма тілектерін айтып, бүлдіршіндердің тұсауын кесті. Қадамдарының құтты болуын тілеп, өмір атты ұзақ жолда сүрінбей, ақ жолдан адаспауларына тілектестік білдірді.
«Jambyl-Taraz» газеті директорының міндетін атқарушы Ерман Әбдиев, «Арай» газетінің жауапты хатшысы Жасұлан Сейілхан балдырғандарға барша жақсы ниеттерін арнады. Өз кезегінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков бүлдіршіндерге тілегін ән шашуымен жеткізді.
Шара соңында «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйінің қызметкерлері осындай игі шараны қолға алып, өткізіп отырған «Aq jol» газетінің редакциясына алғыстарын білдірді.
– Әз Наурыздың қарсаңында өткізіліп отырған бұл тұсаукесер рәсімі барлығымыз үшін есте қалар шара болды. Әрине, қазақ баласының тұсауын кез келген адамға кестірмеген. Бұл ретте, бөбектер үйі тәрбиеленушілерінің тұсауын облысымызға белгілі, еңбегімен еліне еленген азаматтар кесіп отыр. Біз де балдырғандардың осы аталарына ұқсап, халқына қалтқысыз қызмет ететін абыройлы азаматтар болып өссін деп тілейміз. Осы орайда, игі іске мұрындық болып, ұйымдастырған басылым ұжымына алғысымыз шексіз, – деді бөбектер үйінің әдіскері Алтыншаш Әлішери.
Мұратхан ӘЛІМХАН