Онда сенатор Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдап, Қарулы Күштерді және Қазақстан Республикасының басқа да әскери жасақтарын жабдықтаудың бірыңғай үрдісін даярлау керектігін атап өткен.
Заңнамалық тұрғыдан алғанда осы салада соңғы жылдары көп мәселе өз шешімін тапты. Соның ішінде әскери азық нормасының жалпы мөлшері белгіленді және келесі жылдан бастап жаңа қабылданған заңмен арнаулы баспаналық төлем тетіктері арқылы барлық әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтудың жаңа моделі енгізіледі. Алайда Ұлттық Ұлан, Шекаралық қызмет, Азаматтық қорғау қызметтері басқа мемлекеттік органдардың құрамында болғандықтан, Қарулы Күштердің қаржылық жүйесінен тыс қалып отыр. Сол себепті олардың сұраныстарына тұрақты түрде қаржының жетіспеуі туындап отыр. Осыған орай қоғамдық тәртіпті күшейту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, террорлық актілердің алдын алуды анықтау және болдырмау жұмысын тиімді дамыту мақсатында Үкіметке келесі шараларды іске асыру ұсынылған:
1. Бюджеттік кодекске Ұлттық Ұлан, Шекаралық қызмет, Азаматтық қорғау қызметтерін қаржыландырудың дербес шығын лимитін қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2. Қарулы Күштерді және Қазақстан Республикасының басқа әскери жасақтарын қаржыландыру мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 1 пайызынан кем болмауын заңнамалық деңгейде міндеттеу.
Осы сауалға Премьер-Министрдің атынан келген жауапта былай делінген:
1. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Шекара қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы, Ұлттық Ұлан және Азаматтық қорғау органдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволары болып табылады.
Бюджет кодексінің 31-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылады. Мемлекеттік органдардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бола алмайды. Сондықтан Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан және Азаматтық қорғау қызметтері үшін жеке шығыс лимитін айқындау Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалған барлық ұлттық қауіпсіздік түрлері арасындағы келісілген іс-қимыл қағидаттарын, сондай-ақ елде қалыптасқан ұлттық қауіпсіздік органдарының бірыңғай жүйесі мен ішкі істер органдары бірыңғай жүйесін бұзуға әкеліп соғады.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әскери доктринасының 47 және 76-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының әскери-экономикалық саладағы әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаты мемлекеттің әскери ұйымының қаржылық, материалдық-техникалық және басқа да ресурстарға қажеттіліктерін бейбіт және соғыс уақытында жұмыс істеу және одан әрі дамыту үшін жеткілікті көлемде қанағаттандыру болып табылады. Сонымен қатар әскери доктринаның ережелерін іске асыруға бөлінетін бюджет қаражаты шегінде, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары шеңберінде жүзеге асырылады. Осыған орай Қарулы Күштердің және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың шығыстарын жалпы ішкі өнімге байланыстыра отырып, заңнамалық түрде белгілеуді орынсыз деп есептейміз, себебі бюджет шығыстары бірқатар факторларға, оның ішінде мемлекеттің макроэкономикалық тұрақтылығына да байланысты болады» .
Алайда бұл жауапқа сенатор Н.Нұрсипатов және ол қызмет істейтін Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бір топ мүшелері қанағаттанбайтындықтарын айтып, осы айдың басында жаңа сауал жолдады. Онда былай делінген:
Сіздің жауабыңыз, өкінішке қарай, Комитет мүшелерін қанағаттандырған жоқ, себебі онда осы мәселелердің қазіргі уақыттағы жағдайы ғана атап өтілген.
Сіз Комитет мүшелерінің Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан және Азаматтық қорғау қызметтері үшін жеке шығыс лимитін айқындау туралы ұсынысы елде қалыптасқан ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесін бұзуға әкеліп соғады деп тұжырымдайсыз.
Сондай-ақ Қарулы Күштердің және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың шығыстарын жалпы ішкі өнімге байланыстыра отырып, заңнамалық түрде белгілеуді орынсыз деп есептейсіз. Дегенмен де бұл мәселелер өз шешімін табуы қажет. Осы сауалға жауап беруіңізді сұраймыз». Депутаттық сауалға сенатор Н.Нұрсипатовтан басқа комитет төрағасы Д.Назарбаева, мүшелері Д.Кәлетаев, С.Жақсыбеков және т.б. қол қойған.
Дайындаған Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»