29 Қараша, 2011

Бағытымыз – айқын, болашағымыз – жарқын

551 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
25 қарашада болып өткен «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХІV съе­зінде белгіленген бағдарламалық міндеттер өзінің халыққа жақындығымен ерекшеленіп отыр. Бұл Елбасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық пар­тия­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баевтың сөйлеген сөзінде жан-жақты көрінді. Төменде партия съезіне келіп, оның жұ­мы­сына қатысып қайтқан бір топ делегаттың осы ауқымды сая­си шарадан, партияның сайлауалды тұғыр­на­масынан ал­ған әсерлерін жариялап отырмыз. Оларда «Нұр Отанның» қа­шан­да өзінің міндеттемелеріне адалдық та­ны­тып келе жатқа­нын­а, осы жолы да сол үдеден көрінетініне сенімділік айқын сезіледі.   Татулықты ту еткен елденбіз Нұржан КАЛЕНДЕРОВ, Жамбыл ауданының әкімі. «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХIV съезінен үлкен әсер­мен оралдым. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар ал­дында Елбасы: «Біз жасампаз жи­ырма жылда жүз жылға татитын ұлан-ғайыр жолды ба­сып өттік. Арайлы азаттық арқы­лы қол жеткізген жетіс­тік­те­рі­міздің бар­ша­­сын­да «Нұр Отан» партия­сының сүбелі үлесі бар. Төңірегіне мұ­рат­тас серіктерім топтасқан партия тәуелсіздік жыл­дарында қо­ғамды жаңа жо­баларға жұмыл­ды­ра білді. Шын мәнінде халықтық ұйымға ай­нал­ған «Нұр Отан» менің баста­ма­ларыма қолдау көр­сетіп, іргелі істердің ұйытқысы болуда. Осы­лайша біз биік белестерді бірге бағындырдық», дегенде көңілім­де ерекше бір толқу мен қуаныш пайда болды. Шынында, бұл ел егемен­ді­гінің жеңісі мен жемісінің бірі емес пе! Тәуелсіз еліміздің тең­дігі мен елдігінің айқын көрінісі елдегі саяси партиялардың пай­ым­ды әрекетінен анықталса керек. «Нұр Отан» ХДП пайымды да пәрменді тірлігі елдегі бүкіл әлеуметтік-экономикалық бағдар­ла­малардың қозғаушы күшіне ай­налды. Еліміздегі барлық мемлекеттік жобалар Елбасының сара саясатының сүзгісінен өтіп, пар­тия­ның дұрыс бақылауынан соң жедел әрі тиімді жүзеге ас­ты. Бұ­ған мемлеке­ті­міздің барлық ай­мақ­тарында атқарылып жат­қан тағылымды тірліктер дәлел. Сананы серпілтіп, отан­шыл­дық сезімге қанат бітірген саяси жиын­нан түйгенім, ел алдында атқарған әр жұмыс атаусыз қал­майды екен: еңбектеген баладан еңкейген қа­рияға дейінгі қауы­мның арман-мұ­раты мүдделес болса, Тәуелсіздігі мәңгілік мыз­ғы­мас мемлекет құруға мол мүм­кіндік бар. Бұған еліміздің әлеуметтік, эко­номикалық жағдайы жылдан жылға өсіп, қарыштап келе жат­қаны дәлел. Инновациялық жобалар да жүйелі іске асып, өз нәти­жесін беруде. Тәуелсіздікпен бірге қанат жайған ару Астанамыз да күннен-күнге ажарланып, мә­де­ниет пен бейбіт­шіліктің ордасы атанды. Атқа­ры­лып жатқан оңды істерде Жамбыл облысы тұрғын­дарының да қол­таңбасы бар. Татулықты ту еткен егемен елдің аспаны ашық, бірлігі бекем бол­ғай. Ұлы мерекенің мәнін ұққан Тәуелсіз еліміздің бақыты мәңгі баянды болсын. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы. Съезд рухы жоғары болды Ақсерік ӘЙТІМОВ, Қазақстан инженерлік және  телекоммуникациялық  университетінің ректоры. Съезден бірінші көңілге түйгенім – оның жоғары рухы. Асқақ рух қандай биіктерді де бағындыра алады. Партиялас әріптестерімнің бойынан осын­дай өршіл сезім ауанын бай­қа­дым. Құрғақ, қызыл сөз емес, қай істе де айқындық пен нақ­ты­лық, іс-қимыл бірлігі қажет. Тек сонда ғана алға қойған мақ­саттарға қол жеткізе аламыз. «Нұр Отан­ның» алдағы Мәжіліс сайлауындағы көз­де­ген жоспары мен ұс­танымы қандай бол­мақ? Съезде бұл са­уалдың жауабы да тайға таңба басқандай анық берілді. Бұл ретте Елбасы, партия Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық жоспардың белгіленгенін айтып берді. Ол «Қазақстан. 2017-нің мақсаттары» деген атау­ға ие. Ұлттық деген атауынан көрініп тұрғанындай, мұнда бірінші кезекте ел алдында тұрған іргелі мә­селелерге назар аударылады деген сөз. Сондай-ақ бұл республиканы мекендейтін өзге ұлт өкілдері мемлекет құраушы ұлттың төңі­ре­гіне тығыз топтаса береді деген ұғымды да білдіре алады. Бір­тұ­тас ұлттық мемлекетке топтаса түсудің арғы астарында осындай мән бар деп ойлаймын. Екіншіден, Мәжіліс депу­тат­тары сайлауына партия атынан түсетіндер арасында өмірлік тә­жі­рибесі мол, елге сыйлы да абы­ройлы азаматтардың есімдері ата­луы – болашақ Парламент Мәжі­лі­сін салмақтандыра түсетіні анық. Бүгінде республиканың тұр­ғын-үй-коммуналдық шаруа­шы­лық сала­сын әлемдік деңгейге көтеру мә­се­лесі өткір қойылып отырғаны белгілі. Осы орайда тізімге аталмыш саланың бүге-шігесін жақсы білетін, кәсіби деңгейлері жоғары атқарушы органдар жетекшілерінің кіруі де ойымыздан шықты. Орал.   Нақты істерге қанат бітіретін партия Әлібек БАЙМАҒАМБЕТОВ,  съезд делегеаты, Көкшетау  қалалық мәслихатының депутаты. Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев өз сөзін: «Бұл жолғы съездің Тәу­ел­сіздіктің 20 жылдығында өтуінің нышандық мәні бар. Біз елімізді қалыптастыру жолындағы екі он­жыл­дыққа созылған ерен еңбегіміздің қорытын­ды­сын шығарып, оны лайықты қарсы алудамыз», деп бастауы баршамыздың жүрегімізге мақтаныш сезімін құйып, жігерімізді тасытты. Әсіресе, ұзақ жылдар «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төр­ағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған мен үшін Ел­ба­сы­ның «Арайлы азаттық арқылы қол жеткізген жетістіктеріміздің бар­ша­сын­да «Нұр Отан» партиясының сүбелі үлесі бар» деуі қанат­тас­тарыма берілген орынды баға, жоғары жауапкершілік деп білемін. Съездің өн бойында «Нұр Отанға» жүктелер міндеттердің бұдан да салмақтана түсетіні айқын байқалып тұрды. Бұл дұрыс та. Демократиялық қозғалыстардың жолбасшысы бола білген президенттік партия осынау ұстанымдардың қанат жайып, көппартиялық ортақ қызметтің шынайы түрде өріс алуына мүдделі. Қазақстанда Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жаңа тұрпатты сайлауын өткізу жөніндегі бастаманың қолдау табуы да сондықтан. Партияның сайлауалды тұғырнамасында күнделікті өміріміз бен тіршілігімізге қажетті, қоғам мүшелерінің алаңсыз болашағына кепілдік беретін нақты нұсқалар кеңінен мақұлданды. Баршамызда құлшыныс пайда болды. Сындарлы сайлауда «Нұр Отан» партиясы басым дауыс алатынына кәміл сенемін. Сенетіндігім – нақты істердің партиясы! Ақмола облысы.   Іргелі істерге жетелейді Александр КУРЛЕНЯ,  «Лад» славян мәдениеті  қоғамының төрағасы,  облыстық мәслихаттың депутаты. Ел Тәуелсіздігінің мерей­тойы қар­саңында өткен «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХІV съезі ма­ған үлкен әсер қал­дырды. Пар­тия­ның сай­лау­ал­ды тұғырнамасы, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті, партия Төр­ағасы Нұрсұлтан Назар­баевтың сөй­леген сөзі алдағы бағдарламаны нақ­тылап, ел бо­лашағын, даму бағытын айқын­дап берді. Алда Мәжіліс сай­лауы­­мен бір­ге барлық деңгей­дегі жергілікті мәслихаттар сай­лауы өтеді. Енді Ата Заңымызға сәйкес Мәжіліс кем дегенде екі партиядан тұратын болады. Мұның өзі демократияға кең өріс беріп, саяси доданы қыз­дыра түсері сөзсіз. Қазір өзге партиялар да саяси күреске әзірліктерін аңғар­тып, шы­найы бәсекелестік бай­қа­тып отыр. Олардың арасында «Нұр Отанның» іс-қимыл бағ­дар­ла­ма­ла­ры әр сала­ны кеңінен қамтуымен, ең бастысы, адам­дардың әлеу­меттік-тұрмыстық жағ­дайларын жақсартуға деген нақ­ты міндеттермен ерекшеленеді. Осы мерзім ішінде саяси ұйым қа­зақ­стан­дықтардың биік сенімін иеленіп, көптеген істер тындырғаны бә­ріміздің көз ал­дымызда. Әлемдік дағдарыс жағ­дайында Үкіметпен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, 2007 жылғы сайлауға барған Ха­лық­тық тұғырнаманы орындап шық­ты. Шын мәнінде кәсіби жа­ғынан шыңдалып, берген уә­десіне беріктігін тағы бір дәлел­деді. Бұл жөнінде биік мінберден сөйлеуші­лер де мәлімдеді. Нұротандықтар алдында ау­қымды міндеттер тұр. Елбасы Саяси кеңес бюросынан бастап бастау­ыш ұйымға дейін саяси жұмыс­тар­дың жаңа пішіндерін меңгеру қа­жеттігін атап көр­сетті. Оның қадау-қадау бес міндетін белгілеп берді. Қай-қайсысы болсын назар аударуға тұратын өзекті мәселелер болып табылады. Жаңа тұғыр­наманың орындалуын партия­ның қатаң бақылауында ұстау, шешімдердің жүзеге асуын қада­ғалап отыру – аса маңызды та­лаптардың бірі. Партияның 2017 жылға дейінгі кезеңге арналған Ұлттық іс-қимыл бағдарламасы нұротандықтарды іргелі істерге жетелей берері анық. Солтүстік Қазақстан облысы.   Бағыт-бағдарымыз айқындалды Шәріпбек Әмірбеков,  Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, саясаттану ғылымдарының докторы. «Нұр Отан» халықтық-демо­кратиялық партиясының кезектен тыс ХІV съезі еліміз үшін шын мәнінде тарихи маңызы бар саяси оқиға болды. Елбасымыз, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев съез­дің биік мінберінен «Нұр Отан» пар­тиясының 2007 жылғы сайлау кезінде ту еткен Ха­лық­тық тұғыр­намасы мерзімінен бұ­рын орын­далғанын мәлім етіп, ал­дағы тағы бір жауапты кезең­нің бетін ашты. Съезд халықтың тұрақты дамып, ел экономикасын одан әрі жаң­ғыр­ту бағыттарын жан-жақты ай­қын­дап берді. Тәу­ел­с­іздік мерекесі қарса­ңын­да өткен партия съезі бізді бұ­дан да зор табыс-тарға жетелеп, ру­хани тұрғыдан жігерлендіре түскені ақиқат. Жиында партияның алдағы бес жылға арналған «Қа­зақстан. 2017-нің мақ­саттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сай­лауал­ды тұғырнамасының жос­пары мен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Пар­ламенті Мә­­жілісінің сай­лау­ы­на де­путаттардың партиялық тізімі бекітілді. Қабылданған жаңа саяси бағдарламаны егемен елімізді өркендетуге сүбелі үлес қосатын жасампаз жаңа құжат деп санаймын. Өйткені, жаңа парламенттік мерзімге арналған саяси тұғырнама – Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «2020 Стратегиясын» іске асырудың жарасымды жалғасы. 15 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің сайлауы біздің бола­шақ саяси дамуымыздағы жаңа кезеңді бастайын деп отыр. Себебі, алдағы сайлаудың нәтижесі бой­ынша елімізде көппартиялы Парламенттің негізі қаланады. Алайда, «Нұр Отанның» алдағы уақытта да басым партия ретінде өзінің тарихи миссиясын атқара беретіні даусыз.   Жарқын жетістіктерге жетелейді Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры. Астанада «Нұр Отан» халықтық-демо­кратиялық партиясының ХІV съезі өтіп, онда «Қазақстан. 2017-нің мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» тұғырнамасы бойынша Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасады. Онда өткен мерзімдегі ел дамуына байланысты атқарылған жұмыстар жүйеленіп, алдымызға нақты міндеттер қойылды. Мұны съезд делегаттары және халықтың баға­лауы­мен алып қарағанда, тарихи съезд деуге болады. Өйткені, алқалы жиын тәуелсіздігіміздің 20 жыл­ды­ғы қарсаңында өтіп, халықтың бірлігі мен мызғымас топтасқандығын дәлелдеді. Өркеніміз өсті, өңірлер гүлденді. Қай салада болса да қарқынды дамуға қол жеткізілді. Сонымен қатар, мерейіміздің үшінші онжыл­ды­ғы­ның тағы бір тарихы басталғанын да Елбасы өз сөзінде атап өтті. Тағы бір айта кететін мәселе, ал­да­ғы жылы өтетін парламенттік сайлау болашақтың іргесін бекітеді деп бағамдалды. Және барша қазақстандықтардың қолдауына ие болып, еліміздің нұрлы болашағы үшін дауыс беретіндігіне де зор сенім білдірілді. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында жас­тарға бәсекеге қабілетті білім беруді жүктеп, тілдің үштұғырлылығын дамытуды алға қойды. Осыған байланысты студенттердің жан-жақты білім алуына мүмкіндік жасалып, университет материалдық-техникалық жағынан нығайтылуда. Съезге делегат болып қатысумен қатар, онда алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмысқа тың серпінмен кірістік. Съезде Парламенттің төменгі па­латасы депутаттығына кандидаттардың тізімі ай­қын­далды. Жетісу өңірінен сайлауға түсетін кандидат­тар халықтың таңдауына лайық, еңбегімен танылған, тәжірибелі жандар екенін де айта кеткен жөн. Нұротандықтар алға қойған тың міндетті орындау үшін белсене еңбек ететініне сенім мол. Сайлауға дайындық басталды. Саяси науқан демократиялық талаптарға сай өтетіні анық. Алматы облысы.