25 қарашада болып өткен «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХІV съезінде белгіленген бағдарламалық міндеттер өзінің халыққа жақындығымен ерекшеленіп отыр. Бұл Елбасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзінде жан-жақты көрінді.
Төменде партия съезіне келіп, оның жұмысына қатысып қайтқан бір топ делегаттың осы ауқымды саяси шарадан, партияның сайлауалды тұғырнамасынан алған әсерлерін жариялап отырмыз. Оларда «Нұр Отанның» қашанда өзінің міндеттемелеріне адалдық танытып келе жатқанына, осы жолы да сол үдеден көрінетініне сенімділік айқын сезіледі.
Татулықты ту еткен елденбіз
Нұржан КАЛЕНДЕРОВ, Жамбыл ауданының әкімі.
«Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХIV съезінен үлкен әсермен оралдым. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар алдында Елбасы: «Біз жасампаз жиырма жылда жүз жылға татитын ұлан-ғайыр жолды басып өттік. Арайлы азаттық арқылы қол жеткізген жетістіктеріміздің баршасында «Нұр Отан» партиясының сүбелі үлесі бар. Төңірегіне мұраттас серіктерім топтасқан партия тәуелсіздік жылдарында қоғамды жаңа жобаларға жұмылдыра білді. Шын мәнінде халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» менің бастамаларыма қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйытқысы болуда. Осылайша біз биік белестерді бірге бағындырдық», дегенде көңілімде ерекше бір толқу мен қуаныш пайда болды.
Шынында, бұл ел егемендігінің жеңісі мен жемісінің бірі емес пе! Тәуелсіз еліміздің теңдігі мен елдігінің айқын көрінісі елдегі саяси партиялардың пайымды әрекетінен анықталса керек. «Нұр Отан» ХДП пайымды да пәрменді тірлігі елдегі бүкіл әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың қозғаушы күшіне айналды. Еліміздегі барлық мемлекеттік жобалар Елбасының сара саясатының сүзгісінен өтіп, партияның дұрыс бақылауынан соң жедел әрі тиімді жүзеге асты. Бұған мемлекетіміздің барлық аймақтарында атқарылып жатқан тағылымды тірліктер дәлел.
Сананы серпілтіп, отаншылдық сезімге қанат бітірген саяси жиыннан түйгенім, ел алдында атқарған әр жұмыс атаусыз қалмайды екен: еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі қауымның арман-мұраты мүдделес болса, Тәуелсіздігі мәңгілік мызғымас мемлекет құруға мол мүмкіндік бар.
Бұған еліміздің әлеуметтік, экономикалық жағдайы жылдан жылға өсіп, қарыштап келе жатқаны дәлел. Инновациялық жобалар да жүйелі іске асып, өз нәтижесін беруде. Тәуелсіздікпен бірге қанат жайған ару Астанамыз да күннен-күнге ажарланып, мәдениет пен бейбітшіліктің ордасы атанды. Атқарылып жатқан оңды істерде Жамбыл облысы тұрғындарының да қолтаңбасы бар. Татулықты ту еткен егемен елдің аспаны ашық, бірлігі бекем болғай. Ұлы мерекенің мәнін ұққан Тәуелсіз еліміздің бақыты мәңгі баянды болсын.
Жамбыл облысы,
Жамбыл ауданы.
Съезд рухы жоғары болды
Ақсерік ӘЙТІМОВ, Қазақстан инженерлік және телекоммуникациялық университетінің ректоры.
Съезден бірінші көңілге түйгенім – оның жоғары рухы. Асқақ рух қандай биіктерді де бағындыра алады. Партиялас әріптестерімнің бойынан осындай өршіл сезім ауанын байқадым. Құрғақ, қызыл сөз емес, қай істе де айқындық пен нақтылық, іс-қимыл бірлігі қажет. Тек сонда ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізе аламыз. «Нұр Отанның» алдағы Мәжіліс сайлауындағы көздеген жоспары мен ұстанымы қандай болмақ? Съезде бұл сауалдың жауабы да тайға таңба басқандай анық берілді.
Бұл ретте Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық жоспардың белгіленгенін айтып берді. Ол «Қазақстан. 2017-нің мақсаттары» деген атауға ие. Ұлттық деген атауынан көрініп тұрғанындай, мұнда бірінші кезекте ел алдында тұрған іргелі мәселелерге назар аударылады деген сөз. Сондай-ақ бұл республиканы мекендейтін өзге ұлт өкілдері мемлекет құраушы ұлттың төңірегіне тығыз топтаса береді деген ұғымды да білдіре алады. Біртұтас ұлттық мемлекетке топтаса түсудің арғы астарында осындай мән бар деп ойлаймын.
