Фото: Қайсар Шерім
Осы жылдар ішінде ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енген ұлық мереке 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен Наурыз – Халықаралық күні деп танылды. Шығыстың ортақ мерекесі ретінде мойындалған жыл басы тамыры бір, тарихы ортақ, тағдыры ұқсас түгел түркіні табыстырған береке-бірліктің құтты бастауына айналды.
Әз-мейрам биыл да жақсылықтармен басталды. Араға тоғыз жыл салып Астанада бас қосқан Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары шуақты мерекеге орай бірлескен мәлімдеме жасады. Онда: «Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналды. Осы шуақты да қастерлі мереке амандықты, бірлікті, бауырластық пен өзара қолдауды танытып, біздің елдерімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейді. Бұл – ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуымыз қажет. Осы мейрам қарсаңында бүкіл өңіріміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатымен өңірлік ынтымақтастыққа, өзара қолдауға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ниет білдіруіміздің зор символдық мәні бар» деп Наурыздың мән-маңызы айрықша атап өтілді.
Расында, күн мен түн теңелетін, тіршілік атаулы шаттыққа кенелетін Наурыз есте жоқ ықылым заманнан бері үзілмей жалғасып келе жатқан жаңа жылымыз, төл мерекеміз. Оның түркілік тамыры тым тереңде жатыр. Көне түріктер алғашқы адам көктем күні жаратылған деп сенген екен. Көктемнің түбірі көктің аспан және тәңірі сөздерімен синоним екені белгілі. Сондықтан жер мен суды кие тұтып, көкке тағзым етіп, тұрмысы тіршілікпен тығыз байланысқан, табиғатпен етене егіз өскен көшпелі ел жер-жаһан жаңарып, жаңғырған сәтті Ұлыстың ұлы күніне балаған сыңайлы. Бұл орайда киелі көшін жұлдыздарға қарап белгілеген бағзы бабалардың күн мен түннің теңелер күнін дәл болжап білгеніне таңғалудың реті жоқ.
Рауаяттар «Нұх пайғамбардың кемесінен қарайған жерге алғаш нәурізек ұшқан екен, сонда наурыз гүлі – бәйшешек гүлдеп тұрыпты» деп, наурызды топан сумен байланыстырады. Сондықтан қазақ «кеме қалған» деп кие тұтатын Қазығұртты күллі түркінің ат байлар қазық жұртқа теңеуі бекер емес. Ал Әбу Райхан әл-Бируни түрік жұртының наурызды «жаңа күн» деп тойлайтынын айтады.
Фазлуллах Рашид-ад-дин атақты «Жами ат-тауарих» атты жылнамалар жинағанда бұл күнді Ергенеқонмен байланыстырады. Байырғы заманнан жеткен аңызға жүгінсек, шапқыншылыққа түсіп, жұрты опат болған Ел ханның ұрпағы биік асулардан өтіп, жан-жағы қамал сияқты заңғар таулармен қоршалған сулы, нулы ғажап алқап табады. Еркенеқон деп атаған сол қоныста 400 жыл ғұмыр кешіп, өсіп-өнеді, көбейеді, мыңғырған малдары болады. Ақыры құздардың қуысына сыймаған олар Отанына жету үшін көрік басып, от қойып, темірмен тауды балқытып, жол тауып шатқалдан шығыпты. Көк бөрінің жол көрсетуімен жаңа қонысқа жеткен жауынгер жұрт Ұлыстың ұлы күнін тойлапты. Осылайша жаңа күн ретінде Наурызды тойлау кезінде түрк қағандары көрік басып, балға ұрып, төс соғатын жоралғы жақсы ырымға, игі дәстүрге айналыпты. Жылнама осылай баяндай келе бүй дейді: «Шыңғыс ханның шежіресі соларға (Дубан Баян мен Алан Қуаға) барып тіреледі. Осы себептен (адамдар) ол тау туралы және темірдің балқытылуы мен темір ұсталығы жайлы естен шығармайды. Шыңғыс хан әулетінде жаңа жыл басы боп есептелер түні көріктер, ошақтар мен көмірді дайындап, олар біраз темірді балқытады да, төске қойып балғамен ұрып создырып, сол арқылы шүкіршілік білдіреді». Әйгілі Әбілғазы бахадүр хан да «Түрік шежіресі» деген еңбегінде осы баянға ден қояды. «Аңыз түбі – ақиқат» деген.
Ғасырлар өтіп, түркі жұрты сан сынақта сансыраса да бұл салт санадан өшпепті, жадыдан көшпепті. Ұлттық код дегеніміз – міне, осы болса керек. Бүгінде қазақтар Ұлы дала төсіндегі Отпан тауға от жағады, Әзербайжанда жиылған жұрт алаудан аттайды, Анадолыда көрік басып, төске балға соғады. Мәңгілік ел мұратын жадыда жаңғыртатын осы дәстүрді біз де Наурызды тойлау барысында ескеріп, балғамен төс соғуды қайта жандандырсақ – Ұлыстың ұлы күні түрлене түсер еді. Осылайша бәйшешек пен нәурізектің, от пен көріктің, балға мен төстің әз-Наурыздың символына айналары сөзсіз.
Қадірлі оқырман!
Ел тарихының елеулі сәттерін тасқа басып, танымда зерделейтін «Егемен Қазақстан» газеті Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, өзінің ғасырлық тойының алдында Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен жаңа форматта қатталып, күнделікті 16 бет болып шыға бастады. Заманның талабы, оқырманның талғамына сәйкес газеттің мазмұндық сипаты да салмақтана түсті. Бұл – тарихи жаңа кезеңнің жарқын белесі. Оң өзгерістер орайын тапқан оңтайлы сәтте газет атауының латын әліпбиімен қайта жарыққа шығуы – ол рухани негізімізге қайта бет бұрудағы нақты нәтижелі істердің бірі деп есептейміз. Елбасымыздың ел газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткендей, латын әліпбиіне көшуіміз, қазақ тілінің болашағы үшін жасалған тарихи қадам.
Ендеше, құрметті оқырман, босағамыздан берекемізді арттырып аттаған ит жылы әрдайым игілікті істерге баспалдақ бола бергей!
Ұлыс оң болсын, жыл жақсылығымен келсін, ағайын!
Құрметпен,
Дархан Қыдырәлі