Бір ұртынан әзілі, бір ұртынан әні төгіліп, жүрген жерін той-туманға айналдырып өмір сүрген ұлы комеографтың талассыз талантының айғағы іспетті «Тақиялы періште» комедиясының түсірілу тарихы естіген адамның еріксіз езуін тартқызады. Таң атқаннан кеш батқанға дейін, тіпті түн қатып та табанын тоздырып келін іздеуден шаршамайтын Тана апа мен сойған түлкідей ыржиған, қызға ебі жоқ Тайлақтың бейнелерін Айманов аспаннан ала салмаған. Прототип әдебиетте ғана емес, кинода да болады екен. Тана да, Тайлақ та өмірде болған, нақты адамдардың киноға түскен көшірмесі десек, сенер ме едіңіз? Иә, дәл солай – отызға келгенше үйленбей жүріп алған кенже ұлын ойлап, ертелі-кеш уайым жейтін ана Шәкен ағамыздың бөтені емес, өзінен кейінгі інісі Кәукеннің қайыненесі болатын. Нақтырақ айтқанда, келіні, Қазақстанның халық әртісі Шабал Бейсекованың анасы Айнакүл мен туған бауыры Сакко болып шықты.
Қазынаның екі бөлмелі пәтерінің есігін қаққанымызда, Бихан апа екеуі қонақжай қожайындардың пейілін көрсетіп, төрге оздырғанымен, сөзге ұста болмаған соң сөйлегенді жөн көрмейтін сияқты ма, басына Тайлақ секілді оюлы тақия киген Сакко аға сөзден тартынып, жымиып тұра берді. Көз қиығымызбен ұрлана қарап қоямыз, тура фильмдегі Тайлақтың өзі. Сырт келбеті де, сөзге сараңдығы да талдықорғандық тракторшы Әбілғазы Райымбеков кескіндеген фильмдегі өз кейіпкерінің сойып-қаптап қойған көшірмесі. Тайлақ – Сакко Қаратаевтың жасы бүгінде 80-де, Алматыда тұрады. Мінезі біртоға, көп сөзі жоқ, тым салмақты әрі қарапайым адам көрінді. Есесіне, қырық жылдан аса мектепте мұғалім болып, зейнетте отырған Бихан апамыз еті тірі, сөзшең адам болып шықты.
– Ақмола облысының прокуроры болып тұрған әкесі 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталғанда, Сәкең әлі қырқынан шықпаған құндақтаулы бала екен. Сакко деген есім де оған бекер берілмеген. Сол жылдары тегі италиялық Николо Сакко мен Бартоломео Ванцетти деген солтүстікамерикалық жұмысшылардың сотын КСРО халқы қызу талқылап, зиялы әкелері екі ұлының біріне Ванцетти, біріне Сакко деп ат қояды. Қайынатам Талғар түрмесінде атылғаннан кейін жалғыз қалған жесірі Айнакүл жеті баласын жетектеп, Алматыны жағалап көшіп келеді. Төрт қыз, үш ұлды жанкештілікпен жүріп жеткізеді. Балалары өсіп, жоғары білім алып, қыздары тұрмыс құрып, ұлдары үйленіп, өмірден өз орнын таба бастайды. Ішінде жоғары білім ала алмағаны да, үйленбегені де анасының қолтығында өскен менің болашақ күйеуім болып шығады.
Әкесі атылып кеткен Сакконың бойында үрей қалады, кілең қыздың ішінде өскені бар, үйге ер адам кіріп келсе, қорқып бөлменің түкпіріне қарай қашады екен. Басқа бауырларындай емес, мінезінде өзгешелігі бар Сакконың бозбалалықтан өтіп, жігіттіктен де асып бара жатса да, қыздың бетіне қарап сөйлей алмайтын жасықтығы жасы келген анасының жанына батады. Жесірлігіне қарамай жеті бірдей баламен сонау Арқадан Жетісудың төріне келіп орнығып жүрген енем расында да шаршауды білмейтін ширақ, мінезді адам еді. Шаруаға аса қыры жоқ, босбелбеу болып өскен кенжетайының аяқтанбай жүргеніне алаңдаған анасы алыс-жақын, ағайын-жегжат деместен «пысық қызы бар» деген хабар құлағына тисе болды, жауып тұрған қар, соғып тұрған боранға қарамай, басындағы орамалын шарт байлап, келін іздеп көшеге шығуды әдет қылады. Тура кинодағыдай, деп бастады әңгімесін Бихан апа.
Бұл кезде Бихан апаның Алматыдағы ЖенПИ-дің физика-математика факультетін бітіріп, Алматы облысының Іле ауданындағы бір колхозда мектепте мұғалім болып жүрген кезі. Төбесіне түйген шашы тоқпақтай, жайса, жауырынын тұтас жауып, тобығына түсіп, жер сызады. Сиырды да сауады, майды шайқап, малды да жайғайды, несін айтасыз, әйел-еркектің жұмысы деп бөліп-жармай, бір үйдің шаруасын дегелең қаққызатын майлық пен сулыққа бірдей пысық қыз Айнакүл апаның арманындағы келіннің нақ өзі еді. Бірде қаладан қыдырып келген құрбысы Ғайша ертелі-кеш етегіне сүрініп келін іздейтін Айнакүл апа мен аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен Сакко туралы аузының суы құрып әңгімелеп, мұны әбден еліктіреді. «Қашанғы сиыр сауып, сүт пісіріп ауылда жүре бермексің? Қарашы өзің, қаланың жігіті. Үй десе үйі бар, қалалық тіркеуі анау, ағалары мен әпкелері шетінен мықты, қаланың кез келген мектебінен жұмыс тауып аласың, шалқып өмір сүресің».
Бір үйдің бірінші-екінші қабатында көрші болып тұратын Айнакүл апа мен Ғайша бір-бірінен сыр жасырмай, кей-кейде Саккоға қалыңдықты бірге іздейтін еді. Сөйтіп Ғайшадан Алматыдан жырақта, алыстағы бір ауылда сиыр сауып, трактор айдап, нан пісіретін Бихан туралы естігенде, екі көзі жарқ ете қалған Сакконың анасы мүлде естен танып, дегбірден айрылады. Дәл қазір келін ғып түсіретіндей: «Ойбай-ау, мынау менің келінім ғой, таныстыр мені тезірек құрбыңмен. Менің іздегенім тап осындай қыз емес пе?» деп көршісін алды-артына қаратпай, құрбысының тамырын басып байқауға ауылға жібереді. Анасы қайтыс болып, әкесі қайта төсек жаңғыртып, өзі де әр-сәрі болып жүрген Бихан ыңғайы келіп тұрған істі көп созбұйдаға салмай-ақ ықыласымен шешкенді жөн санайды. Сакко болса, құрылыста істейді. Өзі жөндеп қазақша да білмейді. Соның салдары ма, өзіне ылғи орыс қыздары үйір. Үлкен-кішімен жұмыс істеп үйреніп қалған мектептің өжеттеу мұғалімі танысқан соң сөзге тартып көрсе, құрылыста «сварщик» болып істейтін ұяң жігіт «батарея жасаймыз», «ванна қоямыз» дегеннен арыға аяғын баса қоймайды. Екі иығына екі кісі мінгендей, батыр тұлғалы нар жігіттің ұялшақтығы қызға алғашында қызық көрінді. Бірақ жолы жіңішке болғанымен, заты сұңғылалау болып жаратылатын қыз емес пе, анасының бауырынан шықпаған «баланың» момындығынан гөрі жанының ар жағынан жылтыраған адалдығын, жанарына ұялап тұрған тазалықты таныған Бихан бірер мәрте кездесіп, икемге келетінін байқаған соң, Сакконың сантехниктігіне қарамастан «ерім» деп мойындап, етегінен ұстайды...
Биханы шынында да күндіз қолыңа шам алып іздесең де, таптырмайтын тыңғылықты, бәрін білетін байыпты келін болып жолықты. Қартайып қалған енесінің қас-қабағына қарап, таң елең-алаңнан жылы төсегінен тұрып, жұмсақтап құймағын пісіріп, қаймақтап шайын беріп, елпең қағып күтіп, алдынан қия баспады. Сакконың әпкелерімен, ағаларымен, абысындарымен де тез тіл табысып, ойлағандары бір әулеттің абыройы мен амандығы болғандықтан, қылау түсірмей қалтқысыз қызмет етті. Ақжарқын, адал мінезімен үлкен-кішіге жағымды болды. Бағына қарай, шешесіне еркелегені болмаса, Сакко да ең алдымен отбасын ойлайтын, шаруақор шебердің өзі болып шықты. 95 жасап бақилық болған енесі жарықтық әулие екен. Сол жылдары таяғын тықылдатып, үй маңынан ұзай алмай қалса да, аулада ойнап жүрген кішкентай екі немересіне, Марғұлан (Марғұлан Сейсенбаев – Шабалдан кейінгі қызы Раушаннан туған бүгінде аты елге мәлім белді кәсіпкер) мен Әлияға: «сен, Марғұлан – совхоз директоры боласың, ал сен, Әлия, оқу министрі боласың» дейді екен. Марғұланның совхоз директоры емес, билікте біраз қызмет атқаратынын, ал оқу министрі болмаса да, кейуана кәрі көкірегімен Әлия Саккоқызының профессор болатынын сезген сияқты. Бүгінде Әлия Балапанова – саясаттану ғылымдарының докторы, профессор.
Осының бәрі Аймановтың көз алдында өтті. Дүние-дүрмек тамырындағы әр дірілді жүрегінен өткізетін режиссер өз-өзінен сұранып тұрған дайын оқиғаны фильмге айналдырмауға әддісі жоқ еді. Көркемдік жағынан байытып, жетілдіргені болмаса, Тана мен Тайлақтың болмысын еш қоспасыз, қаз-қалпында қалдырды.
1960 жылдары қазақ киносында музыкалық комедия жанры жетілмей, ақсап жатқандықтан, сол кемшіліктің орнын толтыру мақсатында режиссер осы бағытта жұмыс істегенді жөн көріп, музыкалық фильмнің көрерменге әсерінің күшті болатынын білгендіктен өзіне осындай мақсат белгілеген сияқты. Ш.Айманов мақсатын асқан шеберлікпен орындап шықты да. Әрине, замана ұраны – халықтар достығын көрсету идеясы да ұмыт қалмады. Фильм әр ұлттың ән-биімен көркемделіп, ерекше тартымды шықты. Мұнда халық әуендері де, классика да, джаз да, эстрада да, қысқасы, бәрі де де қамтылып, бір-бірімен әсем үндестік тапты. Актерлер көңілді, оқиға ойнақы, бір сөзбен айтқанда, мүлгіген қазақ киносы ұйқысынан оянып, бір серпілгендей болды. Осындай сазды, әуезді әндердің топтамасын жасаған «Тақиялы періштеде» айрықша бір ән бар. «Мама» деп аталады. Кейбір ән жинақтарында «Абзал ана», «Ана туралы ән» деп те аталады. Тайлақты қайтсем де үйлендіремін деп, басын тауға да, тасқа да соғып, табанынан тозып, қалыңдық іздеп жүрген анаға деген махаббат пен перзентінің пәк сезімі жүректің әрбір қылын шертеді. Ақ жаулығы желбіреп, балаларының ортасында марқайып отырса да, кенже ұлының сүрбойдақтығынан көңіліне қаяу түскен анасын құшақтап, осы әнімен жанына жылу сыйлағысы келген қызы – Бибігүл Төлегенованың бейнесі ерекше есте қалады.
Бірде Тайлақтың рөлінде ойнаған Әлімғазы Райымбеков: «Неге екенін білмеймін, Шәкен аға осы рөлге Бибігүлді түсіргенімен, әнді Бақыт Әшімоваға айтқызды» дегені бар еді. Әдемі әннің жетегінде отырып байқамайды екенбіз, шынында да, жіңішке бұлбұл үн емес, орындаушы дауысының зор, барқыт екені білінеді. Ажар жағынан ай мен күндей актрисалардан асып түспесе, кем түспейтін Төлегенова, ең алдымен көмейінен лағыл төгілген әнші еді ғой, «ана туралы әнді атағы дүрілдеп тұрған бұлбұлдың өзіне неге шырқатпады екен?» деген әуестік әркімнің көмейін бүлкілдетіп тұрады. Фильмнің композиторы Александр Зацепин о баста бұл әнді орыстың белгілі әншісі Майя Кристаллинскаяға арнап жазғаны белгілі. Ш.Айманов Майя орындаған «Мама» әнін фильмге пайдаланарда сол дауысты «қуалап», үні, айту мәнері өте ұқсас болған соң Бақыт Әшімованы таңдағаны байқалады.
«Тақиялы періште» фильмінің тағы бір ерекшелігі және режиссердің тапқырлығы – экраннан Әмина Өмірзақова, Бикен Римова сияқты кәсіби актерлер ғана емес, Әлімғазы Райымбеков, Шолпан Алтайбаева сынды кино өнерінен сыртқары жүрген жастар, белгілі суретші Әубәкір Смайылов, оның қатарында Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Виктор Пұсырманов, Раушан Байсейітова (Күләш Байсейітованың қызы), Мұрат Ахмадиев секілді жаңа таныла бастаған өнер жұлдыздары көрінеді. Олар салмақты рөлдер сомдамаса да, фильмнің салмағын арттыру үшін шағын эпизодтар арқылы шоқжұлдыздардың тізбегін арттыра отырып, режиссердің «осыларды көріп көрермен көзайым болса, әдемі жастардың өнерінен эстетикалық ләззат алса» деген мақсатына қалтқысыз қызмет еткен. Әттең, кинодағы мұндай үрдіс, тәрбиелік мәні зор дәстүр бүгінде жоққа тән. Бұл – Шәкенге ғана тән шеберлік.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