Екіншіден, Мәжіліс депутаттары сайлауына партия атынан түсетіндер арасында өмірлік тәжірибесі мол, елге сыйлы да абыройлы азаматтардың есімдері аталуы – болашақ Парламент Мәжілісін салмақтандыра түсетіні анық. Бүгінде республиканың тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық саласын әлемдік деңгейге көтеру мәселесі өткір қойылып отырғаны белгілі. Осы орайда тізімге аталмыш саланың бүге-шігесін жақсы білетін, кәсіби деңгейлері жоғары атқарушы органдар жетекшілерінің кіруі де ойымыздан шықты.
Орал.
Нақты істерге қанат бітіретін партия
Әлібек БАЙМАҒАМБЕТОВ, съезд делегеаты, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты.
Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзін: «Бұл жолғы съездің Тәуелсіздіктің 20 жылдығында өтуінің нышандық мәні бар. Біз елімізді қалыптастыру жолындағы екі онжылдыққа созылған ерен еңбегіміздің қорытындысын шығарып, оны лайықты қарсы алудамыз», деп бастауы баршамыздың жүрегімізге мақтаныш сезімін құйып, жігерімізді тасытты. Әсіресе, ұзақ жылдар «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған мен үшін Елбасының «Арайлы азаттық арқылы қол жеткізген жетістіктеріміздің баршасында «Нұр Отан» партиясының сүбелі үлесі бар» деуі қанаттастарыма берілген орынды баға, жоғары жауапкершілік деп білемін.
Съездің өн бойында «Нұр Отанға» жүктелер міндеттердің бұдан да салмақтана түсетіні айқын байқалып тұрды. Бұл дұрыс та. Демократиялық қозғалыстардың жолбасшысы бола білген президенттік партия осынау ұстанымдардың қанат жайып, көппартиялық ортақ қызметтің шынайы түрде өріс алуына мүдделі. Қазақстанда Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жаңа тұрпатты сайлауын өткізу жөніндегі бастаманың қолдау табуы да сондықтан. Партияның сайлауалды тұғырнамасында күнделікті өміріміз бен тіршілігімізге қажетті, қоғам мүшелерінің алаңсыз болашағына кепілдік беретін нақты нұсқалар кеңінен мақұлданды. Баршамызда құлшыныс пайда болды. Сындарлы сайлауда «Нұр Отан» партиясы басым дауыс алатынына кәміл сенемін. Сенетіндігім – нақты істердің партиясы!
Ақмола облысы.
Іргелі істерге жетелейді
Александр КУРЛЕНЯ, «Лад» славян мәдениеті қоғамының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.
Ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында өткен «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХІV съезі маған үлкен әсер қалдырды. Партияның сайлауалды тұғырнамасы, Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі алдағы бағдарламаны нақтылап, ел болашағын, даму бағытын айқындап берді. Алда Мәжіліс сайлауымен бірге барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттар сайлауы өтеді. Енді Ата Заңымызға сәйкес Мәжіліс кем дегенде екі партиядан тұратын болады. Мұның өзі демократияға кең өріс беріп, саяси доданы қыздыра түсері сөзсіз.
Қазір өзге партиялар да саяси күреске әзірліктерін аңғартып, шынайы бәсекелестік байқатып отыр. Олардың арасында «Нұр Отанның» іс-қимыл бағдарламалары әр саланы кеңінен қамтуымен, ең бастысы, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға деген нақты міндеттермен ерекшеленеді. Осы мерзім ішінде саяси ұйым қазақстандықтардың биік сенімін иеленіп, көптеген істер тындырғаны бәріміздің көз алдымызда. Әлемдік дағдарыс жағдайында Үкіметпен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, 2007 жылғы сайлауға барған Халықтық тұғырнаманы орындап шықты. Шын мәнінде кәсіби жағынан шыңдалып, берген уәдесіне беріктігін тағы бір дәлелдеді. Бұл жөнінде биік мінберден сөйлеушілер де мәлімдеді.
Нұротандықтар алдында ауқымды міндеттер тұр. Елбасы Саяси кеңес бюросынан бастап бастауыш ұйымға дейін саяси жұмыстардың жаңа пішіндерін меңгеру қажеттігін атап көрсетті. Оның қадау-қадау бес міндетін белгілеп берді. Қай-қайсысы болсын назар аударуға тұратын өзекті мәселелер болып табылады. Жаңа тұғырнаманың орындалуын партияның қатаң бақылауында ұстау, шешімдердің жүзеге асуын қадағалап отыру – аса маңызды талаптардың бірі. Партияның 2017 жылға дейінгі кезеңге арналған Ұлттық іс-қимыл бағдарламасы нұротандықтарды іргелі істерге жетелей берері анық.
Солтүстік Қазақстан облысы.
Бағыт-бағдарымыз айқындалды
Шәріпбек Әмірбеков, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, саясаттану ғылымдарының докторы.
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІV съезі еліміз үшін шын мәнінде тарихи маңызы бар саяси оқиға болды. Елбасымыз, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев съездің биік мінберінен «Нұр Отан» партиясының 2007 жылғы сайлау кезінде ту еткен Халықтық тұғырнамасы мерзімінен бұрын орындалғанын мәлім етіп, алдағы тағы бір жауапты кезеңнің бетін ашты. Съезд халықтың тұрақты дамып, ел экономикасын одан әрі жаңғырту бағыттарын жан-жақты айқындап берді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен партия съезі бізді бұдан да зор табыс-тарға жетелеп, рухани тұрғыдан жігерлендіре түскені ақиқат.
Жиында партияның алдағы бес жылға арналған «Қазақстан. 2017-нің мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасының жоспары мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауына депутаттардың партиялық тізімі бекітілді. Қабылданған жаңа саяси бағдарламаны егемен елімізді өркендетуге сүбелі үлес қосатын жасампаз жаңа құжат деп санаймын. Өйткені, жаңа парламенттік мерзімге арналған саяси тұғырнама – Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «2020 Стратегиясын» іске асырудың жарасымды жалғасы.
15 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің сайлауы біздің болашақ саяси дамуымыздағы жаңа кезеңді бастайын деп отыр. Себебі, алдағы сайлаудың нәтижесі бойынша елімізде көппартиялы Парламенттің негізі қаланады. Алайда, «Нұр Отанның» алдағы уақытта да басым партия ретінде өзінің тарихи миссиясын атқара беретіні даусыз.
Жарқын жетістіктерге жетелейді
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры.
Астанада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІV съезі өтіп, онда «Қазақстан. 2017-нің мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» тұғырнамасы бойынша Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасады. Онда өткен мерзімдегі ел дамуына байланысты атқарылған жұмыстар жүйеленіп, алдымызға нақты міндеттер қойылды.
Мұны съезд делегаттары және халықтың бағалауымен алып қарағанда, тарихи съезд деуге болады. Өйткені, алқалы жиын тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында өтіп, халықтың бірлігі мен мызғымас топтасқандығын дәлелдеді. Өркеніміз өсті, өңірлер гүлденді. Қай салада болса да қарқынды дамуға қол жеткізілді.
Сонымен қатар, мерейіміздің үшінші онжылдығының тағы бір тарихы басталғанын да Елбасы өз сөзінде атап өтті. Тағы бір айта кететін мәселе, алдағы жылы өтетін парламенттік сайлау болашақтың іргесін бекітеді деп бағамдалды. Және барша қазақстандықтардың қолдауына ие болып, еліміздің нұрлы болашағы үшін дауыс беретіндігіне де зор сенім білдірілді.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында жастарға бәсекеге қабілетті білім беруді жүктеп, тілдің үштұғырлылығын дамытуды алға қойды. Осыған байланысты студенттердің жан-жақты білім алуына мүмкіндік жасалып, университет материалдық-техникалық жағынан нығайтылуда.
Съезге делегат болып қатысумен қатар, онда алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмысқа тың серпінмен кірістік. Съезде Парламенттің төменгі палатасы депутаттығына кандидаттардың тізімі айқындалды. Жетісу өңірінен сайлауға түсетін кандидаттар халықтың таңдауына лайық, еңбегімен танылған, тәжірибелі жандар екенін де айта кеткен жөн.
Нұротандықтар алға қойған тың міндетті орындау үшін белсене еңбек ететініне сенім мол. Сайлауға дайындық басталды. Саяси науқан демократиялық талаптарға сай өтетіні анық.
Алматы облысы.