Негізінде тек нарықтық қатынастар арқылы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу мүмкін емес. Бұл арада мемлекеттен тиісті қолдау көрсетілуі қажет. Президенттің осы бес әлеуметтік бастамасынан халықты мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау ісі анық көрінеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы Қазақстанды Орталық Азия елдері арасындағы көшбасшы мемлекетке айналдырады. Өйткені онда заманауи әлеуметтік шараларды қолға алу, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру, экономиканы дамыту мақсатында бір мезгілде жаңа негіздерді қалыптастыру көзделген.
Қазіргі таңда көптеген елдер өз халқы санының өсуіне сай іс-қимылдар жасауда. Қазақстанда да алдағы 25 жылда халық саны 20 пайызға артады. Сондықтан Президент Н.Назарбаев өз бастамасы арқылы елдің әрбір тұрғынына баспана алуды қолжетімді етуді көздеп отыр. Бұл өз кезегінде бірнеше мәселелердің бір мезгілде оңтайлы шешілуіне мүмкіндік береді. Біріншіден, халықтың өмір сүру деңгейі артады. Екіншіден, құрылыс саласының экономикалық тұрғыда дамуына жол ашылады. Үшіншіден, электр энергиясын тиімді әрі үнемді тұтынатын, экологиялық таза, инфрақұрылымы жетілген үйлер пайда болады. Төртіншіден, жастарды қолжетімді, сапалы біліммен, жұмыспен қамтуға, халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстар қарқын алады.
Тәуелсіздігін жариялағалы бері Қазақстан өз экономикасын дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізді. Бұл орайда Қазақстан шағын және орта кәсіпкерліктің рөлін арттыруға барынша көңіл аударып келеді. Президент бастамасында айтылған микрокредиттеуді ұлғайту ісі осы бағыттағы жұмыстарға серпін беретіні сөзсіз. Бұл арада қолдағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, оқыту бағдарламалары арқылы шағын кәсіпкерлік саласындағы азаматтар мен жас кәсіпкерлерге қолдау білдіру маңызды.
Қазақстан Президентінің әлеуметтік бастамалары бойынша ел тұрғындары табысының айырмасын азайтуға, осы мәселедегі теңсіздікті төмендетуге қатысты нақты шаралар қолға алынбақ. Бұл орайда аз жалақы алатындарға салынатын салық жүктемесі 10 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетілетіні белгілі болып отыр. Бұл қоғамдағы теңсіздікке қарсы іс-әрекеттің нақты көрінісі болып табылады.
Сапалы білім беру ісі жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті арттыратын заманауи үдерістерде жетекші рөлге ие. Бұл мәселе Президенттің үшінші әлеуметтік бастамасында айтылған. Онда жоғары техникалық білім беруге назар аудару, студенттердің жағдайын жақсарту мәселелері атап көрсетілген.
Алдағы он жылда Қазақстанда жоғары білім алуға талпынатын жастар саны ұлғая түсіп, осы саладағы білім ошақтарына деген сұраныс артады. Сондықтан қазақстандық жастардың білім іздеп шетел асып кетпеуі үшін оларға өз елінде жағдай жасалуы қажет. Міне, Қазақстан Президенті өзінің бес бастамасында осы ықтимал түйткілдердің алдын алуға қатысты тиісті шараларды қазірден іске асыруды тапсырып отыр.
Н.Назарбаевтың қолжетімді әрі сапалы білім беруге байланысты бастамасы аймақ елдері арасында Қазақстанды білім беру саласында жетекші орынға шығарады.
Алдағы 25 жыл көлемінде Қазақстан халқының 70 пайызы қалалық жерлерге шоғырлануы мүмкін. Бұл өз кезегінде таза энергияға деген сұранысты ұлғайта түседі. Сондықтан да Қазақстан Президенті елдің оңтүстік өңірінен Астанаға дейін газ құбырын тарту қажеттігін өзінің бес әлеуметтік бастамасында атап көрсетті. Бұл – шынайы стратегиялық маңызды жоба. Аталған жоба іске асса, бұған дейін пайдаланып келген көмірді тұтыну тоқтатылып, экологиялық мәселелер шешімін табады, халықтың денсаулығы, өмір сүру деңгейі жақсарады.
Александр КВАСЬНЕВСКИЙ,
Польша Республикасының бұрынғы президенті