... ризашылығын жеткізеді
Жолдың облыстық маңызға ие болуын құптаймыз
Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа Жолдауында үлкен елдік мәселелермен қатар, ауылдардың тұрмыс-тіршілігіне арнайы тоқталып, әрдайым көңіл бөліп отыратыны бізді қуантады. Осы ретте маңызды құжат аясында өзім депутат болып сайланған Абыралы өңіріндегі әлеуметтік мәселелердің қалай шешім тауып жатқанына аз-кем тоқталып өтсем деймін. Бұл аймақтағы ең өзекті мәселенің бірі – «Семей-Қайнар» жолының жағдайы. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде осы жолдың мәселесін жыл сайын көтеріп, тиісті орындарға айтып келемін. Бұл жол республикалық маңызға ие, сондықтан қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Былтыр осы жолға 570 млн теңге қаржы бөлініп, Знаменка ауылынан әрі қарай 12 шақырым аумағы жөнделді. Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа республикалық бюджеттен тағы да қаржы бөлу жөнінде ұсыныс жасап, көмек көрсетуін сұрағанбыз. Мәселе оң шешімін тауып, биыл жолдың «Қайнар-Саржал» аралығындағы 38 шақырымын жөндеуге 900 млн теңге бөлінді. Облыс әкімі «Семей-Қайнар» жолын республикалық маңыздан облыстық маңызға ауыстыру жөнінде орталық ведомстволарға ұсыныс енгізді. Бұл мәселе оң шешімін тапса, аймақ басшысы облыстық бюджеттен қаржы бөліп, 26 жыл жөндеу көрмеген жолдың қалған бөлігін аяқтамақшы. Осының бәрі елге, жерге деген мемлекеттің қамқорлығы деп есептеймін.
Марат ҚҰРМАНБАЙ,
облыстық мәслихаттың депутаты
СЕМЕЙ
...сүйсініс білдіреді
Дәстүрлерімізді жаңғырта білейік
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған “Ат тергеудің астарында ұят бар” деген мақаланы оқып қуандым. Осыдан он жыл бұрын біраз отбасы Өзбекстанның Ташкент облысынан Павлодар облысы, Павлодар ауданының Ефремовка ауылына көшіп келдік.
Жалпы, Өзбекстан қазақтарында дәстүрлер жақсы сақталған. Келіндеріміз қай үйге барсын үлкен кісілер отыратын бөлменің төрін баспайды. Үлкендерге сәлем салып, тек күйеуінің туыстарын ғана емес, сол ауылдағы үлкендердің, қайын сіңлілерінің аттарын атамайды. Корейлердің киноларын көргенде келіндерінің қайын сіңлі, қайын ағасының аттарын атамай, дәстүрлерін сақтап келе жатқаны сүйсіндіреді.
Ал біздің киноларда керісінше дәстүрді аттап өтіп, жастарға кері тәрбие көрсетуде. Қазақ келіні ата-енесінің аттарын атап, қазақ қызының жігітті үйіне іздеп барып, келін бола салуы, оң жақта отырып аяғы ауырлап қалған қызға ешбір сөгеттігі жоқ, қалыпты жағдайдай қарауы бұл қазаққа жат қылықтар. Қазіргідей жаһандану заманында жастардың ұлттық тәрбиеден алшақтап бара жатқаны өкінішті.
«Қазақстан» телеарнасында сәлем салуды біраз дәріптегенде риза болдық. Келіннің үлкен кісіге «сәлеметсіз бе?» деп бақыраймай, иіліп сәлем салып ізет көрсетуі, қайынсіңлі, қайындарын «Еркем», «Төрем» деп еркелете атауы жүрекке жылылық құймай ма? Қазақтың әрбір дәстүрі құнды. Оларда әдептілікке, имандылыққа бастайтын тәрбие жатыр. Құнды дәстүрлерімізді тек жаңғырта білейік.
Мария ТӘҢГІРБАЕВА,
зейнеткер
Павлодар облысы
...дабыл қағады
Қауіп-қатер сейілмей тұр
«Егемен Қазақстан» газетінің осы жылғы 31 қаңтар күнгі санында жарияланған «Елорда айналасындағы ауылдар артта қалмайды» деген мақаланы оқып, көптен бері әкімдерге өткізе алмай жүрген бір тілегімізді газет арқылы тағы көтергіміз келді. Қосшы ауылы аумағынан Нұра өзені кесіп өтеді. Өзенге көпір салынғанда оның екі жақ ернеуі ашық қалдырылған, қауіпсіздік шаралары ескерілмеген. Соның салдарынан талай көлік суға құлап, талай адам ажал құшты. Балаларымыз жұмысқа кеткенде көпірден аман өтсе екен деп алаңдап отырамыз. Қыс мезгілінде жол тайғақ, өте қауіпті. Сондай үлкен өзенде көпірдің екі жағалауының қорғалмауы адамдарға қолдан апат әкелуде.
Қосшы ауылында бірқатар жақсы істер атқарылады деп жазыпты. Халыққа бірінші керегі қауіпсіздік. Сондықтан Целиноград ауданының әкіміне көше-жолдар жөнделмесе де, осы көпірдің екі ернеуін қауіпсіз етіп бекітіп берсе екен дейміз. Олай болмаса әлі талай көлік өзенге құлап, қауіп-қатер сейілмек емес.
Қосшы ауылының тұрғындары атынан
М.ШАМЕНҚЫЗЫ
Ақмола облысы
...үлгі етеді
Өнегелі білім сайысы
Маңғыстау ауданының Онды ауылында заманымыздың заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған дәстүрлі аудандық «Әбіш оқулары» білім сайысы өткен болатын. Шараға ауданның әр түкпірінен көптеген оқушылар қатысты. Әбіш Кекілбаевтың білім алған шаңырағында алғаш рет өткен сайыста ауыл әкімі Б.Балапанов: «Ауылымызда тұңғыш рет өтіп отырған шараның маңыздылығы біз үшін жоғары. Әбіш көзі тірі кезінде осы мектепке талай рет келіп, жастарға ақ батасын берген еді. Рухани жаңғыру арқылы жазушы шығармаларын насихаттау болашақ ұрпақ үшін ұлықты іс дегім келеді», деді.
Байқау бес бөлімнен тұрды. Олар: «Үй тапсырмасы», «Мәнерлеп оқу», «Сахналық қойылым», «Өлеңдеріне шолу», «Жас дарындар бөлімі», «Бейнелеу өнері». Аталмыш шарада Қызан, Онды, Ұштаған, Өтес, Жармыш ауылдарының жалынды жастары белсенділік танытып, жоғары дайындықпен келгендері айқын көрінді.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы
...мақтан тұтады
Айына 100 жиналмалы бесік жасап жүр
Ақтөбе қаласында тұратын І топ мүгедегі Тельман Мұқашев Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс алып отыр. Шеберхана айына 100 бесік жасайды. Екі жыл бұрын шеберхана ашқан ол ағаштан жиналмалы бесік, үстел, орындық жасайды. Қыз жасауына қажетті сандық та бар. Соңғы жылдары сәнге айналған ет табақты да қайың ағашынан ойып жасайды. Қажетті ағаштың бәрі арнайы тапсырыспен Башқұртстаннан әкелініп жатыр. Өзге өңірлердің тапсырыстары пошта арқылы жөнелтіледі.
Сүйікті ісін кәсіпке айналдырған Тельман Мұқашев жанына бірнеше адамды жұмысқа алған. Бар жауапкершілік ұлы Абылай Мұқашевқа жүктелген. Әкеден көргенін ойға түйіп, ағаш оюды меңгерген ұлы бизнесті дамытып отыр. Қазір жиналмалы бесікке сұраныс көп.
Аман БОЛСЫН
АҚТӨБЕ