Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен, Үржар ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен биылғы жылдың елшілік бас жарысында 39 бүркітші бақ сынады.
Арада апта өткенде құсбегілеріміз Жетісуда бас қосты. Алматы қаласының ипподромында «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қыран-2018» атты құсбегілердің республикалық турнирінде Қазақстанның 10 аймағынан келген 60-қа жуық бүркітші үш күн бойы өзара «кім мықтыны» анықтады.
«Қансонар-2018» турнирі Батыс Қазақстан облысында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Бұл өңірде алғаш өткізілген жарысқа Қазақстанның әр өңірінен – Атырау, Маңғыстау, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Көкшетау, Қарағанды облыстарынан, Астана мен Алматы қаласынан отыздан астам құсбегі қатысты. Бір қызығы, іргеде өтіп жатқан думаннан қалғысы келмей, Ресейдің көршілес Самара, Тольятти, Ульянов қалаларынан қаршыға мен ителгі баптап жүрген құсбегілер де жолға шыққан екен. Қызыл кітапқа енген құстарын шекарадан өткізбей, тек өздері келуге мәжбүр болған. Шетелдік қонақтар Оралдағы құсбегілер сайысының ұйымдастырылуына, ел-жұрттың ықыласына ерекше қызығушылық танытты.
Еліміздің батыс өңірінде бүркітшілеріміздің республикалық сайыстарын ұйымдастыру өткен жылы бастау алған-ды. Дәл осындай жарыстар былтыр Маңғыстау мен Атырау облысында өтті. Биылғы шара Батыс Қазақстан облысы басшылығының қолдауымен өтті. Мұны құсбегілік дәстүрдің еліміздің батыс өңірінде қайта жандануы деп айтуға болады. Қазіргі кезде республикамызда жетпістен астам құсбегі бар. Ата-бабамыздан мұра болған дәстүрлі өнер жыл өткен сайын жандана түсуде.
Қатарынан үш ірі бәсекені өткізген құсбегілеріміз өткен сенбіде Бурабай кентінде республикалық семинар-кеңес ұйымдастырды. Еліміздегі бүркітшілік өнерді дамытуға күш салып жүрген бірнеше облыстағы мамандар мен халықаралық құсбегілер өкілдері қатысқан бұл семинар-кеңесте бүркітшілер жарысының бұрынғы бекітілген ережесіне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен аталмыш жиынның өзегі бүркітшілер жарысын өткізу ережесіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу болған. Негізінде, бүркітшілер жарысын өткізу ережесіне толықтырулар енгізу көптен көтеріліп келеді. Осы мәселе туралы өткен жылы Алматы қаласында да үлкен жиын өткен. Биыл Бурабайда ұйымдастырылған аталмыш семинар-кеңесте сол бұрын айтылып келген көп мәселенің шешімі талқыға түсіп, түйіні қойылғандай болды. Жиынға әлемдік құсбегілер қауымдастығының Азия елдері бойынша жетекшісі Бақыт Қарнақбаев, Венгрия құсбегілер федерациясының өкілі Шандор Дороги, Алматы қаласындағы «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі Шынарбек Батырханов және оннан астам облыстан келген осы сала жаттықтырушылары қатысты. Көптеген жыл осы құсбегілік саласында тер төгіп келе жатқан ардагер бүркітшілердің, тәжірибелі мамандардың тарапынан ұсынылған ой-пікірлер ескеріле келе, Бүркітшілер ережесіне мынадай өзгерістер енгізу ұйғарылды.
Жарыс үстінде құсбегілер бұрын бүркітті қолға шақыруды тек жаяу орындап келген. Бұдан былай бүркітті қолға шақыру тек ат үстінде атқарылады.
Бүркітті қолға шақыру бұған дейін 200 метр болса, бұл қашықтық енді 500 метрге ұзартылды.
Бүркітті тірі аңға салу бойынша да өзгеріс бар. Бұдан былайғы жарыста бүркітті тек қоян мен түлкіге салады. Бүркітті қасқырға салу туралы бөлім алынып тасталды.
Дүниежүзілік құсбегілер өкілдері ұсынысымен бұдан былайғы уақытта жарыс «Бүркітшілер жарысы» емес «Құсбегілер жарысы» болып аталатын болды.
Төлеген ЖӘКІТАЙ,
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметкері